ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 тамызда білім беру гранттарына ие болған оқуға түсушілердің аты-жөндері белгілі болады.
Конкурс нәтижесін Ұлттық тестілеу орталығы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» сайттарында және «Байқаудың нәтижесін біл (Узнай результаты конкурса)» телеграм-ботта көруге болады.
«Гранттарды үлестіру үрдісі толығымен автоматтандырылған және ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады, нәтижесінде адами фактор толықтай жойылған. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары қауымдастығы, ректорлар кеңесі, бұқаралық ақпарат құралдары, «Жас Отан» жастар қанаты, Студенттер альянсы, үкіметтік емес ұйымдар, «ADAL BILIM» жобалық кеңсесінің өкілдерінен құралған республикалық комиссия барлық процестерді бақылады» делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап гранттар білім беру топтары бойынша тағайындалады. Яғни әр талапкер оқуға түсер кезде нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Сонымен қатар, үш жылдан бері «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері, жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалар жеңімпаздары, жалпы білім беру пәндерінен халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары тек ҰБТ балдары тең болған жағдайда ғана артықшылық құқыққа ие болады. Басқа жағдайда барлығымен тең дәрежеде гранттық конкурсқа түседі. Еске сала кетсек, 2019 жылдан бастап білім беру гранттары маусым айында өткізілетін ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес конкурстық негізде берілетін болады.
«ҚазАқпарат»