Бүгіндері базарлар мен дүкендерде, көше бойындағы көкөніс дүңгіршектерінде смартфонмен онлайн төлем жасау әдетке айналды.
Сатушының банк картасына ұялы телефон номері арқылы төлем жасау – сатушы мен тұтынушы үшін тиімді-ақ тәсіл. Банкоматтан ақша алып әуре болмайсыз, банк картасын көтеріп жүру де шарт емес. Дәл осы төлем жүйесінде басқа банктерге қарағанда Kaspi Вank-тің жұлдызы жанып тұр. Тіпті соңғы кезде адамның өркениеттілігін Kaspi Gold картасының бар-жоғымен өлшейтін болдық. Смартфонына Kaspi қосымшасын орнатпаған адам – «өмір көшінен қалған адам». Әрине, қай бизнестің де мақсаты – пайда табу. Осы тұрғыдан қарағанда, сатушыларды онлайн төлем үшін жазғыра алмайсыз. Ал мәселенің екінші жағына үңілгенде төлемнің дәл осы түрінен бюджетке салық түспейтінін көреміз. Бұл тәсіл сатушының яки кәсіпкердің салықтан жалтаруына зор мүмкіндік беріп тұр. Бюджеттің кіріс бөлігіндегі түсімдер азайса, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері ықпал етеді. Себебі, республикалық бюджеттің үштен бір бөлігі әлеуметтік мақсаттарға жұмсалады. Олай болса, қайтпек керек? Салық түсімінің азаюын болдырмау үшін қандай амал қажет? Біз бұл сауалды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдадық.
– Сатып алушы төлемді қандай жолмен жасайтынын таңдауға құқылы. Ең бастысы – сатып алушы төлем жасау кезінде өзінің азаматтық міндеттерін ұмытпаса болғаны – ол сатушыдан фискалды чек талап етуі керек. Чек талап етпесе, оның төлеген ақшасынан салық төленбейтінін түйсінуі қажет. Сатушы смартфон арқылы төлем жасауға мүмкіндік беру арқылы сатып алушыға тиімді жағдай жасап отыр, бұл – сервис. Ал сатып алушыға мына сервисті (онлайн төлем) пайдалана алмайсыз дей алмаймыз. Сол сияқты сатушыға да онлайн төлеммен ақша алма деуге құқымыз жоқ. Бар болғаны, сатушы чек беруді білсін, әдейі бермесе немесе ұмытып кетсе, сатып алушы чек беруді талап етсін. Сонда сатушы өзінің салық режимі бойынша салығын төлейді. Егер сатушы чек беруден бас тартса, сатып алушы құзырлы орынға шағым түсірсін. Ары қарай ол дүкенге тексеру басталады, – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Смартфондағы Kaspi қосымшасы арқылы төлем жасау, әсіресе киім-кешек базарларында кең етек жайған. Жасыратыны жоқ, базар сатушылары чек беруге құлықсыз болып келеді. Сондықтан сатып алушы құқын талап етсін.
Әлібек Әбділовтің айтуынша, кез келген базар әкімшілігі базардағы сауда нүктесін кассалық аппараты бар кәсіпкерге ғана беруі тиіс. Ал кассалық аппараты бар кәсіпкер төлемді қай тәсілмен жасасаңыз да, чек беруге міндетті.
– Сатушы мен сатып алушының чек беру мен алудағы жауапсыздығы салдарынан бюджетте салық дефициті болуы әбден мүмкін. Бұған жол бермес үшін әр адам жауапкершілігін түсінуі тиіс. Бұл бағытта өз тарапымыздан түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Мәселен, жыл сайын азаматтардан чек талап етуге ынталандыру үшін «Чек талап ет те, жүлде ұтып ал» акциясын ұйымдастырамыз. Мысалы, биыл мамыр мен тамыз аралығында өтіп жатқан акцияға қатысушылар үшін 100 айфон телефоны ойнатылып жатыр. Чек өткізіп, акцияға қатысып, телефон ұтып жатқандар бар, – дейді ол.
Комитеттің ресми өкілі алдағы жылы еліміздегі кәсіпкерлік субъектінің барлығы онлайн-касса аппараттарына көшетінін айтады. Сол кезде сатушының салықтық есебін күтпей-ақ оның кіріс-шығысын онлайн бақылауға мүмкіндік туады дейді. Біздіңше, бұл смартфондағы банк қосымшасы арқылы төлем қабылдап, салықтан жалтарып отырған кәсіпкерлерді тәубесіне түсіре қоймайтын сияқты. Десе де, уақыт – төреші.
Мұны тоқтатудың бір ғана жолы бар – ол адамдардың азаматтық ұстанымы, чек талап етудегі ерік-жігері. Төлемді қалай алсаңыз да, өзіңіз біліңіз, маған чек беріңіз дейтін деңгейге жетсек, кәсіпкер салықтан жалтара алмайды. Ол үшін, әрине, халықтың менталитеті өзгеруі керек.
Қалай десек те, халықтың қаржылық сауатын арттыру мәселесі тағы да алдымыздан шығып отыр. Zertteu институты қоғамдық қорының бюджет сарапшысы Ғалымжан Оразымбет те смартфон арқылы сатушының жеке картасына төлем аудару – бюджет түсімдеріне елеулі әсер ететінін айтады.
– Себебі, сатушы мен тұтынушының жеке карталарындағы сату, сатып алу транзакцияларын бақылай алмаймыз, кез келген картаға аударылған аударымдардың мақсатын білмейміз. Демек, смартфон арқылы төлем жасаушылардың саны 10 мың болсын, 100 мың болсын, бұл тәсілмен сауда қаншалықты көп жасалса, бюджет соншалықты салықтан айырылып отыр. Мұны тоқтатудың бір ғана жолы бар – ол адамдардың азаматтық ұстанымы, чек талап етудегі ерік-жігері. Төлемді қалай алсаңыз да, өзіңіз біліңіз, маған чек беріңіз дейтін деңгейге жетсек, кәсіпкер салықтан жалтара алмайды. Ол үшін, әрине, халықтың менталитеті өзгеруі керек. Талапшылдық маңызды рөл ойнайды, – дейді ол.
Жалпы, бұл мәселе соңғы уақытта әлеуметтік желіде де талқылана бастады және мұны көзі ашық кәсіпкерлердің өзі көтеріп отыр. Жеке кәсіпкерді салық төлеуден жалтармайтындай етудің амал-шарғысын ұсынып жатқандар да бар. Мысалы, Kaspi Вank Kaspi Gold Business сияқты қосымша жасап, төлем үшін берілетін бонусты салыққа қосса, мысалы 3 пайыз салықтың 1 пайызын бонуспен жауып берсе, кәсіпкердің бәрі осы жүйеге көшер еді дейді. Алайда Ғалымжан Оразымбеттің пікірінше, мұндай түрлі-түрлі он қосымша жасауға да, бір ғана карта қолдануды талап етуге де болады, бірақ кәсіпкер салықтан жалтарудың басқа жолын табады.
Есте болса, келер жылы Қазақстан халқы жалпыға ортақ декларация тапсыруға көшуі тиіс болатын. Алайда түрлі себептерден кейін биыл декларациялауға кезең-кезеңмен көшу туралы шешім қабылданды. Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жалпыға ортақ декларация аясында жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын қазақстандықтар және олардың жұбайлары; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен олардың жұбайлары; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары; «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Құнды қағаздар нарығы туралы» заңға сәйкес декларация тапсыру жөнінде міндеттеме жүктелген тұлғалар декларация тапсырады. Екінші кезеңде – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін декларация толтыру қарастырылды. Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайларына, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларына декларация енгізіледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары үшін декларация енгізіледі. Бұл барлық қазақстандық үшін міндетті декларация. Сарапшылар пікірінше, салық төлеуге құлықсыз кәсіпкерлерді осы декларация тәртіпке салуы мүмкін.
– Онда да декларацияны тапсыру тетіктерінің қалай жасалатыны маңызды. Украина мысалын айтсам, ол елде кіріс декларациясы мен шығыс декларациясын тапсырудың тиімді тетіктері жасалған. Декларация тапсырушының кіріс пен шығысының айырмасы сарапталады. Сондықтан декларациядан үміт күтуге болады. Алайда оған дейін әлі бес жыл бар. Ал бес жылда қанша салықтан айырылып қалатынымыз белгісіз. Сол себепті, бюджет түсімі азаймауы үшін қазақстандықтар төлем жасаған соң чек талап етуді әдетке айналдыруы тиіс. Дәл қазіргі уақытта бұдан өзге жол жоқ, – дейді бюджет сарапшысы.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ