Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті жиыны өтті. Бұл шара барысында мемлекеттік құрылымдардағы әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі мен мекемелердегі тәртіптік комиссиялардың жұмыс нәтижелері, сондай-ақ Бөрлі ауданындағы Александров ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды.
Әуелі масаң күйде қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланған Александров ауылдық округінің әкімі Ганжа Тұрғанәлиевке қатысты тәртіптік іс материалы кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Жан-жақты талқылап, мән-жайға әбден қаныққасын Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол бергені үшін Бөрлі ауданы әкімінің атына Г.Тұрғанәлиевке «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс жолдау туралы шешім қабылдады. Өйткені қызметтік тексеру және Бөрлі аудандық сотының қаулысы нәтижесінде Г.Тұрғанәлиевтің мемқызметшінің Әдеп кодексіне қайшы әрекеттері дәлелденген. Ретті жерінде айта кетелік, Әдеп кеңесінің әкімшілік-тәртіптік шараларға қатысты ұсыныстары – талқылауға жатпайтын, міндетті түрде орындалуы тиіс қағида.
Облыс аумағындағы мемқұрылымдарда қызметтік әдептің сақталуын қадағалау мен бағалауды жүзеге асыратын әдеп жөніндегі уәкілдердің Әдеп кеңесіне күн ілгері жолдаған жазбаша мәліметтері мен аталған жиынға аяқтай келіп берген есептеріндегі ақпараттарда алшақтық бар. Мәселен, осындай жаңсақтықтар БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Ибраевтың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне қарасты БҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Бейбіт Шалабаевтың, Тасқала ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Қанат Нұрекешовтің және Қазталов ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Айбек Исламбековтің мәліметтерінде орын алды. Бұл олқылықтар да кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмай, тиісті лауазым иелеріне орынды ескертулер жасалды.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы бойынша
Әдеп кеңесінің мүшесі