Мейірімді қоғам құра аламыз ба?

Мейірімді қоғам құра аламыз ба?

Хакім Абай «Надан ел қуанбас нәр­се­ге қуанады. Һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, біртүрлі мас­тыққа кез болып кетеді» дейді. Тағы да «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай тыныш­тықтан жалыға қалатыны қалай?» дейді. Қоғам­дағы бүгінгі орын алған келеңсіздіктерге бұдан артық пайым керек жоқ шығар.

Бүгінгі қиыншылық жағ­дай­дан қалай шығамыз, қоғамды қалай тыныштандырамыз, халықты аңсаған арманына қалай жеткіземіз, халық пен мемлекетті қалай бірге болдыра аламыз? Тәуелсіздігімізді қалай сақтап, елімізді қалай «Мәңгілік ел» ете аламыз деген сұрақ әрбір саналы азаматты толғандырады.

Қазақ елінің қарыштап да­муының жолы қандай болмақ? Дәл осы мәселені қоғамдағы зия­лы қауым ақын-жазушылардан бастап, қоғам қайраткерлері, фи­лософтар, ғалымдар, ойшыл­дар ойларын ортаға салып, Ұлы дала елінің тағдырына үн қо­сулары керек сияқты.

Осы тұрғыда Қазақ елі тәуел­сіздігін алған соң атажұртына оралған 1,5 млн отандастардың құрған «Тарихи атажұрт» қоғам­дық бірлестігі қоғам дамуын са­раптай келе «еліміздің өркеніне не береміз, септігімізді қалай ти­гіземіз» деген салмақты сауал­дың салиқалы жауабы ретінде Қазақ елінің алға дамуының жаңа да дара жолы «Мейірімді қоғам» құруды ұсынып отыр. Отанына оралған қандастарымыз Қазақ­станның тұрғылықты халқының тәуелсіздік жолындағы қаһар­ман­дығын, қажырлылығын жо­ғары бағалайды. Солардың ынта-жігеріне дем беріп, өз ақыл-қай­ратымызды Қазақ елінің болашақ дамуына арнайық деген ниетпен осы идеяны көтеріп отыр. Әрине, шеттен келген ағайындардың бә­рі ойшыл дана, философ болмаса да, ішінде өз заманына сәйкес қоғамға іскерлігімен үлес қоса алатын азаматтар баршылық.

Отандастарымыз көтеріп отырған «Мейірімді қоғам» құру, қалыптастыру нақты ғылыми теория, зор күш талап ететіні айт­паса да түсінікті. Дегенмен жа­ратушыны танып, жаратушының көрсеткен нақты ізгілік жолымен жүру адамзат баласына тым қиын емес. Тек ұзағырақ уақыт талап ететін бұл ізгіліктің жолын Қазақ елінің бүгінгі ахуалы талап етіп отыр. Тәуелсіз елімізді, өзіміз аңсаған азаматтық қоғамды алға бастыратын, тығырықтан шығара алатын бұдан өзге айрықша жол болса оны да ойлануға, талқы­лауға әбден болар. Оған да қар­сылық жоқ. Қалай болғанда да адамзат баласының, соның ішін­де, қазақ деген халықтың жара­тылысынан қалыптасып мен­талитетіне, қанына сіңген мейі­рімділігі ғана ізгіліктің жолын аша алады. Қазіргі қалыптасқан қиын жағдайдан шығу үшін, қоғамды тыныштандыру үшін министрлер, облыс, аудан әкім­дерінен бастап, бүкіл лауазым иелерін мейірімді ету қажет. Бұл, сірә, қолдан келмейтін шаруа ма?

Құлдық жүйенің бойымызға сіңген қатігездіктерін лақтырып тастап, орнына бабадан жалғас­қан, қанымызға сіңген мейірім­ділікті қалыптастыру, тек әр бас­шының ұлттық рухына, отан­сүйгіштігіне, адамдық қасиетіне ғана байланысты. Басшылардың бәрі мейірімді болса, қарапайым халық қайда барады. Олар өздері-ақ мейірімді бола бастайды. Осы­лай жасағанда ғана халық пен мемлекет бірге бола алады. Халқы мен мемлекеті бірге болған елді іштен де, шеттен де ешбір жау ала алмайды. Барлық проблема, шешімін таппаған мәселе, сұрақ тек мейірімділік заңы аясында өзінен-өзі шешіліп отырады. Қа­зіргі айқай-шу шығарып жүр­ген көпбалалы анаға берілетін атаулы әлеуметтік көмек, жалпы жұмыс­шы, қызметкерлердің айлық жа­лақысы, қарыз кешірімі, баспана мәселесі тәрізді проблемалар өзінен-өзі шешімін табады. Өйткені халқы мемлекеті үшін, мемлекеті тек қана халқы үшін деген нақты идеяға көшеді. Жемқорлықтың жолы кесіледі. Қазіргі қоғамда қалыптасқан қа­тыгездік, жауыздық, алауыздық, көреалмастық, бақталастықтың тамырына балта шабылып, хал­қымыз ешбір уайымсыз өмір кешетін болады.

Сол үшін «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігі мейірімді қо­ғам құрудың жолдарын зерт­теді. Қазақ елі, халқы өзінің қа­ны­на біткен мейірім қасие­тіне сүйене отырып алға дамудың ізгі жолын аша алатынына отан­дастардың сенімі кәміл. Өйткені мейірімділік – үлкен құдірет. Алла он сегіз мың ғаламды ме­йірімімен жаратты. Алланың мейірімі өшкен күні адам да, табиғат та, қоғам да өшеді. Тіпті өшпесе де қай-қайсысында да аса қатыгездік пайда болады. Мейі­рімнен тысқары тірлік, тіршілік жоқ екеніне көз жеткізу қиын емес. Қысқасы адам да, табиғат та, қоғам да пайда болуы, орны­ғып қалыптасуы, әрмен жалғасуы Мейірім – Тірлік – Мейірім (М-Т-М) екенін ойланған жөн. Мейірімнен жаралған тіршілік мейірім арқылы ғана жалға­са­тыны сияқты. Нақты тірліктің көзі – мейірімде.

Біз тірліктің көзі береке-бірлік, татулықта деп бағалаймыз. Жоқ, мейірім адамға да, табиғатқа да жаратылыстан пайда болады. Ал береке-бірлік адам өмірге келген соң тәрбиемен қалып­та­сады. Табиғаттың мейірімі күннің нұрынан, жер құрсағын жібіткен жаңбырдан, тірліктің тынысын кеңіткен орман-тоғай, көкорай шалғын гүл, жеміс-жидек, шал­қар көл, арынды өзен, яғни жаратушы мейірімін түсіне білу қиын ба? Жан-жануар хайуанат, мал, құрт-құмырсқаға дейін әрқайсысының мейірімділігін адам қолдан жасай алмайды. Ал адамзаттың мейірімі, соның ішін­де қазақтың мейірімі – өз алдына бір төбе. Адам да, табиғат та, қоғам да тек мейірім арқасын­да орнығады. Осы тұрғыда Қазақ елінде мейірімді қоғам құру мүм­кіндігі толық екенін айқындап, мейірімді қоғам құрудың тұжы­рымдамасын жасадық. Тұжы­рымдамада бұл мақсатты бір жолғы науқаншылдықпен емес, біртіндеп, қоғамның бір буыны­нан бастау арқылы ары қарай жалпылық сипат алдыру көздел­ген. Біз қоғамға мейірім қалып­тастыру ісін әуелгі кезекте ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан бастауды жөн санадық. Сон­дықтан Нұр-Сұлтан қаласын әлем­нің ең мейірімді қаласына ай­налдырудың дербес кон­цепциясын жасап, әкімдікке ұсы­нып отырмыз. Мақсатты жүзеге асыруға арналған нақты жоспар жасалып, үгіт-насихат жұмысын жүргізетін топқа кө­мекші құрал ретінде ондаған лекция, теориялық, тұжырымдық мақалалар дайындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пре­зиденттікке сайланған күннің ертеңінде барлық министрді, облыс әкімдерін жинап алып, қарапайым халық­тың ортасында болуды, олармен санасып, бірде-бір адамды ренжітпеуді, көңілін табуды тапсыр­ды. Міне, бұл – халыққа мейірімділік жасауға, мемлекет пен халықтың арасын жақындатуға байланысты жасал­ған нақты қадам. 

Біз ол үшін елімізге әйгілі қоғам қайраткерлері, филосо­ф­тарының ойын тыңдап, пікір-ұсы­ныстарын кәдемізге жарат­тық. Қазақтың айтулы философы Ғарифолла Есім ізгіліктің нақты жолын Алла жолынан, яғни дін жолынан іздейтінін білеміз. Бұл бекер емес, әрі біздің пікірімізбен үндес. Бүгінгі қазақ басқаға басы­байлы, отар қазақ емес. Ықылым заманнан өркениетке әлем елде­рінің алдыңғы қатарында үлес қосқан Ұлы дала елін қайта тү­летіп, тәуелсіз Қазақстан мем­лекетін құрды. Өйтсе осы Ұлы қазақ елі неге өзгеге көз сүзе беруі керек. Неге баяғы қатаң қағидаға бас шұлғып, басқаның айтқа­ны­мен жүреді? Қазақ деген ұлы ха­лықтың өзінің ақылы өзіне жет­пей ме? Қазақ деген ұлттың мың­­даған жылдық тарихында өзіндік ақын-шайырлары, ойшыл философтары болмады ма? Бол­ған болса, олар не айтты? Ме­йі­рімділік қағидасын қалып­тас­тырып, халықты бір-бірімен мейірімділік аясында қатынас­тырып, тірлік жасауды халқына өсиет етпеді ме? Әрине, мұның барлығы болған. Бірақ отарлау саясаты, үстемдік құрушы топ, билік «ізгіліктің» бұл жолына түсірмеді. Сондықтан да бәрінен кеш қалып, өзгеге кіріптар бо­лып, құлдық қамытын киіп, адам баласы бастан кешпеген небір ауыр азап-нәубеттерді көріп, ұлттығымыздан айырылуға дәс қалғанда Алланың мейірімімен тәуелсіздікке жеттік.

Ендігі жерде ұлтымыздың рухындағы, қазақтың қанындағы мейірімділік менталитетін ғана ізгіліктің жолы етіп таңдауымыз қажет. Адам санасына мейірім­ділік заңдылығын қалыптас­тырғанның қазақ қоғамына иненің жасуындай да зияны жоқ. Ал пайдасы ұшан-теңіз. Нағыз бақыт пен шаттық, бұл дүниедегі жұмақ мейірім арқылы ор­намақ. Алға дамудың бұдан өзге жолы жоқ. Сондықтан жаңадан дами бастаған Қазақстанның эконо­микалық-әлеуметтік тұр­ғыда алға дамуының бірден-бір жолы мейірімді қоғам құрып, халық пен мемлекетті бірге бол­дыру, теңдік, бостандық, әділдік аңса­ған өзге де жаңадан дамушы елдердің бастан кешіріп жатқан келеңсіздіктерінен сабақ алып, енді қайта тығырыққа тірелмеудің жолын ашуымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев пре­зиденттікке сайланған күннің ертеңінде барлық министрді, облыс әкімдерін жинап алып, қарапайым халықтың ортасында болуды, олармен санасып, бірде-бір адамды ренжітпеуді, көңілін табуды тапсырды. Міне, бұл – халыққа мейірімділік жасауға, мемлекет пен халықтың арасын жақындатуға байланысты жасал­ған нақты қадам.

Мәселен, қазір министрлер халықпен кездесуге айына екі-ақ сағатын бөледі. Сол екі сағаттық кездесудің де өтпей қалатын кездері аз емес екенін көріп жүр­міз. Ал қабылдаудың нәтижесі құрғақ уәдеден аспайды. Білдей министрдің аузынан суайт өтірік, құрғақ уәде естіп көңілі қалған халық мемлекетпен қалай жақын бола алады? Көбі көңілі қалған соң, қолды бір-ақ сілтейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, халықпен диалог өткізу, бейбіт шеруге шығуды шектемеу сияқты бас­тамалары – қоғамда қалыптасқан билік пен халық арасындағы ал­шақтықты біртіндеп жоюға ба­ғытталған, нақты қадамдар бол­мақ. Қазіргі жағдаймен атқарушы билік Президент сөзіне құлақ асып, білек сыбанған сыңай та­нытуда. Бірақ санасында мейірім қалыптаспаған лауазым иелерінің тапсырманы түбегейлі орын­дайтынына күмәніміз бар. Осы­дан үш ай бұрын шыққан тұрмыс жағдайы төмен көпбалалы отба­сыларына атаулы әлеуметтік көмек беру жөніндегі шешімнің дұрыс орындалмай, халықтың әкімдердің есігін тоздырып, сан­далып жүргені осыны көрсетеді. Сол үшін Президенттен жалғыз тілек барлық лауазым иесін мейі­рімді болуға, халыққа есіктерін айқара ашып, қарапайым халық­пен үнемі бірге болуға шақыруды қалаймыз. Яғни, халық қазір басшылықтың мейіріміне зәру. Басшылық мейірім танытса, қо­ғам сонда ғана тынышталады. Ме­йірім басшылардан бас­талса, олар халыққа шынайы се­зіммен мейірімділік аясында қа­тынасып, мейірімділік жасай алатын қа­білетті, шыдамды болса ғана халық пен мемлекет арасы жа­қындайды. Қорыта айтқанда мейі­рімділік – үлкен құдырет, ­Қа­зақ елінің ендігі алға дамуы­ның жаңа жолын аша алатын ізгі­лік – мейірімділік. Мейірімді қоғам құрсақ, Қазақ елі халқының ғасырлар бойғы арманы орын­далып, ұрпақ ешбір алаңсыз өмір кеше алады. Мейірімді қоғам құру идеясы тек өз елімізбен ғана шектелмей, жаңадан дамушы көп­теген елге үлгі болары анық. Бұ­ған ешкім күмәнданбасын. Ізгіліктің бұл жолын қазақтың бүкіл халқы, әлем қазақтары күтіп отыр.

 

Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
қоғам қайраткері