Сән индустриясы үнемі түрленіп тұрады. Трендке ілесемін деп кәсіпкерлер де бизнесінің бағытын басқа арнаға бұруға даяр. Соңғы кездері мұсылмандарға арналған киімдер, аксессуарларға сұраныс жоғары. Бір қызығы, жабық әрі ұзын көйлек киюге діні бөлек болса да, біраз сәнқой қыздар құмар. Әйелге тән нәзіктік сыйлайды деседі. Мұсылмандарға арналған киімдерді заманауи үлгіде ұсынуды бастаған жас кәсіпкер Исмаил Құланның бұл жобаны қолға алғанына көп бола қоймады. Әзірге сатылымда футболка, эко-сөмке, баскиімдер бар.
«Харамнан аулақ қыл, халалды бізге жеткілікті ет. Әрі өз кеңшілігіңмен өзіңнен басқа өзгеге мұқтаж ете көрме!». Бұл – Исмаилдың күнделікті қайталап айтатын дұғасы. Жаңа күнін осылай бастайтын кәсіпкер Өзбекстан Республикасы Ташкент облысында дүниеге келген. Он жасында отбасымен Түркістанға қоныс аударады. Жасы – 24-те. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетін ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша тәмамдаған.
«Негізі бұл – кәсіпкерлік саладағы алғашқы тәжірибем емес. Осыған дейін бірнеше жобаны жүзеге асырғанбыз. Мамандығым бойынша, яғни IT саласында еңбек етуден бастадым. Бастапқыда компаниялардың сайттарын жасау, оларға техникалық қолдау көрсету, дамыту жұмыстарымен айналыстық. Кейіннен киім шығаруды қолға алдық. Байқасаңыз, бизнесмендердің көпшілігі сүйікті ісіңмен айналысуға кеңес береді. Осы нәрсе үнемі ойымда жүретін. Мысалы, қанша түрлі кәсіптің басын шалғанмен, жүрекке жақын емес еді. Әрине, пайда әкеледі, табысқа кенелтеді. Бірақ әлгінде айтқандай, махаббат жоқ. Яғни ақша табумен ғана шектелетінбіз. Сөйтіп, ойлана келе, бағытты өзгерту керегін түсіндім. Материалды табыс қана емес, рухани пайдалы дүниемен айналыссам деген мақсат қойдым. Ислами құндылықтарды насихаттайтын кәсіпті қолға алуымның басты себебі – осы. Қарап тұрсақ, қазіргі таңда мағынасы жаман сөздері бар киімдер нарықты жаулап жатыр. Соған қарсы бағытталған, жақсылыққа дәріптейтін дүниелерді неге жарыққа шығармасқа? Осыны ел арасында трендке айналдырсақ қандай жақсы?!», – дейді кәсіпкер.
Исмаилдың сөзінің жаны бар. Сауда орталықтарында немесе базарда түрлі тілде жазылған жазуы бар киімдерден көз сүрінеді. Бір қызығы сол, көпшілік сатып аларда жазудың мәні мен мағынасынан гөрі матасы мен бағасына көбірек көңіл бөледі. Соның салдарынан, екі ортада мазаққа қалып жатады. I `am stupid деген жазуы бар футболкаларды киіп жүрген таныстарыңыз бар болар. Бұл сөз болса, «Мен топаспын» дегенді білдіреді. Тіл білмегеннің кесірінен болса керек, осындай ыңғайсыз жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Осы ретте Исмаил Құланның шығарып жатқан дүниелеріне тоқтала кетсек. Just dua it, Kulimde, bul – sunnet, Beibitshilik, Iman kimde – baqyt sonda, Islam dingekteri, Musylman, Shukr mode, Sabr mode деген сынды жазулар бар.
Айтпақшы, бренд атауы бір ғана Исмаилдың тегімен байланысты емес екен. Бірлесіп басталған кәсіпте Ғабит Жиенбайдың да есімін атап өткенді жөн көріп отырмыз. Негізін салушылардың бірі болған Ғабит Құлан ауылында дүниеге келген екен. Осылайша, Qulan атауы пайда болыпты.
«Қарызға батқан жанның жағдайын елестетіңізші. Күн сайын мойнындағы жүк ауырлап жатыр. Осылай қиналып, тұңғиыққа батып келе жатқанда қарсы алдынан Sabr деген жазуы бар футболка киген жанды көреді делік. Жақсы сөз әлбетте, әсер етеді. Бәлкім, қиындықтың уақытша екенін, қазір сабыр ету керегін түсінер. Біздің жақсы сөз жазылған киімдер мен аксессуарлар шығарудағы көздегеніміз – осы. Мұсылман баласы үшін сабыр мен шүкірдің орны ерек. Еске салуға себепкер болғымыз келеді. Кәсіпті қолға алған алғашқы күннен-ақ, қазақстандықтардың іздегені осы екенін түсіндік. Сұраныс көп. Тапсырыс көп түсіп жатыр».Qulan отандық брендінің киімдері күнделікті киіп жүруге арналған. Бүгінде мезгілдік футболкалар сатылымда бар. Таяу арада сүннетке сай, намаз оқуға ыңғайлы киімдер шығарсақ деп жоспарлап отыр. Кәсіпкер соның ішінде ерлерге арналған спорт киімдеріне басымдық берілетінін айтып отыр. «Дәрет алғанға қолайлы болуы керек. Өйткені көп киімдерде жеңі созылып кетіп жатады. Соның бәрін ескеру шарт. Әрі бұл киімдер көрер көзге де әдемі көрінгені жөн», – дейді ол. Футболкалар Өзбекстанның жоғары сапалы мақтасынан тігіледі. Дизайнын өздері жасайды. Қазіргі таңда өндіріс жұмыстары кішігірім цехта іске асып жатыр. Күз-қыс мезгілінде шығатын киімдер болса, Алматыда шығарылады деп жоспарланып отыр. Түрлі мотивацияға толы мәтіндері бар киімдер көп. Соның ішінде қазақы стиль сақталғандары да аз емес.
«Шынында, бүгінде жазуы бар киімдер сәнге айналды. Сапасы да әртүрлі. Біздің киімдердің сапасын жоғары деп сеніммен айта аламыз», – дейді Qulan-ның негізін салушы.
«Кәсібімізден береке табу – басты мақсатымыз. Өзіме ұнайтын тұсын айтар болсам, тапсырыс берушілер бізбен байланысу үшін хабарлама қалдырса, «Ассалаумағалейкум» деп бастайды. Біз де қуана-қуана «Уағалейкумассалам» деп жауап береміз. Осының өзі неге тұрады? Жоғарыда атап өткенімдей, бұған дейін бірнеше кәсіптің басында болып көрдім. Көбі ресми тілде байланысатын. Ислам құндылықтарын насихаттап жүргендіктен, тапсырыс берушілер де – мұсылмандар. «Алланың сізге сәлемі болсын» деп басталған диалог әрмен қарай жақсы жалғасады. Мұны біздің бір ерекшелігіміз десем, артық болмас».
Ерлерге арналған киімдердің күз-қыс маусымдық түрлері тігіліп жатқанын естіген соң, әйелдерге арналған тізбек болар ма екен деген сауалды да қойдық. Исмаилдың айтуынша, орамалды қыздар тарапынан осы сұрақ көп түсіп жатыр деседі. Командамен ойласа келе, алғашқыда орамалдар шығару жоспары жасалған. Сонымен бірге, әйелдерге арнап шариғатқа сай, жеңі ұзын жейделер тігіледі екен. Оның эскиздері дайындалып жатыр. Алдағы уақытта тапсырыс берушілер назарына ұсынылады.
Құландықтардың кәсібіне біз де береке тілейміз. Мұсылмандарға арналған киімдер тігуді бірқатар белгілі дизайнерлер де қолға алып жатыр. Арнайы сән апталықтары да өткізіліп жатқанына куәміз. Атақты Nike компаниясы спорттық үлгідегі хиджабтарды ел назарына ұсынып, бұл бастамалары әйелдер тарапынан үлкен сұранысқа ие болған. Бұдан шығатын қорытынды – ислами сән әлемдік фэшн-индустриядан ойып тұрып орын алып келеді. Біздің отандық дизайнерлер мен кәсіпкерлер шетте қалмайды деп ойлаймыз.