Ел экономикасын дамытудың кілті – жастарды жаппай жұмыспен қамту, сол арқылы елдің әлеуметтік тұрмысын жақсарту. Қазір білім алам, кәсіппен айналысам деген адамға жол ашық. Елбасы жастармен кездескенде жұмыссыз жүрген жастарды оңай ақшаның соңынан қумай, адал еңбекпен нан табуға шақырған еді. «Мен жұмыс таппай, әркімнің табалдырығын тоздырғаннан кейін оңай ақшаның соңынан кететін жастарға әрдайым айтып келемін. Мұндайды көру аянышты, себебі, істейтін адамға жұмыс бар. Бала бақсаң да, үй тазаласаң да, ас дайындасаң да, әйтеуір еңбек етуге болады. Бірақ өзіңді-өзің ешқашан сатпауың керек», – деген болатын. Осындай «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?» деп еңбек етіп жүрген азаматтың бірі – Дәурен Раманқұл. Елде тігін фабрикасына қажетті құрал-жабдық тұрмақ, етікші тапшы кезде аяқкиім тігуді қолға алған кәсіпкер қазір жұрттың алғысына бөленгеніне дән риза.
– Қазір кәсіп ашатын азаматтарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар көп. Төмен пайызбен несие беру, салықтық жеңілдіктер, отандық өнімді жүйелі сатудың да тиімді әдістері бар. Мемлекетке алақан жаймай кәсіп ашу оңай ма?
– Кез келген кәсіпті ашу – оңай шаруа емес. Оның үстіне шикізат пен маман тапшы болса, екі есе қиын. Соған қарамастан, аяқкиім тігуді қолға алдым. Қазір көп қиындық артта қалды. Ең алғаш кәсібімді 2016 жылы шағын бөлмедегі шеберхананы жалға алып бастадым. Әуел баста екі тігін машинкасы, екі шебер болды. Тігін машинкаларын Ресейден сатып алдым. Пәкістаннан технолог шақырдым. Бастапқыда кездескен қиындыққа мойымағандықтан, мақсатыма жеттім. Аяқкиім тігуді кәсіп еткелі 3 жылда адам саны он есе өсті. Біз тігетін аяқкиімнің де саны артты. 2016 жылы 1 айда 100 жұп аяқкиім тігетін едік, қазір 1000 жұп аяқкиім шығарамыз. Аяқкиімді таза былғарыдан тігеміз. Аяқкиім тігетін сапалы өңделген теріні амал жоқтықтан Түркиядан тасимыз. Себебі, Қазақстанда сапалы өңделген тері тапшы әрі бағасы өте қымбат.
– Шикізатты шетелден әкелсеңіз, өнімдеріңіздің бағасын қарапайым елдің қалтасы көтере ме?
– Отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытудың бір тетігі – тері өңдеуді жүйелі түрде жолға қою. Бұл мәселе оң шешімін тапса, аяқкиім өндірісі де дамиды. Халық та сапалы аяқкиім киеді. Аяқкиім тігу үшін ең бірінші шикізат керек. Көбінесе, күнделікті киюге ыңғайлы аяқкиімдер тігеміз. Біздің аяқкиімдердің орташа бағасы – 15-20 мың теңге. Алматыда екі дүкеніміз бар. Интернет арқылы көбірек сатамыз. Көбіне классикалық стильдегі туфлилер тігеміз. Мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, банк саласының мамандары тұрақты сатып алып жатады. Біздің өнімдерді орташа жалақы алатын азаматтар киеді. Отандық өнімді қолдап сатып алатын шенеуніктер мен патриот кәсіпкер азаматтар да жетерлік. Тұрақты тұтынушылардың алғысын алғанға қуанамын.
– Үш жыл бұрын аяқкиім тігетін шебер тапшы дедіңіз. Қазір ше?
– Біздің салада маман жетпейді. Бүгінде елімізде етікші тапшы. Жиһаз, киім фабрикаларында жұмыс істеп жүрген тігіншілерді шақырып оқытамыз, үйретеміз. Аяқкиім тігуге икемі бар адамдарды алып қаламыз. Орта арнаулы оқу орындары, колледждер етік тігетін шеберлер дайындамайды. Әсіресе, жоғары оқу орындары жеңіл өнеркәсіптің ішінде тігін фабрикаларына, киім-кешек өндірісінің мамандарын көптеп даярлап шығарса екен. Аяқкиім тігудің қыр-сырын білетін технологтарды қазір оқытпайды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін тігіншілерді қайта даярлап, етікші етіп шығарамыз. Қарамағымда 25 адам жұмыс істейді.
– Соңғы жылдары күнделікті тұтынатын қарапайым заттар өндірісіне көңіл бөлініп жатыр. Сапалы аяқкиіммен қамтамасыз етуге қалай қол жеткізуге болады?
– Аяқкиім тігу – өнер. Сапалы, ыңғайлы, бағасы қолжетімді болса ғана ел сатып алады. Сапасымен қатар сәні де келісіп тұруы қажет. Аяқкиім өндірісін дамыту үшін ең бірінші сапалы шикізат пен білімді, ізденімпаз кадр керек. Сол кезде ғана мәселе оңтайлы шешімін табады. Тауар өндірісінде әлемге танылудың басы өз еліңді аяқкиіммен қамтамасыз етуден басталады. Сол кезде ғана күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттар импортының үлесін азайта аламыз. Міндетті түрде әлемге танылған бренд болмаса да, өз халқыңды аяқкиіммен қамтамасыз етсең, соның өзі – зор еңбек. Дүниежүзіне танылған брендтердің өзін бастапқы 10-15 жылда өз елінде де көпшілігі біле бермейтін болған. Бүгінгі таңда интернеттің мүмкіндігін тиімді пайлалансақ, пайдасы көп. Біздің елге келген туристердің арасында «Қазақстанда тігілген сапалы аяқкиім» деп дүкенге арнайы іздеп келушілер бар. Киім-кешек, тұрмыстық тауарларды өзімізде өндіруді жаппай қолға алсақ, ұтарымыз көп. Жұмыссыздық азаяды. Халықтың тұрмысы түзеледі. Өндірушілер арасында бәсеке қалыптасады.
– Бүгінде аяқкиімнің түрі көп. Талғампаз тұтынушыларға таңдау жасауға мүмкіндік бар. Халық сапа мен бағаның қайсысына көбірек мән береді?
– «Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңдағы етігің тар болса» дегендей, қазір халықтың қаржылық жағдайы қиын. Фабриканы ашқандағы мақсатымыз – қарапайым елдің қаржысы жететін тиімді бағада сапалы аяқкиім ұсыну. Біздің тұтынушыларымыз қолжетімді бағаға таза теріден тігілген, сапалы аяқкиім алғанына риза. Жыл өткен сайын тұрақты тұтынушылардың қатары көбейіп келе жатқанына қуанамын. Сондықтан оларға сапалы, сәнді, бағасы қолжетімді аяқкиім ұсынамыз. Қара базардағы шетелден әкелінетін арзан аяқкиімдер жасанды тері мен синтетикалық талшықтардан жасалады. Сапасына ешкім кепілдік бермейді. Бір маусымнан артық киюге жарамайды. Бағасы арзан аяқкиімнің денсаулыққа да зияны көп екенін халық жақсы біледі.
– Тұтынушылардың өтініш-ұсынысына қаншалықты мән бересіз?
– Қазіргі кезде аяқкиім таңдауға мүмкіндік көп. Тұтынушы өзі қалағанын алады. Біз де халықтың сұранысына қарай жыл сайын аяқкиімдердің моделін түрлендіріп отырамыз. Тапсырыс жиі түсетін туфлилерді жыл бойы тұрақты тігеміз. Оған қосымша халықтың талғамына, сұранысына қарай, сән әлемінің көшінен қалмай жаңа модельдер шығарамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ