«Реал» президенті Гарет Бэйлдің қытайлық клубқа ауысуын тоқтатты

«Реал» президенті Гарет Бэйлдің қытайлық клубқа ауысуын тоқтатты

«Цзяньсу Сунинге» ауыса қалар болса Бэйлдің Қытайда жалғыз тұруына тура келмек

2013 жылы ағылшындық «Тоттенхэмнен» 100 млн еуроға ауысып келген, корольдік клуб сапында жүріп әлемдегі таңдаулы ойыншыға айналған, маңызды матчтарда гол соққан, аса тегеурінді футболшы Гарет Бэйлдің қазіргі жағдайы өте жұмбақ қалпында тұр.

Рас, шабуылшы Мадридке келгелі бері жиі жарақат алды. Соңғы уақытта Зиданмен ара-қатынасы бұзылды. Нәтижесінде француз маманы Уэльс құрамасының ойыншысынан тезірек құтылуға асығуда. Бірақ мұның бәрі Гареттің мықты ойыншы екендігін жоққа шығармаса керек.

Футболшы Қытайға кетеді екен деген ақпар тарағалы біраз болған. Тіпті бүгін ол Бейжіңге ұшып келіп, «Цзянсу Сунин» клубымен үш жылдық келісімшартқа қол қоюы да тиіс болыпты. Алайда соңғы сәтте «Реал» президенті Флорентино Перес трансфер процесіне тосқауыл қойған. Ол кезінде 100 млн еуроға бағаланған ойыншының қытайлық ортаңқол клубқа 20-25 млн еуроға сатылуын қаламаған.


Негізі оның Қытайға қоныс аударуы – өзі үшін аса ыңғайлы нұсқа емес. Себебі, «Цзяньсу Сунинге» ауыса қалар болса Бэйлдің Қытайда жалғыз тұруына тура келмек. Отбасы мен үш баласы бірге көшіп келмейтін көрінеді. Олар тіпті Мадридті де тұрақты мекен қылмаған. Испан тілін үйренбеген. Қытай тамақтарын жемеген. Бірақ Бэйл аса жоғары жалақы үшін қандай құрбандыққа да баруға даяр-мыс.
 

Оның тіпті «Цзянсу Сунинге» ауысуы да таңғалдырады. Себебі, бұл клуб ел чемпионатында алтыншы орында келе жатыр. Сондықтан Азия Чемпиондар лигасынан да тыс қалады. Дәл бұл клубқа ауысу туралы нұсқа – миландық «Интерге» барудың қам-қарекеті боп қалуы да ғажап емес. Себебі, қытайлық клубты да, миландық клубты да Suning Commerce Group сауда желісі қаржыландырады. Бұл компания 30 жылдан бері нарықта тұрмыстық техникалар мен электроникалар сатылымымен айналысып келе жатыр.


Ал Бэйлдің «Реалмен» келісімшартының әлі бақандай 3 жылы бар. Жылына 17 млн еуро жалақы алады. Қытайда трансферлік терезе 31 шілдеде жабылады. Англияда 8 тамызда. Қазір Перестің ойыншыны енді қай клубқа ұсынатыны қызық болып тұр. Егер ешқандай клубпен трансфер жасалмаса ол «Реалда» қала береді. Бірақ Зиданмен ымыраласып негізгі құрамнан орын таба ма, әлде қосалқы құрамда отыра ма, оны да кесіп айту қиын.