Грант алып, қуанып...

Грант алып, қуанып...

Кеше мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі брифинг өткізіп, вице-министр Фатима Жақыпова республикалық конкурс қорытындысымен бөлісті.

Министрлік дерегінше, биыл мемлекет 53 785 грант бөл­­ген. Республикалық кон­курс­қа 64 452 түлек қатысқан. Бір грантқа 1,29 адам таласқан. Вице-министр алдыңғы жыл­дар­­мен салыстырғанда грант үшін бәсекенің төмендеуін мем­­лекет тарапынан берілетін жо­­ғары білім алуға деген мүм­кін­­діктердің кеңеюімен түсін­дір­ді.

– Биыл грант иегерлерінің тізі­мі жылдағы уақытынан бес күн ерте жарияланды. Үмітін үкілеп, осы күнді асыға күткен мың­­даған түлекті ойлап, рес­пуб­ликалық конкурстық ко­мис­­сия жедел жұмыс істеді, – де­ді Ф.Жақыпова.

Гранттардың 45 пайызы ин­женерлік, құрылыс және IT ма­­мандықтарына бөлінген. Педа­гогикалық мамандық­тар­дың еншісіне 8 мыңнан астам грант тиген. Биыл респуб­ли­ка­лық конкурсқа 5 800-ден астам «Алтын белгі» иегері қатысып, олардың ішінде 4 600 түлек грант иеленген. Ең жоғары балл жалпы медицина, стоматология, фармация, шет тілі, инженер, саясаттану, IT мамандықтарында тіркелген.

Грантқа ілінбеген түлектер үшін министрліктің жақсы жаңа­лығы да бар. Арнаулы үкі­мет қаулысымен мемлекет ба­сым бағыттар бойынша тағы 3 мың­нан астам грант бөлуді жос­парлап отыр. Жаңа грант­тар­мен толығатын басым бағыт­тар­ға инженерлік, педаго­гика­лық және жаратылыстану са­лалары кіреді. Жақыпова грант­ты үлестіруде түлектің ем­ти­хан­да жинаған балынан бөлек, кө­п­балалы отбасының бала­лары­на да бірінші кезекте назар аударылатынын айтты.

Гранттардың 45 пайызы ин­женерлік, құрылыс және IT ма­­мандықтарына бөлінген. Педа­гогикалық мамандық­тар­дың еншісіне 8 мыңнан астам грант тиген. Биыл респуб­ли­ка­лық конкурсқа 5 800-ден астам «Алтын белгі» иегері қатысып, олардың ішінде 4 600 түлек грант иеленген.

Вице-министрдің сөзінше, грант­тарды бөлу кезінде «ап­пеляция» деген ұғым жоқ. Бірақ республикалық конкурсқа қатысып, грант ала алмай қал­ған азаматтар Ұлттық тестілеу ор­талығына, Білім және ғылым министрлігіне арыз жаза алады. Вице-министр әр жағдайды жеке қарап, грант үлестіру ме­ха­низмін түсіндіруге уәде берді. Ми­нистрлік өкілі гранттарды бөлу­ге адам факторы қатыспай­ты­нын, жүйе толықтай компью­тер жұмысына негізделгенін атап өтті.

Жыл сайын жергілікті әкім­дік­тер де қосымша гранттар бө­леді. Былтыр өңірлердің ат­қарушы органдары 3 мың грант берген. Жақыпованың айтуын­ша, биыл гранттар саны был­тыр­ғымен бірдей немесе одан көп мөлшерде бөлінуі мүмкін.

Фатима Жақыпова балалары соңғы сыныптарда оқитын ата-аналарға мемлекет ерекше ба­сым­дық беріп отырған ма­ман­дықтар тізімін шолып шығып, жауапты кезеңге алдын ала дайын­далуға кеңес берді.


Кәусар АХМЕТ