Бірлігімізден ажырамасақ екен

Бірлігімізден ажырамасақ екен

Редакциямызға Жанар Ағзамова атты оқырманы­мыз­дан хат келді. Хат иесі жазбасында ұзақ жыл мем­лекеттік қызметте болған, бүгінде зейнет жасына келген әкесі Арғын­ғали Ағзамов жайында баяндай келе, оның жазған мақаласын газетке жариялауды сұраған екен. Біз де оқырманымыздың өтінішін аяқсыз қалдыр­мауды жөн санадық.

Тәуелсіздік алып, егемен ел болғанымызға – 28 жыл. Бұл мер­зім тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, осы уақыт аралы­ғын­да халық игілігі үшін үлкен жұмыстар атқарылды, еліміз түрлі даму кезеңдерінен өтті. Мем­ле­кетіміздің дамуы жолында жасаған әр қадамымыз үлкен өзгерістерге алып келді. Қазақстан өркениетті елдермен терезесі тең, әлемдік сахнада өз орны бар мемлекетке айналды. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың іскер­лігінің, көреген қасиеттерінің ар­қасында мүмкін болды. Елі­міздің қарқынды дамуы мен оның әлімдік аренадағы беделінің артуы жолында Елбасының сіңірген еңбегі ерен. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмір­дегі барлық жетістіктер мен про­грессивті өзгерістер оның атымен тікелей байланысты.

«Экономиканың жаппай күй­реуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты. Көптеген сарапшы этносаралық шие­ле­ністер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбіт­шілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алды­мен экономика, сосын саясат» де­ген негізгі қағидатым дұрыс­ты­ғын дәлелдеді, – деді Елбасы.

Елбасы дұрыс жүргізілген сая­саттың арқасында еліміздің пост­кеңестік кеңістіктегі қар­қын­ды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты. «Маған өз хал­қыммен бірге тәуелсіз Қазақ­стан­ды құру мәртебесі бұйырғанын мақ­тан тұтамын. Қиын заманға қа­рамастан халқым менің баста­маларыма әрдайым қолдау көр­сетті. Соның арқасында біз бар­лық нәтижелерге қол жеткіздік. Мен халқыма ризашылығымды біл­діремін», – деп ағынан жарыл­ды Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясынан Қазақстан Пре­зиденттігіне кан­дидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Ол өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлын елі­міздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, жаңа Пре­зидентіміздің Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетіс­тіктеріне жоғары баға берді.

Әрине, ел басқару оңай емес. Өзім мемлекеттік қызметте (ауыл председателі, мектеп директоры) болған адам ретінде мұны жақсы түсінемін. Ел тарихын ерлер ғана жасайды. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына Қа­зақстан халқы үлкен сенім артып отыр.

Айтпағым, халық пен билік арасындағы байланыс берік бол­ғаны жөн. Сол кезде ғана елдің бірлігі бекем болады. Елдің басын­дағы түрлі түйткілді мәселелерді шешуде депутаттардың атқаратын рөлі зор. Олар өздерін іскер ұйым­дастырушы ретінде көрсете білу керек. Халық қалаулылары халық­тың мұң-мұқтажын тыңдап, талап-тілектерін шешуде аянбай еңбек ете береді деп ойлаймын.

Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Елдегі орын алған өзгеріс­тер алаш жұртының алдына жаңа міндет-мақсаттар қойып отыр. Болашақта да елдігіміз жара­сып, ынтымақ пен бірлігі­мізден ажырамай, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кеше береті­німізге сенемін. Бастысы, тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында бәріміз бірлікте еселі еңбек ете берейік.

 

Арғынғали АҒЗАМОВ