Алимент өндіру – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде алимент төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелердің қатары жыл санап артып барады. Өкінішке қарай, Шымкент қаласында бұл әлеуметтік мәселенің көрсеткіші тым жоғары болып тұр. Nur Otan партиясының өкілдері бұл түйткілді мәселеге алаңдаулы.
Осы орайда, Шымкентте Nur Otan партиясы филиалы Әділет департаментімен, Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасымен бірлесіп меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында қалалық партия филиалында «Атқарушылық өндіріс барысында мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының, заңнама талаптарының сақталуы мәселелері» тақырыбында талқылау өткізілді. Мәжіліске төрағалық еткен Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов партия тарапынан халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
– Партия тұрақты түрде азаматтармен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдап, мәселелерді шешуге ықпал ету үшін тиісті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен байланыс орнатып келеді. Нәтижесінде, азаматтарды жиі мазалайтын сұрақтар қатарында сот актілерінің орындалмауы көп екені анықталды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар істерге – алимент, жалақы өндіру барысына баса назар аударған жөн, – дейді Бахадыр Мәдәліұлы.
Шарада қалалық Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Камалов, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Төребаев, Шымкент қаласының Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Мадияр Әбдібай сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Партиялықтар тарапынан мемлекетімізде жалпы заңдылық талаптарының сақталуы бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, мәселенің шешілу жолдары талқыланды. Мәжіліс соңында осы бағытта бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарға енгізіліп, нәтижелі жұмыс атқару жөнінде нақты шешімдер қабылданды.