Алматыда бір аптада 260 мың қаптама қызу түсіретін дәрі сатылған

Алматыда бір аптада 260 мың қаптама қызу түсіретін дәрі сатылған

З.Сәлімбаев шамадан тыс сұраныс дәрі тапшылығына әкеліп соққанын айтты. Мәселен, егер Алматыдағы фармацевттер өткен жылы маусым айында шамамен 50 мың қаптама парацетамол сатса, биыл өткен аптада 260 мың қаптама қызуды түсіретін дәрілер сатылды. Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен өндірушілермен, жеткізушілермен, дәріханалар желісімен және мамандандырылған қауымдастықпен меморандумға қол қойылды. «22 маусымнан бастап біз ірі жеткізушілермен, отандық өндірушілермен, дистрибьюторлармен, дәріханалар желісімен және фармацевтикалық компаниялармен белсенді жұмыс жасаудамыз. Олар келісімге қол қойды, онда ірі жеткізушілер, ресми дистрибьюторлар Алматы қаласындағы 105 дәріханаға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жеткізетін болады», - деп түсіндірді З.Сәлімбаев. Жағдай Алматы әкімінің үнемі қадағалауында. Фармацевтикалық нарық қатысушылары дәрі-дәрмектер қоры туралы және әкімдік шешуге көмектесіп жатқан қиындықтар туралы жедел түрде хабарлап отыруда. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілер жойылып, біздің нарыққа бұрын кірмеген импортталған дәрілерді жедел сертификаттау шешілуде. З. Сәлімбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қалалық дәріханаларға 475 мың маңызды дәрі-дәрмек алынды. Оның ішінде парацетамол, аспирин, ингавирин, азитромицин және кардиомагнил бар. «Шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам дәрі-дәрмек жеткізіледі. Оның ішінде 2,2 миллион қаптама парацетамол, 391 мың аспирин, 160 мың ибупрофен, 60 мың ингавирин, 99 мың азитромицин және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер. Үш рейс жеткізіледі деп күтілуде - бүгін ұшақ Ресейден, 12 және 15 шілдеде Үндістаннан келеді», - деп толықтырды З.Сәлімбаев. Осылайша, дәрі-дәрмек нарығындағы жағдай толығымен тұрақтандырылады.