ІІМ Павлодар қалалық оқу орталығында Криминалистика және арнайы техника циклі апталығының аясында Жастар жылына арналған «Жаңашыл жастар – ел болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға уәкілетті органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері, Павлодар қаласының «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері қатысты.
Дөңгелек үстелдің ашылуында оқу бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Алмагүл Каримова құттықтау сөз сөйледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны бәрімізге белгілі. Жастар жылында қазақстандық жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын. Бүгінде мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып, бірыңғай іс-шаралар жоспары әзірленіп, толық бекітілді. Бұл жастар саясаты мемлекеттік назардың басым назарында тұрғанын көрсетеді. Елбасы Жастар жылының ашылуында атап өткендей, жастарды баспанамен қамту, ерікті жастарды қолдау, жастарды кәсіпкерлікке баулу мәселелері басты назарда болады. Жастарға қолдау көрсетіліп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайтын ашық диалог форматындағы кездесулер жыл бойы жалғасады, – деді Алмагүл Амангелдіқызы.
Дөңгелек үстел барысында жастардың барлық санатын қолдау мақсатында атқарылатын жұмыстар талқыланып, ұсыныстар тыңдалды. Отырыста Nur Otan партиясы Павлодар қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бөлімше басшысының міндетін атқарушы А.Шәріп, Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жастар одағы Үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыстық маслихаттың депутаты Р.Смаилов, Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» ҚММ бөлім жетекшісі Б.Жансейтов сөз сөйлеп, жаңашыл жастардың игі бастамаларына қолдау білдірді. Сондай-ақ Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі жастар саясаты секторының меңгерушісі О.Жакин, Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының Жастар бастамаларын дамыту орталығының бөлім инспекторы А.Катеев те Жастар жылына арналған жаңа жобалар мен осы күнге дейін жастарға бағытталып жасалған шараларға жеке-жеке тоқталды.
Жиынды қорытындылаған Криминалистика және арнайы техника циклінің бастығы, полиция подполковнигі Н.Ашықбаев кеңеске қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта сенімді ынтымақстастық пен толағай табыс тіледі.