Алматы облысы Панфилов ауданы Талды ауылдық округінің аумағындағы таулы жерлерде дала өртін сөндіру кезінде (5 тамызда) 3 адам қаза тапты. Оның біреуі Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері, екеуі өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқан жергілікті тұрғындар. Бұл туралы Ішкі іштер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, 7 адам түрлі дәрежедегі күйік алды, оның ішінде 1 адам аяғын сындырды. Зардап шеккендер Лесновка ауылына тікұшақпен жеткізіліп, одан әрі Жаркент қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызылады.
Оқиға орнында Алматы облысының ТЖД мен Полиция департаментінің жеке құрамынан 59 адам, 13-тен астам арнайы техника, сондай-ақ Жаркент мемлекеттік орман мекемесінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Өрт ошағын сөндіруге өрт сөндірушілер және полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті тұрғындар, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдар жұмылдырылды.
Таулы жердегі өртті сөндіру қиындық туғызуына байланысты суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы тартылған.
«Табиғи апатпен күрес аса қиын жағдайда өтті. Күрделі метеожағдайда айналаның көрінуі нашар болды, өрт сөндірушілерге бірнеше есе дене күшін жұмсауға тура келді. Қазіргі уақытта өртті сөндіру жалғасып жатыр. Оқиға орнына тағы бір «Қазавиақұтқару» тікұшағы жіберілді. Жағдай қатаң бақылауда. Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайларды жою кезінде қаза тапқан және зардап шеккендердің отбастарына көңіл айтады», делінген хабарламада.