Қазіргі технологияның дамыған дәуірінде адамзат бала тәрбиесінде көптеген кемшілік жіберіп жатыр. Балалар құқы заң нормаларының қорғауымен шектелмей, сонымен қатар баланы тиісті дәрежеде тәрбиелеу институтын құру қажет. Осы мақсатта Қостанай өңіріне Нұр-Сұлтан қаласынан Nur Otan партиясы жанынан құрылған балалар құқын қорғау жөніндегі көшпелі сараптамалық жұмыс тобы келді.
5 тамыздан бастап, Президент Әкімшілігі бастамасымен және Nur Otan партиясы мұрындық болған «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі көшпелі сараптамалық топ жұмысын бастады.
Елбасының бастамасымен 2019 жылдың ақпан айынан бастап елімізде төрт жалпыұлттық жобаның жүзеге асып жатқанын білесіздер. Соның бірі – «Бақытты отбасы» жобасы. Аталған жоба шеңберінде Nur Otan партиясы жанынан Балалардың құқықтарын қорғау жөнінде кеңес құрылып, Президент Әкімшілігі жанынан балалардың заңдық мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін жүйені жетілдіру бойынша ұсыныстарды жинау мен зерттеу үшін жұмыс тобы құрылды, – дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.
Республикалық кеңестің көздегені – «Бақытты отбасы» жобасының өңірдегі іске асырылу барысымен танысу, қиын жағдайларға тап болған отбасыларға көмектесу және балалық шақтың барынша қорғалуын қамтамасыз ету.
– Жергілікті атқарушы органдардың балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті инфрақұрылым мен орта құру бойынша жұмыс жоспарымен танысуға келдім. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасыларға көмек беріп, көпбалалы аналар қауымын жұмысқа орналастыру және баспанамен қамту мәселелерінің қаншалықты оң сипат алып жатқанын таразылайтын боламыз, – дейді Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева. Сапар барысында сараптамалық топ бірқатар ауданды аралап, ондағы балалар ісі жөніндегі жауапты мамандардың жұмыстарын таразылап, тәжірибелерімен бөлісетін болады. Аталған көшпелі кеңес аймақ аумағында 5-7 тамыз аралығында жұмыс істейді.