Nur Otan партиясы Рудный қалалық филиалының бастамасымен Денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап облыстық спорт фестивалін ұйымдастырды. Сайысқа 80-нен астам үміткер қатысып, бақ сынады.
Орал қаласынан келген Азон Шаймарданов параволейбол спортымен айналысып жүргеніне біршама жыл болыпты. Спортшы тағдыр тәлкегіне еш мойымай, өзінің спорттық әлеуетін дамыта түскен. Бүгінде ол параолимпиадалық ойындарда, түрлі байрақты бәсекелерде үздіктер қатарынан көрініп жүр.
– Мен өз командаммен Қазақстан параволейболында 11 рет чемпион атандым. Азия чемпионатының күміс жүлдегерімін. Келешекте бұл көрсеткішімді жақсартқым келеді. Сол үшін жаттығу алаңдарына жиі барып, спорттық бабымды жоғалтпауға тырысып жүрмін. Рудный шаһарында параспортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан жаттығу залына келетін спортшылардың саны көп. Бір сөзбен айтқанда бізде бәсекелестік жоғары, – дейді Азон Шаймарданов.
Спорттық шарада жарысқа қатысушылар спорттың бірнеше түрінен сынға түсті. Сайыскерлердің бұл додаға дайындығы жарыс кезінде анық байқалды. Тартысқа толы әр ойын көрерменге ерекше әсер сыйлады. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары аймақта мүмкіндігі шектеулі жандар спортқа мықтап ден қоя бастаған.
– Фестивальдің мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау. Бұған дейін облыстық жарыс ұйымдастырған едік. Оған 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан қатысты. Облыстық фестивальді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді мақсат етіп отырмыз, – дейді жарыс ұйымтастырушысы, Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамының төрағасы Санаш Есжанов.
Фестивальдің қорытындысы бойынша, әр спорт түрінен үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғысхаттар, медаль және естелік сыйлықтар табысталды. Жалпыкомандалық есепте жітіқаралықтар ұжымы бас жүлдеге ие болды.