Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Шу аудандық филиалының қызметкерлері №5, 19 өрт сөндіру бөлімінде жиын өткізді.
Кеңеске қатысушылар соңғы жылдары елімізде әлеуметтік шиеленістің көбеюіне себепкер діни экстремистік әрекеттерге азаматтарды еліктіру жағдайы жиілеп кеткенін талқылады. Партияның Шу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаев қазір көптеген ата-ана балаларының мешітке барғанын мақтан еткенімен, олардың қай бағытта жүргеніне назар аудара бермейтінін айтты.
– Иә, теріс ағымда жүрген жастармен етене жұмыс жүргізуі керек. Жастар – ел тірегі. Шыбықты бүгін түземесек, ертең қисық болып өсетіні тағы бар. Оларға дұрыс бағыт, жөн сілтеу басты міндетіміз, – деді Найман Сұлтанбаев.
Ал Шу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Кариев жиналысқа қатысушы жеке құрамға соңғы жылдары республикада әлеуметтік шиеленістің өсуіне себепкер болатын діни экстремистік әрекеттердің көбеюі туралы айтып өтті. Бұдан соң Шу ауданы бойынша ақпарат түсіндіру тобының өкілі Бақыт Нұрлыханов Қазақстанда терроризм және экстремизм проблемалары туралы, әсіресе, халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және олардың қандай қауіп тудыратынын тілге тиек етті. Аудандық орталық мешіт имамының орынбасары Нұрлан Қалиев азаматтарды жат ағымға үндеу жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Келеңсіздікке жол бермеу үшін Шу ауданы Төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері де халық арасында насихат жұмыстарын түсіндіруге белсене атсалыспақ. Жалпы, мұндай жиын алдағы уақытта барлық мекемелерде өтеді. Жастармен жүздесуде олардың ой-пікірі, ұсыныс, талап-тілегі ескеріледі.
Жамбыл облысы