Nur Otan партиясының «Құтты мекен» жобасы аясында елдімекендердегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына бақылау жүргізу шаралары жалғасуда.
Өткен аптада Nur Otan партиясы Махамбет аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы жанынан құрылған жұмысшы топ аудан орталығында салынып жатқан 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысының жұмысымен танысты. Өз кезегінде мердігер мекеме өкілдері жұмысшы топ тарапынан айтылған ескертулер мен ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
– Партияның кезекті XVIII съезінде Елбасы: «Nur Otan партиясы еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы керек. Осылайша, 7,5 млн ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мүмкіндігі туады. Ең алдымен, үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізуі керек», – деген болатын. Осы мақсатта еліміздің әр аймағында жобаны жүзеге асыру шаралары жалғасуда. Қазіргі таңда Атырау облысы Махамбет ауданындағы екі және үш бөлмелі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Тек автомобиль тұрағын ретке келтіру және футбол алаңына газон төсеу жұмыстары ғана қалды. Жақын арада тұрғындарға пәтер кілті табысталады, – деді «Гарант Строй 2008» ЖШС учаске басшысы Ерлан Тәжіғұлов.
Бүгінгі таңда аталған нысанда 35 адам еңбек етуде. Жоспарға сәйкес тұрғын үй тамыз айының аяғында қолданысқа беріледі.