Қазақстан араб елдеріне ет экспорттай алмай отыр. Өйткені, біздің елде халал индустриясы туралы заңды жүзеге асырудың шаралар жоспары қабылданбаған. 2015 жылы Органикалық өнімдер өндірісі туралы заң қабылданғанымен, әлі күнге оны жүзеге асыру жоспары түзілмеген. Айтқандай, Қазақстан қайбір жылдары Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құруды ұсынған. Осындай ұтымды ұсыныс жасаған елде халал өнімдерін өндіру саласына қатысты заңнама жоқ – парадокс! Заң қабылданар, халықаралық халал нарыққа ет те экспортталар, оған күмән жоқ. Бізді алаңдататыны – азық-түліктің сапасы, халықтың экологиялық таза өнімнен жасалған адал асты қашан тұтына бастайтыны?
Апта басында өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Organic және халал өнімдерді өндіру, қайта өңдеу және сертификаттау жүйесін жолға қою кезек күттірмей отырған мәселе екенін текке айтқан жоқ. Себебі, агроөнеркәсіп кешен өнімдері экспортын отандық өнімнің бәсекелес нарықта артықшылығы арқылы ғана арттыра аламыз. Ол үшін экологиялық, органикалық және халал өнімдер өндіру, өңдеу мен сертификаттау жүйесін жолға қою қажет. Бұл орайда, министрлік мемлекеттік органдармен органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың жол картасын қайта келісу рәсімін аяқтады. Халал өнімдер өндіруді дамытудың жол картасын келісу де аяқталып қалды. Алдағы аптада осы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде кеңес өтпек. Үкімет халал индустрияға неге көңіл бөле бастады? Себебі, халал өнімдерді 2 миллиардтан асатын мұсылмандар ғана емес, денсаулығын ойлайтын өзге дін өкілдері де тұтынып жатыр. Мәселен, Ұлыбританияда жыл сайын 6 млн адамға халал өнімдері сатылады екен. Ал бұл елде тұратын мұсылмандар саны екі миллион ғана. Оның үстіне, биыл халықаралық халал нарығы 3,7 триллион АҚШ долларын құрайды деген болжам бар.
Халықаралық ислам бизнесі қауымдастығының төралқа төрағасы Болат Қасымовтың айтуынша, халал өнімдер нарығына алаяқ кәсіпорындар да аяқ басыпты. Олар халал сертификатын алған соң стандарттарды бұзудан арланбайды.
– Себебі, сертификат берген органның халал өнімдерін өндірушілерді тұрақты тексеруге мүмкіндігі жоқ. Арсыз өндірушілер мен сатушылар тіпті халал сертификатын қолдан жасап алатын болған. Сырттан елімізге жеткізілетін азық-түлік өнімдерін тексеруге құзырлы органдардың мүмкіндігі бола бермейлді. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Оның үстіне, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге ет жеткізушілердің басым бөлігі мұсылман елдерінен емес. Мәселен, әлемдегі ең ірі ет экспорттаушы Австралия мен Канада мұсылман елі емес, – дейді ол.
Оның айтуынша, шошқа еті сиыр етінен арзан болғандықтан, шұжық жасаушылар екі малдың етін араластыруды қалыпты әдетке айналдырған. Ол өнімдер нарықта халал стандартымен сатылып жатыр. Осындай алаяқтардың салдарынан адал жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлердің ісі ілгері баспай, кері кетіп отыр. Бұл болашақта халал стандартына адал кәсіпкерлер бизнесінің жабылуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Салдарынан азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді.
Не жеп жүрміз?
Қауіпсіз тағам дегеніміз не? Бұл сұрақты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Halal Damu ЖШС-ның бас сарапшы технологы Айжан Омароваға қойдық. Оның айтуынша, қауіпсіз тағам қазіргі заманғы экология талаптарына жауап беретін, халал стандартымен дайындалған өнім.
Мұсылмандар үшін халал термині бірінші кезекте ислам дәстүрімен сабақтас, яғни экология талаптарына сай келетін, ислам нормаларымен өндірілген тағам. Бірақ бұл халал өнімді өзге ұлт пен дін өкілдері тұтынбайды дегенді білдірмейді. Себебі, бүгінгі таңда саулығын ойлаған адам халал тағамды пайдалануға тырысады, тұтынады.
– Халал стандарты жүйесі мал етіндегі үрей, өсу гормондарына, ет-сүйек ұнына, ген-модификациялаушы өнімдер мен шошқа етінен, өлексе, қаннан, басқа да шариғат тыйым салған қоспаларға қатаң тыйым салады. Бүгінгі таңда Еуропа елдерінде мал етіндегі үрей гормоны қызу талқыланып жатыр. Малды сою кезінде мал стресс алса, ол малдың етінің сапасы нашарлайды. Мал қандай жағдайда стресс алады? Оны басқа малдың көзінше бауыздаса, стресс алып, ағзасында үрей гормоны мен адреналин агрессиясы бөледі. Бұл гормон қанмен бірге барлық ағзаға тарайды. Адреналин қант алмасуды өзгертіп, салдарынан еттің қышқылдығы өзгереді, ол еттің түсіне де, сақталу мерзіміне де ықпал етеді. Етті адреналиннен тазарту мүмкін емес, етті қайнатқан күннің өзінде адреналиннің 10-15 пайызы ғана төмендейді. Сондықтан бәрібір агрессия мен жеккөрушілік бойына тарап кеткен малдың етін тұтынуымызға тура келеді, – дейді ол.
Технолог айтқан тағы бір мәселе – ет-сүйек ұнына қатысты болды. Ақуыз бен минералды мал азығы саналатын ұнның бұл түрін ет комбинаттары мен утильзауыттар тамаққа жарамсыз еттен, қақталған шошқа еті мен консерві кәсіпорындарының қалдықтарынан дайындайды. Ет-сүйек ұнының құрамында ұнды жасауға пайдаланған шикізатқа байланысты 30-50 пайыз протеин, аз мөлшерде май, кальций және фосфор болады. Ет-сүйек ұнын, негізінен, шошқа, құс, мамық жүнді аңдарға азыққа және құрама жемге қосып береді. Малдан жасалған жемді мал жегенде оның каннибалдан несі артық дейді сарапшы.
– Ет-сүйек ұнын жеген тауықтың еті сапасыз болады. Мал шаруашылығында мал тез семіру үшін гормоналды препараттар пайдалану етек жайған. Ең көп тараған гормондар – инсулин, соматотропин, тиреоид гормондары, стероид гормондары. Синтетикалық гормондар адам ағзасындағы физиологиялық қызметті бұзып, зат алмасуды нашарлатады. Ал еттегі бұл препараттар несімен қауіпті? Мал етінің қалдықтарынан жасалатындықтан, оның құрамында малдың жыныс гормондары да болады. Ал малдың жыныс гормоны адамдыкіне ұқсас болғандықтан, адам ағзасына ықпал етуге бейім. Ол біз тұтынған ет пен сүт өнімдері, сондай-ақ тауық жұмыртқасының құрамында болса, оны ағзамыз өзінікіндей қабылдайды. Бұдан кейін адам ағзасында гормоналды тепе-теңдік бұзылады, жүкті әйелдің құрсағындағы сәбидің даму үдерісі өзгереді, аллергиялық реакция пайда болады, ер мен әйелдің ұрпақ жаңғырту қызметі бұзылады. Сүт безі рагы, қуықасты рагы сияқты аурулар пайда болады, – дейді ол.
Осындайда гормон арқылы семіртілген мал етінің зиянды екені белгілі бола тұра, неге соған жол беріледі деген сауал туындайды. Себебі, мал семіз болған сайын табыс түсіреді. Ал малды қалай жылдам семіртуге болатынын ауыл баласы жақсы біледі. Малды өте тар қораға қамап, қозғала алмайтындай етіп жемдейді. Қозғалмаған мал жылдам семіреді. Қозғалмаған малдың бұлшықеті семіп қалады да, пісіргенде еті жұмсақ болады.
Көптеген елде мал шаруашылығында гормон қолдануға тыйым салынған. Алайда оны ешкім тексеріп, бақылап жатқан жоқ. Сондықтан ет экспорттаушылар ойына келгенін істеп отыр. Ең қызығы, Америкада ондай препараттарға рұқсат берілген екен. Негізінен, жыныс гормондары қолданылатын көрінеді.
– Ұрғашы малдың гормоны еркек малға, еркек малдың гормоны ұрғашы малға пайдаланылады. Нәтижесінде, «орта жынысты» мал пайда болады. Мұндай мал жылдам семіреді. Қазіргі күні жыныс гормондарының ағзаға зияны дәлелденіп отыр. Жыныс гормондары ер азаматтар мен еркек жануарлардың ұрпақ қалдыру қызметінің нашарлауына алып келеді, – дейді А.Омарова.
Қауіпті гормондар азғамызға сүт өнімдері арқылы да түсіп жатыр. Өйткені, сиырдың сүтті болуының 30 пайызы ғана генетикаға, қалған 70 пайызы оның ішіп-жеміне байланысты. Ешқандай гормонсыз, табиғи шөп жеген сиырлардың сүтімен бүгінгі адамзатты сүтпен қамтамасыз ету мүмкін емес көрінеді. Сондықтан жасанды қоспалары бар жоғары калориялы мал азығы міндетті түрде қолданылады. Мұндайда сөз басында айтып кеткен балық өнеркәсібі қалдықтары мен ет-сүйек ұны пайдаланылады, бұл сиырдың ас қорыту жүйесін бұзады. Сүт өндірушілер синтетикалық гормондарды қосу арқылы сауылатын сүт көлемін 40 пайызға көтеруге болатынын жақсы біледі екен. Демек, сіз бен біздің күнделікті тұтынып жүрген тамағымыздың қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмайды.
Айжан Омарованың сөзіне қарағанда, Еуропада рұқсат етілген тағам қоспаларын халал жүйесі қолдамайды. Мәселен, аспартам, ацесульфам калий халал стандарты бойынша ағзаға зиянды заттар саналады. Аспартам ағзасына түскен адамның басы ауырып, құлағында шуыл пайда болады. Адам депрессияға, ұйқысыздыққа ұшырайды, буындары ауырып, аяғы қақсайды, жадын жоғалтады, себепсіз мазасыздану пайда болады. Е951 қоспасының азық-түлікке қосылуынан туындайтын симптомдар түрі 90-ға жетеді екен.
Балабақша мен мектептегі тағам рационына жылқы еті қосылса...
Histes Еуропа қауымдастығының профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Әлима Айкешева бүгінгі азық-түлік сапасының нашарлауына топырақ мен судың сапасының төмендеуі себеп дейді. Ал ондай топырақта өскен шөпті жеген малда қайбір дәрумен болсын? Ондай топырақта өскен көкөніс пен жеміс-жидекте не қасиет қалды дейсіз? Сапасы бұзылған суды ішкен малдың сүтінен қандай сапалы өнім жасалады? Азық-түлік сапасының құлдырауының да осындай себептері анықталып отыр.
– Қазіргі уақытта экологияның нашарлауынан топырақ пен су құрамындағы қажетті элементтер азайып кетті. Бұл азық-түлік құрамындағы микронутриенттердің жетіспеушілігіне ықпал етті. Қазір елімізде бала емізетін әйелдердің сүтінде А дәрумені жетіспейді. Бұл дәрумен тиісті мөлшерден шамалы ғана азайғанның өзінде бала бойының өсуіне кедергі келтіреді. Ал йод жетіспеушілігі баланың психикалық және физикалық дамуын бұзады. Тағамтану институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, рактың кең тараған түрлері (өңеш, асқазан, тік ішек, сүт безі рагы) мен тамақтанудың бірқатар факторлары (қою майлар, С, А және Е дәрумендері, темір жетіспеушілігі) арасында тікелей байланыс бар. Мұның барлығы азық-түлік сапасы мен тамақтануға бейжай қарауға болмайтынын көрсетеді, – дейді Әлима Сәлімқызы.
Ол үшін не істеу керек немесе не істей алдық? Ә.Айкешеваның айтуынша, осыдан көп жыл бұрын 2006-2010 жылдарға арналған «Саламатты өмір салты» ұзақмерзімді бағдарламасы қабылданған екен. Бұл бағдарламада азық-түлік қоспалары мен биологиялық белсенді қоспалар өндіру индустриясын құру қарастырылған екен. 2003 жылы Йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алу туралы заң да қабылданған. Екі жыл бұрын Денсаулық сақтау қызметі құрылыпты.
– Бұл қызметті құру кезінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Финляндия, Швеция, Швейцария, Дания, Нидерланды, Норвегия, Ирландия, Венгрия сияқты елдердің тәжірибесі негізге алынды. Алайда осы тұста бір нәрсені ұмыттық. Еуропалықтарға келетін нәрсе бізге келмейді. Өйткені адам табиғатпен үйлесімде өмір сүреді. Өзінің туып-өскен жерінің ауасымен тыныстайды, суын ішіп, табиғатымен емделеді. Мәселен, жапондардың ағзасында спиртті ыдыратып жіберетін фермент жоқ, сондықтан олар алкоголь ішпейді. Олар үшін спирттік тағам өлімге апаратын құралмен тең. Алайда, олардың тағамдарының рационында балық өнімдері өте көп. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Сол сияқты біздің ұлттық тағамдарымыздың қасиеті, тамақтану дәстүрі бар ғой. Біз содан ажырап барамыз. Мәселен, мектептер мен балабақшалардағы тағам рационына жылқы етін, құрт, қымыз және басқа да сүт өнімдерін қосу өте пайдалы болар еді. Жылқы етінің қасиеті туралы Еуропада көптеген ғылыми зерттеу бар, – дейді ол.
Еуропа тамсанып жатқан жылқы етінің қасиетін атам қазақ баяғыда-ақ білді емес пе? Себебі, жылқыда сиырға қарағанда органикалық қышқылдар өте көп. Ол қышқылдар зат алмасуды күшейтеді. Ас қорытуды, ішек микрофлораларының құрамын жақсартады.
Халал бизнес қолдауға зәру
Бүгіндері ішер асына жоғары талғаммен қарайтындар, негізінен, халал асханаларға бас сұғады. Елордадағы «Мұмтаз» мейрамханалар желісінің бас директоры Ботагөз Сейітханқызының айтуынша, талғамы жоғары тұтынушыға қызмет көрсету халал мейрамханалар үшін оңайға соқпай тұр.
– Халал бизнесті жүргізу, халыққа дұрыс тамақ беру бүгінгі күні зор жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Әдетте мейрамхана бизнесінің заңдылығы бойынша негізгі кірісті бар қызметі кіргізеді. Ас үй шығынды ғана жабады. Мысалы, кәуап сатсаңыз, жанында сыра болмаса, бизнес өзін ақтамайды. Бірақ мен халыққа халал тамақ берсем деген үмітпен аштым бұл бизнесті. Құдайға шүкір, үмітім ақталып жатыр. Десе бе, бұл саланың да бірқатар проблемасы бар. Дәл қазіргі уақытта халал бизнеске қолдау керек. Себебі, менімен бірге халал бизнес бастағандардың көбі бизнесін тастап кетті. Кейбірі халал бизнесін жауып, алкогольді өнім сатуға ауысты. Ал мені мейрамхананы желілік жүйеге көшіру құтқарып тұр. Қазіргі уақытта халықтың халал мейрамханаға деген түсінігі таяздау. Олар мұнда тек мұсылмандар тамақтанады деп түсінеді. Шындығында, бұл мейрамхана экологиялық таза өнімнен жасалған тағамды ұсынады. Адал қызмет көрсетеді. Халал мейрамханаға деген көзқарасты түзеу керек деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе, бүгінгі таңда халал сертификатын берушілер көбейіп кетті. Қазақстанда алғаш рет халал сертификатын беруді Марат Сәрсенбаев бастады. Ол кісі бізге халал стандарт туралы түсіндіріп айтты, бағыт-бағдар берді. Алайда ары қарай бақылау жасалған жоқ. Бүгінгі таңда менің мейрамханамда «Халал» тауар белгісінің үшеуі ілініп тұр. Сертификат бергендердің әрқайсысы өзінікін дұрыс көреді. Бәсекелесінің сертификатын алып таста дейді. Солардың бәрін біріктіріп немесе басқа жолмен сертификат беретін жалғыз мекеме қалдырмай ма? Әйтпесе, өзіміз де түсінбей қалып жүрміз, – дейді ол.
Түйін:
Халал өнім, халал тағам, халал қызмет туралы көп айтуға болады. Оның барлығын исламмен байланыстыруға да, байланыстырмауға да болады. Себебі, шын көңілмен, ақ ниетпен жасалған істің бәрі – адал. Сосын нағыз халал өнімдер біздің ауылдарда болатын. Ақ тамақтан бастап, бақшада піскен көкөніс нағыз таза өнім емес пе? Соның қадірін білмей отырмыз. Пойыздағы жұрттың көбі, тіпті бала-шағасы да бич-пакеттегі тағамды қайнаған суға жібітіп жеп отырады. Қаланың жайы белгілі, ең болмағанда, ауылдық жерде ұлттық тағаммен тамақтануға не кедергі? Кей ауылдарда сиыр сүтін сүт зауытына өткізіп, өздері дүкеннен сүт сатып алып ішетіндер бар. Қазіргі күні балалардың асқазаны жиі ауыратын болды, себебі дұрыс тамақтанбайды. Өйткені, сатып ішетін сүт құрғақ сүттен жасалады. Шетелден келген тәттілерді құмарлана жейді. Оның құрамы да күмәнді. Қазақтың «Ауру – астан» дегені осы жерде еске түседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, адам денсаулығының 80 пайызы тамақтануға тікелей байланысты. Ал мұны атам қазақ баяғыда-ақ «Ас – адамның арқауы» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей салған. Олай болса, қайтпек керек? Бізге тамақтану мәдениетін меңгермей ұлт саулығын сақтап қалу мүмкін болмайды. Ол үшін халықты тамақтану мәдениетіне үйретіп, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік сапасын тұрақты тексеріп, шетелден келетін арзан да құнарсыз тағамдарға тыйым салған жөн шығар. Ең бастысы, сөз басында айтқан Органикалық өнімдер өндірісі туралы заңды жүзеге асыру тетіктерін жасап, халал өнім өндіруді реттейтін заң қабылдауымыз керек. Заңдық негіз жасалса, бәрін жөнге қоюға болады.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ