Елімізде қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету мақсатында жалпыұлттық «Халыққа көмек» жобасы құрылған болатын. Бүгінде жаңа бастаманы Nur Otan партиясы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асыруда.
Қостанай облысы Денисов ауданында «Халыққа көмек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында Nur Otan партиясының жергілікті филиалының қоғамдық қабылдауы жанынан «Заңгерлік кеңес беру орталығы» ашылды. Мұнда адвокаттар мен медиаторлар, нотариустар мен прокуратура қызметкерлері тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетеді. Сонымен қатар орталықта азаматтар өздерін толғандырған заңгерлік, құқықтық мәселелер бойынша көмек ала алады. Ал шалғай ауылдардың тұрғындары скайп немесе бейнебайланыс арқылы құқық қорғау саласының мамандарына тікелей сауал жолдайды.
Ауданда алғаш рет ашылып отырған орталық аудандық сот ғимаратында орналасқан. Жоба жетекшілері бұл жоба азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуде ыңғайлы әрі тиімді құрал болатынына сенімді.
– Орталықтың мақсаты – медиацияның артықшылықтарын түсіндіру, жергілікті тұрғындарды заңдағы енгізіліп жатқан өзгерістерден хабардар ету және даулы мәселелерді сотқа дейін шешу, – дейді Денисов аудандық сотының төрағасы Нұрбол Мұқанов.
Жобаның жетекшісі Nur Otan партиясы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемесованың сөзінше, бұған дейін жергілікті тұрғындар құзырлы орган, сот өкілдеріне қабылдауға жазылу үшін кезек күтіп келген. «Бұл бастама халықтың уақытын үнемдеп, жүйелі жұмыс жасауға септігін тигізеді» дейді ол.
– Жобаны Nur Otan партиясының Саяси менеджмент академиясында оқып жүргенде қолға алдым. Кейін оны сәтті қорғап шығып, облыстық сот төрағасына көрсетіп, қолдау таптық. Денисов ауданының сот төрағасы да игі бастамаға қолғабыс танытты, – дейді Айгүл Бектемесова.
Орталықтың ашылатынын естіген тұрғындар қабылдауға жазылып, судья мен прокуратура мамандарынан тұщымды жауап алды. Айта кету керек, бұл – Қостанай облысы бойынша ашылған тұңғыш орталық. Жоба жетекшілері алдағы уақыттта осы бастаманы өзге өңірлерде іске асыратынына сенімді.