Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалының бастамасымен жергілікті мемлекеттік органдар және мәслихат депутаттарымен бірге жұмысты жүргізу кестесінен кешігудің себебін анықтау және құрылыс нысандарының сапасын бақылау үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралады.
Құрылысы аяқталу мерзімінен кешігіп жатқан перзентхана, балабақша, сумен қамту мекемелерін аралады.
Әлеуметтік және инфрақұрылымды дамыту үнемі партияның басты назарында. «Құтты мекен» жобасы аясында аймақта көптеген іс-шаралар іске асуда.
Нысандарды жеке-жеке аралап шыққан партиялықтар құрылыс талаптары сақталмаған нысандардағы кемшіліктердің куәсі болды. Оның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, құрылыс аумағына жақын орналасқан үйлер тұрғындарының талабы орындалмайтынын айтты. Құжат бойынша әлдеқашан тапсырылған нысандар, іс жүзінде әлі толық салынып та бітпеген.
– «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында әлеуметтік нысандардың құрылысын бақыладық. Мәселен, «Жас қанат» ықшамауданында сапасыз салынған тұрғын үйде болдық. Құрылысты салу барысында көптеген кемшіліктерге жол берген, – деді қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Мұхамедрахимов.
Қаладағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған депутаттар партия көмекке әрдайым әзір екенін жеткізді. Nur Otan партиясы Алматы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров тұрғындардың өтініші жерде қалмайтынын айтты. «Егер жергілікті әкімдіктен көмек болмаса, партия әрдайым көмектесуге әзір», – деді ол.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Құтты мекен» жобасы ары қарай жүйелі жалғасын табады.