Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайтыны шындық. Қазіргі кезде әлемде халықтың саны өскен сайын, ғаламдық климаттың жылынуы тұщы су мәселесінің өзектілігін арттырып отыр. БҰҰ тұжырымы бойынша, әлемде 2 миллиардтан астам халық ауызсу тапшылығынан зардап шегіп отыр.
Дүниежүзінде қалыптасқан ауызсу тапшылығы Қазақстанда да көрініс тауып отыр. Қазіргі кезде су ресурстары мәселелерін кең көлемде қарастыратын болсақ, алдағы уақытта Қазақстан үшін бұл күрделі сұраққа айналатыны анық. Еліміздің аймақтарындағы су ресурстарының бірқалыпты таралмауы, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, антропогендік факторлар, сондай-ақ республикадағы басты өзендердің трансшекаралық болуы, яғни су бастау алатын көрші мемлекеттердің экономикасының қарқынды дамуы, ондағы халық санының өсуі суға деген сұранысты жоғарылатып отыр.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету басты бағыт болатынын және су тапшылығы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне жатқызылуы тектен тек емес екенін ескерткені баршамызға мәлім. Елбасының 2008 жылдың көктемінде берген тапсырмасына сәйкес Қазақстанның беделді су мамандары жүргізіп отырған «Табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» сәтті жүзеге асырылуда.
Мысалы, 2009-2011 жылдары География институтында, республиканың су саласындағы жетекші ұйымдарында, атап айтқанда География институты, ҚазҰАУ, ҚазСШҒЗИ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Дулати атындағы ТарМУ, Қазгидромет, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және т.б. ұжымдардың қатысуымен «Климаттың және антропогендік өзгерістер әсері жағдайында Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау және болжау» тақырыбында арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама дайындалды. Бұл жұмыстың нәтижесі еліміз үшін маңызы зор. Сонымен қатар ғалымдар дайындаған «Қазақстанның су ресурстары: бағалау, болжау, басқару» атты 30 томдық монография жарыққа шықты. Монографияның өткен ғасырдың 70-жылдарында жасалған жұмыстардан өзгешелігі нарықтық қатынастар дамыған уақыттағы бірінші тың ғылыми еңбек екенін айта кеткен жөн болар. Монографияның негізгі жетістігі – Қазақстандағы климаттың өзгеруін және оған өнеркәсіп орындары мен ауылшаруашылық салаларының теріс іс-әрекеттерінің әсерінен туындайтын гидрологиялық қатерлерді бағалау, су ресурстарын басқару саласының нәтижелері, суды үнемдеу және аумақтық қайта үлестіру жолдары. Монографияда қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын кешенді пайдалануда жүйелік тәсілдерді қолдану, оған климаттың өзгеруінің әсері және шаруашылықтардың әрекеттерін ескере отырып ұзақ мерзімге болжау жасалған. Өзен ағындысын ұзақ мерзімге болжау халықты және экономика салаларын сумен қамтамасыз етуді жоспарлау бойынша маңызды тәжірибелік тапсырмаларды шешу, сонымен қатар мемлекеттер арасындағы су алаптарын өзара бөлісу, өзен ағындысын реттеу барысындағы ірі су шаруашылық іс-шараларды негіздеумен тікелей байланысты.
Бұл ғылыми 30 томдық еңбек 500-ден аса су қауіпсіздігі мәселелері жеке зерттеуші ғалымдардың монографияларымен халықаралық рейтингті басылымдарда жарияланған ғылыми мақалаларымен толықтырылған теңдесіз тәжірибе екенін атап өту керек. Тіршілік көзі – су мәселесін зерттеумен айналысушы сарапшылардың пікіріне қарағанда, қазіргі кезде су ресурстарына байланысты өзекті мәселенің бірі – халықаралық су ағысын пайдалануды реттеу. Себебі, аймақтық және ғаламдық гидрологиялық циклдарды құрайтын өзен жүйелерінің шекарасы болмайды: әлемде 261 су алабы – халықаралық (трансшекаралық) болып табылады; олар жер бетінің 45%-ын алып жатыр. Соңғы 50 жыл ішінде халықаралық алаптарда су проблемаларынан туындаған 500-ден аса қақтығыс жағдайы қалыптасып, кейбір жерлерде әскери іс-қимылдарға дейін баруына мәжбүр етті. Бұл мәселені шешу жолдарын зерттеген еліміздің ғалымдарының жұмыстары туралы атап айтпасқа болмайды. Мысалы, Қазақстан мен Қытай арасын бірнеше халықаралық өзендер байланыстырады. Олардың ішіндегі ең ірілері – Ертіс пен Іле. Екі ел арасындағы келіссөздер барысында халықаралық өзендердің су ресурстарын бөлу туралы келісімдердің бірнеше нұсқасы даярланып, ол мемлекетаралық су бөлудің маңызды мәселелерін шешуде айтарлықтай оңтайлы шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.
Еліміз халықаралық өзендер бойынша Ресеймен де келіссөздер жүргізуде. Атап айтқанда, Қазақстанды сумен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесі қалыптастырылды. Бүкілқазақстандық каналының жолы ұсынылып, Омбы облысына келетін Ертіс ағындысының азаюын өтеу үшін, сонымен бірге, жөнекей гидроэнергетикалық ресурстарды тиімді игеру қолға алынды. Нәтижесінде, Ресей өзендерінің өзара тиімді жаңартылған сызбасы дайындалып, түйінді мәселелер оң шешімін тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымы күні ұлықтау салтанатында алдағы шешілетін өзекті мәселелер қатарына қоршаған ортаны сақтау, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету туралы нақты айтқан болатын.
Қазақстанның халықаралық өзен алаптарындағы, яғни Арал-Сырдария, Іле-Балқаш алабындағы сумен байланысты дағдарысы аумағында экологиялық тұрақсыздықтың жаңа аудандарының дамуы мен пайда болуының болжамы жасалынды. Сонымен қатар келешекте Қытай аумағынан келетін халықаралық Іле өзені ағындысының азаюы жағдайында мемлекеттік маңызға ие су нысаны – біртұтас Балқаш көлін сақтап қалу жобасы дайындалды. Осы ғылыми жұмыстын нәтижесінде Балқаш көлінің акваториясына тиімді жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ Үкімет Қаулысына сәйкес География институтына Көксарай су қоймасының құрылысын салу мен жобасы мен ғылыми-техникалық негіздеме жасау тапсырылған. Институт нәтижелерінен алынған негіздемеге сәйкес жүзеге асқан жобаның мақсаты – Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының тұрақтылығын жоғарылату, Сырдария өзені сағасындағы тұрғын үйлер мен өзге де құрылыс нысандарының көбеюіне байланысты жыл сайын болатын су тасқынын болдырмаудың мүмкіншілігін жоғарылату.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымы күні ұлықтау салтанатында алдағы шешілетін өзекті мәселелер қатарына қоршаған ортаны сақтау, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету туралы нақты айтқан болатын. Қазақстанның су қауіпсіздігі – еліміздің ұлттық, сонымен қатар экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету себептерінің бірі. Неге десек, тұщы су – орны толмас көпсалалық табиғи ресурс, сонымен қатар қоршаған ортаның негізгі арысы және зардаптар мен апаттарға соқтыратын табиғат күші. Республикадағы тұщы су ресурстары тапшылығын жою және онымен байланысты жүктемені азайтудың екі жолы анықталған.
Бірінші – суды үнемдеу. Экономика саласында су үнемдеу, су пайдалану нәтижесін арттыру барысында өзен ағындылары экологиялық шығындарын оңтайландыру арқылы іс-шараларды жүзеге асыру және су пайдалану кешенін дамытуды қарастырады.
Екінші – сумен қамтамасыз ету. Балама су көздерін игеру, өзен ағындысын кеңістік пен уақыт бойынша қайта үйлестіру, іргелес мемлекеттермен су ресурстарын халықаралық ережемен бөлісу, қолда бар су ресурстарын ұлғайту.
Қазақстанның алаптық табиғи-шаруашылық жүйелерін қамтамасыз ету бойынша стратегиялық іс-шараларды жүзеге асыру ұзақ уақытты қажет етеді. Жобалау, құрылыс және жүйелі нысандардың пайдалануға берілуі 10-15 жылға дейінгі уақытты алады. Яғни, стратегиялық іс-шараларды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үлкен дайындықпен, алдын ала басталуы тиіс (орта есеппен алғанда шамамен 25 жыл бұрын). Ұлттық су шаруашылық кешеннің дамуында осы іргелі ұстанымды елемеген жағдайда үлкен экономикалық залал және табиғи ортаның орнына келмейтін қателіктер орын алуы мүмкін. Осы айтылған әлеуметтік-экономикалық және экологиялық маңызы зор мәселе еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Елбасының қойған «2050 жылға қарай Қазақстанда сумен қамтамасыз ету мәселелерін біржолата шешу» міндетінің орындалуының негізгі шарттарының бірі. Себебі, республикамыздың экономикалық, демографиялық және әлеуметтік тұрғыдан тұрақты даму стратегиясының жүзеге асуы халық пен қоғамның таза ауызсу ресурстарының қамтылуына байланысты болып келеді.
Осыған орай, қазіргі таңда су мәселесінің өзектілігін қарастыратын География институтының авторлық ұжымының (А.Медеу – ғылыми жетекші, Т.Есполов, С.Әлімқұлов, Ж.Достай, И.Мальковский, И.Северский, Л.Төлеубаева, А.Тұрсынова) «Қазақстан Республикасы табиғи-шаруашылық жүйелерін ұлттық қауіпсіздік тұрғысында сумен тұрақты қамтамасыз ету саласындағы ғылыми жұмыстар циклы» тақырыбындағы әл-Фараби атындағы ғылым және техника ғылымдары саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына бірден лайық деп санауға болады.
Төлеген СӘРСЕМБЕКОВ,
Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы,
Су шаруашылығының ардагері