Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдау мақсатында қалаға қарасты барлық елдімекендерде жеке қабылдау өткізді.
Бұл жолғы қабылдау арнайы кестеге сәйкес Сырдария аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылды. Оған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасарымен қатар облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов және облыстық партия филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімов, сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы, аудандық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, Тереңөзек кентінің әкімі қатысты.
Орталыққа келген 10 азамат жұмыссыздық, әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау саласына байланысты мәселелер бойынша мамандар кеңесіне жүгініп, көкейіндегі сұрақтарына жауап алып, өздерінің де ұсыныс-тілегін жеткізді.
Мәселен, Жанат есімді азаматша бес баламен жалдамалы пәтерде тұратынын айтып, көмек сұрады. Ол өз кезегінде баспана мәселесі бойынша қандай да бір жеңілдік көрсетілсе деген өтінішін білдіріп, күйеуінің де жұмыссыз екенін тілге тиек етті.
Қабылдау барысында аудандық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жұмабек Ембергенов көпбалалы ананың өтінішін аяқсыз қалдырмай баспана мәселесі бойынша бұл іске жауапты мамандар түрлі жеңілдіктерді қарастыратынын айтып, бірінші кезекте жұмыспен қамтуға уәде етті.
Ал Тереңөзек кентінің тұрғыны 4 баланың анасы Нәзира Жақсылықова күйеуінің жұмыссыз, екінші баласының мүгедек екенін және арнаулы әлеуметтік көмек алмай жүргенін айтып шағымданды. Назираның өтініші де жерде қалмады. Партия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов оның күйеуін 60 мың теңге айлық жалқысы бар жұмысқа орналастыратын болды. Сондай-ақ баспанасын жөндеуге қаржылай көмек сұрап келген Күлістан Яссауиге қаржылай көмек көрсетті.
Тұрғындармен кездесуден соң, облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова барлық мәселелердің жауапсыз қалмайтынын, әр жұмыс өзінің тікелей бақылауында болатынын жеткізді.