Nur Otan партиясы агросалада іске асып жатқан жобаларды тұрақты қадағалайды. Қызылордада өткен кеңесте «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссия мүшелері осы мәселелерді жан-жақты талқылады.
Агроөнеркәсіп саласында халықты жұмыспен қамту және жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуы, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану қалай жүріп жатқанын талқылады.
Комиссия отырысына Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, облыстық маслихаттағы партияның депутаттық фракция мүшелері, басқарма басшылары, сала ардагерлері мен кәсіподақ төрағалары қатысты.
Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 2019 жылы 10 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Биылғы 1 шілдеге дейін 5 645 (54,8%) жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың 5 556-сы – тұрақты орын. Осыған орай, облыс халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, 32 069 жұмыссыз бен өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды жұмысқа орналастыру көзделген.
Жиын барысында хабарлама жасаған Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, 1 шілдеде азаматтардың 42 пайызы жұмыспен қамтылған. Ал жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуына тоқталар болсақ, бұл салаға қатысты облыста әлеуметтік-еңбек даулары болмады. Керісінше, жеке кәсіпкерлік субъектілері және мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жасалған тексерулер нәтижесінде, биылғы жылдың 6 айында 262 заңбұзушылық анықталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 заңбұзушылыққа жоғары. Еңбек қатынастарындағы заңбұзушылықтарға жеке кәсіпкерлік субъектілері жиі жол беруде, – дейді облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев.
– Заңбұзушылықтардың басым бөлігі жұмыскерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу, жалақы төлеуді кідірту, еңбек демалысының пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемеу, еңбек шартының еңбек заңнамасына сәйкес келмеуі, жұмыстан заңсыз шеттету.
Шынтуайтында, жергілікті халықтың басым бөлігінің күнкөрісі тікелей ауыл шаруашылығы өндірісіне қатысты болғандықтан, мамандар егістікті суаруда күрмеуі шешілмеген мәселелер көп екенін айтты. Жыл сайын жаңа әдіс-тәсілдерді қолданысқа енгізу – қажеттілік. Бұл ретте, келешекте облыста су қоймаларын салу, сондай-ақ суды үнемдеп пайдалануға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру да жоспарланған. Яғни, ирригациялық және дренаждық желілерді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суармалы суды 30%-ға дейін үнемдеуді көздеп отыр. Сонымен қатар жерасты көздерін пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, коллекторлық суларды қайта пайдалану есебінен суармалы жерлерді 95 мың гектарға көбейтіп, 300 мыңға жеткізуді қолға алмақ. Нәтижесінде, аграрлық сектордағы өндіріс көлемін 79 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу да көзделген. Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану егіншілік саласындағы аса маңызды шаралардың бірі болғандықтан, сала мамандары ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысқанда шаруашылық құрылымдары Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының нұсқамаларын бірінші кезекте басшылыққа алуы тиіс.
Отырыста саланы жетілдіру, жұмысшылардың еңбек заңдылықтарын сақтау бағытында көптеген ұсыныс ортаға салынып, маңызды шешімдер қабылданды. Жиынды филиал төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова қорытындылап, Nur Otan партиясы бұл жұмыстардың бастамашысы да, бақылаушысы да болатынын тілге тиек етті.