Көгілдір отын – ел игілігі үшін

Көгілдір отын – ел игілігі үшін

Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалында «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті. Онда Жамбыл облысы бойынша елдімекендерді газдандырудың барысы туралы мәселе қаралды.

Жиынға облыстық мәслихат де­путаты Абай Нұржанов жетекшілік етті. Басқосуда облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, аймақтағы 377 ел­ді­мекеннің 181-і көгілдір отынмен қам­тылған. Ал өңірді газдандыру 48 па­йызды құраған. Дегенмен бүгінгі таңда осы табиғи газбен қамтылған елдіме­кен­дердегі халықтың 11 пайызы әлі күнге оның игілігін көре алмауда. Оған басты себеп – тұрғын үйлердің газ тора­бына қосылу құнының жоғары­лығы. Қазіргі таңда оның құнын арзандату жолдары қарастырылып жатыр екен. Бұл мақсатта «Жамбыл-жылу» және «Теміржол-жылу» кәсіпорындарынан мамандандырылған арнайы бөлім құрылып, лицензия алған олар тұрғын үйлерге газ тарту жұмыста­рын бастап та кетіпті. Мәселен, басқа кәсіп­орындар­дың жеке тұрғын үйді газ торабына қосу қызметі 140-150 мың теңгені құраса, жаңа ашылған мекемелер оны 85 мың теңгеден қосуда. Бұдан бөлек, өткен жылы Талас пен Сарысу аудандарында жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құ­райтын, ұзындығы 128,4 ша­қырымдық газ құбыры жүргізілсе, Т.Рыс­құлов ауданындағы «Арай» тұрғын алқабын газдандыру жұмысы екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Сонымен қатар Тараз қаласындағы газ тарату құбырларын жаңғырту жұмыстары аясында 68 ша­қырым жерасты газ құбыры ауыс­ты­рылып, 2 289 жеке шкафтық есеп­те­гіш пункт орнатылды және 5 757 тұ­тынушы жер асты құбырына қосылған. Өткен жы­лы дайындалған 11 жобалық-смета­лық құжаттамаға сәйкес облыстық бюд­жеттен 525 миллиард теңге бөлініп, газ­дан­дыруға Байзақ ауданы –21, Жам­был – 13, Жуалы – 15, Талас – 3, Сарысу – 14, Шу ауданында 18 ел­ді­мекен енген бо­латын. Биыл осы жобаға енген 7 ны­санның құрылыс жұ­мыстары басталып, оған 6,3 миллиард теңге бөлі­ніп отыр. Жыл соңына қарай газдан­ды­рылған елдімекен санын 190-ға жеткізу жос­парлануда.

– Бұған дейін ауыл ішіне газ та­ра­татын және үйдегі құралдарды газға қосу құны облыстың кейбір жерлерінде 475-570 мың теңгені құраған еді. Мұны реттеу үшін басқарма екі кәсіпорынға арнайы лицензия алып беріп, бағаны 300 мың теңгеге дейін төмендетіп отыр. Осының арқасында қазір облыс орта­лығының Шөлдала, Шалғай-Қарасу алқаптарында басқа мердігерлер біз белгілеген бағамен жұмыс істеуде. Жыл соңына дейін Тараз қаласында 2 тұрғын алқабы, Таласта – 5, Сарысуда – 4, Бай­зақ ауданында 5 елдімекен газдан­дырылмақ. Бұл жо­балар құ­рылыспен толық іске асқан кезде облыс­тағы газ­дан­дырылған елдімекен саны 274-ке же­тіп, үлесі 73 пайызға дейін кө­теріледі, – деді Құдайберген Қорғанбаев.

Комиссия отырысында елді­ме­кендерді газдандыру мәселесі жан-жақты қаралып, өзге де мәселелер көп­шіліктің талқылауына түсті. Жалпы, пар­тиялық бақылау комиссиясының жұ­мысы барысында бірқатар кем­шіліктің орын алғаны анықталып, оны түзету туралы ұсыныстар айтылып, қаулы қабылданды.

 

Жамбыл облысы