Еліміздегі жетекші партияның қалалық және аудандық филиалдарында халықтың мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөлініп, азаматтардың қажеттіліктері, тұрғындар сұранысы қамтамасыз етіліп жүр. Бұл орайда аймақтардағы қоғамдық қабылдаулардың рөлі ерекше. Осы мақсатта Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық және қалалық филиалы «Ясный» тұрғын үй алабында орналасқан Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Тұрғындарды қала әкімінің орынбасары, партия филиалдары және жергілікті атқарушы органдар басшылары, сондай-ақ қалалық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясы мүшелері қабылдады.
Тұрғындар көбінесе жұмыспен қамту, жер, тұрғын үй мәселелері және автобус маршруты мен жол мәселелері бойынша өтініш-тілектерін білдірді. Азаматтарды қабылдау барысында оларға денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамту аясында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғышарттары түсіндірілді.
Қоғамдық қабылдауға екінші топ мүгедегі Әйгерім Кенбаева есімді тұрғын жеке кәсіп ашу мәселесі бойынша келіпті. Қолға алған ісіне қолдау көрсетуін сұраған Әйгерімге Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев кәсіпкерге бос ғимарат қарастырып, мүгедек жандарға арналған шынықтыру орталығын ашуға көмектесетінін жеткізді.
Орталыққа келген тағы бір тұрғын Айсара Капина бағдарламашы мамандығы бойынша оқуын тамамдаған. Мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасқысы келетін жас маманға жұмыспен қамту орталығынан түсіндірме жұмыстарымен қатар қандай аталым бойынша сынақ тапсыру керегі айтылып, қажетті құжаттарды жинақтауға кеңес берілді.
Өңір тұрғыны Әбдіғали Рахманов өз кезегінде қоғамдық көлік қатынасын сөз етті. Оның айтуынша, «Ясный» тұрғын үйіне қатынайтын №14 автобусқа халық сыймайды екен. Сондай-ақ тұрғын үй маңынан алыс жерге тоқтайтын автобусқа жету машақаты да барын жасырмады. Сондықтан тұрғындар №14 автобустың ауыл ішін айналуын немесе тағы да маршрут бөлінуін сұрайтынын жеткізді. Аталған сұраққа аудан әкімі жауап беріп, мәселенің шешілу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Айта кетейік, өзекті мәселелерді жедел шешіп, көмек беруде партия филиалы қоғамдық қабылдауларды ай сайын ұйымдастырып келеді.