Діттеген жеріне велосипедпен қатынайтын оралдықтардың саны жыл санап артып келеді. Бұл, әрине, құптарлық құбылыс. Өйткені дәрігерлердің айтуынша, велосипед тепкеннің денсаулыққа пайдасы көп көрінеді. Тек бір әттеген-айы, Орал қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, велосипед ұрлау жиілей түскен көрінеді.
Әсіресе, бұл келеңсіздік ел-жұрт «шайтанарбаға» жиі аяқ артатын жаз айларында өрши түседі екен. Мұның бір себебі, велосипед иелері көп ретте қос дөңгелекті көліктерін кез келген жерге қараусыз қалдыруды дағдыға айналдырған. Өздері үшін осындай қолайлы сәтті қалт жібермейтін суыққолды әккілер ұрланған велосипедті жалма-жан арзанға сатып үлгереді деседі, яғни «Іс бітті, қу кетті»! Міне, осындай заңға қайшы әрекеттердің «мойнына су құю» мақсатында биылғы 22-25 шілде аралығында Орал қаласы аумағында «Велосипед» атты жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында Орал қалалық полиция бөліміне қарасты криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері ұрланған велосипедтердің кейбіреуін тауып, иесіне қайтарды.
Мысалы, 19 шілде күні сағат 11.30 бен 13.30 аралығында Зашаған кентіндегі Мұрат Мөңкеұлы көшесінің бойындағы көппәтерлі бір үйдің төртінші кіреберісінен қаңқасының түсі ақ-жасыл «Стелс-710» велосипеді қолды болған. Иесінің айтуынша, ол ұрланған мүлкін 27 мың теңгеге сатып алған. Ұрлық «Велосипед» операциясы кезінде ашылып, ақ-жасыл түсті «Стелс-710» иесіне қайтарылды. Біреудің заңды мүлкін заңсыз иеленген Зашаған кентінің 1992 жылғы тұрғыны болып шықты.
18 шілдеде орын алған тағы бір велосипед ұрлығы аталған іс-шара аясында ашылып, күдікті ұрлық жасағанын мойындады. Ол да жымысқы әрекетін Зашаған кентінің аумағында жасап, Қамбар батыр көшесіндегі көппәтерлі үйлердің бірінің кіреберісінен қызыл түсті велосипед ұрлаған. Полиция қызметкерлерінің қырағылығының нәтижесінде қолды болған «шайтанарба» иесіне қайтарылды.
Осы жылдың алғашқы алты айында облыс аумағында 142 велосипед ұрлығы тіркеліп, соның 39-ы әшкереленген. Ал былтырғы бірінші жартыжылдықта 84 велоұрлық тіркеліп, солардың 14-і ашылып, яғни 14 велосипед иелеріне кері қайтарылған. Өз кезегінде Орал қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жұртшылықтан велосипедтеріне мұқият болып, қос дөңгелекті көліктерін қараусыз қалдырмау қажетін ескертеді.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Орал қаласы