Қарағандыда «7–20–25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй жәрмеңкесі өтті. Шара кезінде 13 құрылыс компаниясы мен «Баспана» ипотекалық ұйымының 8 серіктес банкі тұрғындарға ипотекалық несие алу жолдарын түсіндірді.
«Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше, аталған бағдарлама арқылы жаңа пәтерлерге 7 пайызбен – 20 жылға, ал екінші нарықтағы баспанаға 7,75 пайызбен 15 жылға несие беріледі. Тіпті жалақысы төмен азаматтардың өзі ипотека рәсімдей алады.
Жәрмеңкеге қатысқан қарағандылық тұрғын Жұлдызай Қарабекова 3 жылдан бері пәтер жалдап тұратынын айтты. Жас отбасы шараға жинаған азын-аулақ ақшасымен қалай баспанаға тезірек қол жеткізуге болатынын білу мақсатында келген.
– Табысымыздың басым бөлігі үй жалдауға кететіндіктен, баспанаға мардымды қаржы жинау қиын болып тұр. Сондықтан өз жағдайымызға қарай екі бөлмелі үй қарастырып жүрміз, – дейді ол.
Ал Eurazia Building ЖШС Қарағанды көппәтерлі тұрғын үй кешенінің директоры Дархан Сәдуақас Қарағандыда «7–20–25» бағдарламасымен барлық әлеуметтік топқа ыңғайлы пәтерлер салынатынын жеткізді. Оның айтуынша, бизнес санаттағы және қолжетімді бағадағы пәтерлер салу да жоспарда бар.
Жаңа пәтерлерді құрылыс компанияларынан тікелей алуға болады. Олар үйлерді салуды біткеннен кейін сатылымға шығарады. Бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған. Ал мұндай қолжетімді баспананың сапасын Nur Otan партиясының арнайы комиссиясы қадағалайтын болады.
Кездесу барысында Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова арнайы комиссия «7–20–25» бағдарламасының жүзеге асуын ғана емес, үйлердің сапасын да жіті қадағалайтынын атап өтті.
– Құрылысқа қандай материалдар қолданылды? Үй қалай салынып жатыр? Қажетті инфрақұрылымы бар ма? Осы сияқты талаптар бойынша тексеріп, қажет жағдайда өзгерістер мен ұсыныстар айтамыз. Мәселен, осы үйлердің бірінші қабатында егде жастағы адамдардың көңіл көтеру орталығы мен балабақша орналасса деген ұсыныс жасап отырмыз, – дейді Қадиша Базарбайқызы.
Айта кетейік, бүгінде Қарағанды қаласының болашақ орталығы оңтүстік шығыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осы жәрмеңкеде ипотекамен баспана алғысы келген 450 адам 4,5 млрд теңгеге тапсырыс берген.