Бүкіл әлем мұсылмандарының басы қосылып, бірліктің керемет көрінісіне куә ететін қажылық айы басталды. Қажылардың алғашқы тобы 30 шілдеде сапарға аттанған болатын. Парызын өтеушілер Қазақстанға 17-23 тамыз аралығында оралады. Биыл отандастарымызға жалпы саны 3 200 квота бөлінген.
Қажылық маусымында қазақстандықтарға отандық Scat пен Сауд Арабияның Flynas әуекомпаниясы қызмет көрсетеді. Қос әуекомпаниясына квота теңдей бөлінген. Яғни, Scat 290 және 149 орындық бортпен 4 рейс жасайды. Әуе кемелері Шымкенттен – 5, Ақтаудан – 2, Нұр-Сұлтаннан – 1 , Алматыдан 1 рейс жасап, 1 600 отандасымызды жалпы 9 рейс жасау арқылы Сауд Арабиясына 30 шілде мен 5 тамыз аралығында алып барып, 19-23-тамыз аралығында алып келеді. Flynas әуе компаниясы 400 орынды бортпен 4 рейс жасайды. 2-5 тамыз аралығында алып барып, 17-20 тамызда әкеледі деп жоспарланып отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қажылар төрт қаладан аттанады. Санына келер болсақ, Алматыдан – 1 890, Шымкенттен – 730, Нұр-Сұлтаннан – 290 және Ақтаудан 290 адам жолға шықты. Елге қайту жағына келсек, 2 800 қажы Жидда арқылы барып, Мәдина арқылы қайтса, қалған 400-і Мәдина арқылы барып, Жидда арқылы елге оралады.
Қажылыққа дайындықты әр адам іштей бастайтыны анық. Киелі сапардың маусымдық жұмыстарына кірісу осы жылдың қаңтарында басталған. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі сол кезде келісімшарт жасасқан еді. Нәтижесінде, 3 200 квота алынған. Ол конкурс негізінде қажылықты мойнына алатын фирмаларға бөлінеді. Биыл 18 туристік компанияға сенім артылып отыр. Атап айтқанда, Tawap travel, Waqyp travel, «Қызмет саяхат», Qazaq travel, «Яссауи», «Атлас туризм», «Ордабасы НЖ», «әл-Маруа», «Мина-тур», «Сембекова и К», Hikmet travel, «Ансар круиз», «Нұр-Қазақстан», «Робинзон», «Хидаят-Нұр», «Иман трэвел», Sanabil, Delta travel туристік агенттеріне жүктелген. Бір айта кетерлігі, белгілі бір туристік компанияларға квоталар үлестірілмес бұрын ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мүшелері мен Діни басқарманың бөлім басшылары конкурс өткізеді. Талаптарға сай келгендері ғана іріктеледі. Себебі, отандастарымыздың қауіпсіздігі – толықтай солардың мойнында.
Турфирмалар иелегіне берілген квота санына қарай эконом, стандарт және люкс пакеттерін ұсынады. Яғни, әркім қалтасына қарай таңдауға құқылы. ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділла Бекжігітовтің айтуынша, талап күшейіп, талғам өскен жерде қажылық бағасының қымбат болуы – заңдылық. «Бұл жерде басты айтатын мәселе – қай санатта болсын қажылық жасаушыдан компания шамамен 50 мың теңгеге жуық пайда көреді. Қажылық жасаушыдан алынған қалған қаражат қажының шығындарына жұмсалады. Егер қажылық жасаушыдан компания өкілдері 50-60 мың теңгеден астам пайда көздейтін болса сапалы қызмет көрсете алмайды. Яғни, талғамы жоғары Қазақстандық қажыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілмесе, дұрыс қонақүй, жаңа автобус, Мина мен Арафатта жайлы шатырлар алынбаса отандық қажылардың наразылығын тудырады. Шындығында көршілес елдермен салыстырғанда біздегі қажылықтың құны 1 000-1 500 АҚШ долларына жоғары. Бірақ осы қаражатты отандық компаниялар қалтасына басып жатыр деу қисынсыз. Керісінше, әрбір төленген артық қаражатқа сай олар да сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Өйткені кей мемлекеттерде баға арзан болғанымен, қасиетті орынға барғанда тамақ, жатын орын, тасымал жағы тым төмен екені байқалады. Биылғы қажылық маусымында қызмет көрсететін 18 туристік фирманың алтауы ғана қажыларға VIP пакет түрлерін ұсынады. Осы озық үлгіде қызмет көрсететін туристік фирмаларға адамдар қажылық маусымы ашылмай тұрып, ондағы қажылықтың бағасына қарамай жазылып қояды. Яғни, мұндай құны да, сапасы да жоғары туристік фирмалармен бару кез келген қажыға бұйыра бермейді. Орындары шектеулі туристік фирмалармен барғысы келетін жоғары талғамды талап ететін қажы өте көп. Ал эконом түрінде пакет ұсынған туристік фирмалар әлі күнге дейін адам жинап отыр. Бұл үрдіс виза берудің соңғы күніне дейін жалғасады. Ақиқатында, қажылыққа ниет еткен адам кемінде екі ай бұрын өзіне ыңғайлы фирмаға құжат өткізіп, ұлы сапарға дайындалғаны абзал. Ел аузында жүрген көршілес елдердегі қажылық құнымен отандық туристік фирмаларда пакет түрлерін ұсына алады. Бірақ ондай арзан бағадағы пакет түрлеріне жалпы барушылар арасында сұраныс аз. Алла Тағаланың қажылық сапарын қаржылай мүмкіншілігі жететін пендесіне парыз еткені ақиқат. Сол жақтағы уақыптардың (қайырымдылық мекемелері) тегін қонақүйлерінде жататын көрші елдердегі қажылық құнын мысал қылып, мәселені сырттан іздегіміз келеді. АҚШ пен Еуропаның бірқатар елінен келетін қажылардың жоғары сапаны талап ету себебінен 20-30 мың АҚШ долларын қиналмай төлейтінін айта кетуіміз керек. Сапа талап етілген жерде қажылықтың құны төмен болуы мүмкін емес» дейді ол.
Негізгі жұмысты Сауд Арабиясында Қажылық министрлігіне қарасты мекеме жүргізеді. Бұл мекеме бұрын эконом қызмет түрімен келген қажылардан ақы алмайтын. Бүгінде эконом пакетімен келгендердің әрқайсысынан 300 АҚШ доллары көлемінде баға белгіледі. Ал стандарт пакетінде баға 2 есе өсті. Олар мұны осыдан 3 жыл бұрын өздерінің ішкі заңдарына өзгерістер енгізу арқылы негіздеп алған. Сонымен бірге, бағаның қымбат болуына тікелей тасымалдау жүйесі жолға қойылғаны да себеп болып отыр. Мәселен, бұрын қажылар Стамбұл, Шардж, Дубай арқылы сапар шексе, бүгінде еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі қалаларынан тікелей чартерлік рейстер ашылған. Қажыларды апарған соң қайтарда және алып келерде борт бос болады. Бұл да бағаға әсер етеді. Сонымен бірге, қонақүйге жеткізу, қала ішінде, Мина және Мұздалифаға тасымалдау бағасы 3 есе артқан. Тиісінше, сапа да артты деседі.
Биыл 18 туристік компанияға сенім артылып отыр. Атап айтқанда, Tawap travel, Waqyp travel, «Қызмет саяхат», Qazaq travel, «Яссауи», «Атлас туризм», «Ордабасы НЖ», «әл-Маруа», «Мина-тур», «Сембекова и К», Hikmet travel, «Ансар круиз», «Нұр-Қазақстан», «Робинзон», «Хидаят-Нұр», «Иман трэвел», Sanabil, Delta travel туристік агенттеріне жүктелген.
ҚМДБ Қажылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Қырғыз елі бірталай жылдан бері, Сауд Арабиясының уақыптар қорының тегін қонақүйлерін пайдаланып келеді. Олардың орналасқан жері әл-Харамнан (Қағба) өте алыс жерде. Өзбекстандағы бағаны да бізден арзан деуге келмейді. Қазақстанда орташа баға 4 500-5 000 АҚШ доллары болса, Өзбекстанда да осымен шамалас. Ал Ресей қажылары да қазақстандық қажылар талап ететін қызмет сапасын талап етпейді. Сондықтан едәуір арзан қонақүй алады, чартерлік рейстен 400-500 АҚШ долларына арзан рейстік әуе ұшақтарымен тасымалданады. Қазақстан қажылық миссиясының негізгі құрамында 12 кісі бар. Оның ішіне басшылық құрам, уағызшы-имамдар, пәтуашы-ғалымдар, журналистер мен дәрігерлер кіреді. Миссия жұмысы ұйымдастырушылық, уағыз-насихат, ақпарат және алғашқы дәрігерлік көмек бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
«31 шілдеден бастап Меккедеміз. Қажыларымыздың соңғы легі 5 тамызда келіп, жалпы саны 3 200 қазақстандықтың табаны қасиетті жерге тиді. Үлкен қажылық 9-11 аралығында өтеді. Ал оған дейін Умра, яғни кіші қажылық өтейміз. Қажыларымыздың жағдайын білу үшін қонақүйлерді аралап келдік. Іші қалай, тамағы жақсы ма, неше мезгіл ауқаттанады, қажыларға жағдай жасалу деңгейі қандай екенін жіті бақылауда ұстаймыз. Сонымен бірге, байланыс құралдары, интернеттің барын да қарадық. Себебі, отандастарымызды таппай қалмас үшін бәрін қадағалау қажет. Санитарлық талаптар да маңызды. Міне, осының бәрі – Қазақстан қажылық миссиясының бақылауында. Бұл – үлкен сапар. Қиындығы көп. Сондықтан қажыларымызға сабыр тілейміз. Көбі бірінші рет келіп жатыр. Ыстыққа шыдау оңай емес. Суық су ішкеннен не болмаса желдеткіштің астында ұзақ отырып қалғаннан кейбірі ауырып қалуы мүмкін. Әр туристік компанияның дәрігерлері бар. Оларда дәрілердің жеткілікті болуын да назарда ұстаймыз. Мұнда көп жағдайда қан қысымы көтеріліп жатады. Сол кезде тиісті құралдардың болуы шарт. Оны да тексеріп шықтық. Қажылық компанияларының қызмет көрсету сапасы көңілден шықпаса, келесі жылы квотасын азайту мәселесін қарастырамыз. Өйткені адамдар 5 мың доллар төлеген соң, сапалы қызмет алуы керек. Адамның көптігінен әл-Харамда тіптен ыстық. Біздің жақпен салыстыруға келмейді. Қонақүйлердің арақашықтығы – шамамен 2 шақырымдай. Алда Мина, Мұздалифада түнейтін күндер бар. Баршамызға Алла жеңілдігін берсін!» дейді ҚМДБ наиб-мүфтиі, Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы Алау Әділбаев.
Мақаланы өткен жылы қажылыққа барған Ағабек Қонарбайұлы айтып берген мынадай әңгімемен түйіндесек. «Кувейттік шейх Омар Халифа аш-Шайиджи әлеуметтік желіде ғибратты мысалмен бөлісіпті. Ғалым кран құлап, дүние салған мысырлық мұсылман жайлы әңгімелейді. Ол ұзақ жылдар бойы қажылыққа қаржы жинайды. Ұлы сапарға шығу үшін барлық мүлкін сатуға мәжбүр болыпты. Тіпті өмір бойы жиған-тергеніне сатып алған жер телімін де саудалауға шешім қабылдайды. Адамдар «Бәрін сатып бітірдің, енді қызыңа неңді қалдырып бара жатсың» дегенде: «Оған Алланы қалдырып бара жатырмын. Ол – Жарылқаушы, бәрінен Ұлы» депті. Мысырлық қажы қасиетті мекен – Меккеде жан тапсыруды армандапты және қайтыс болған жағдайда сол жерде жерлеуді өтінген. Алла аузына салды ма, шынайы қалады ма, әйтеуір тілегі орындалып, қасиетті жерде қайтыс болғандар арасында әлгі адам да болған. Сауд Арабия Корольдігі үстіне кран құлап, мерт болғандардың туыстарына 2 миллион фунт өтемақы төледі. Қайтыс болған мысырлық қажының қызы да осы қаржыны алыпты. «Ол Аллаға әділ болды. Алла да оған әділ болды» деп жазды кувейттік ғалым. Иә, өзінің өлімі арқылы өнеге қалдырды. Раббымыз рақымына бөлесін дейміз. Отбасын, қызметін, көлігін, мал-мүлкін тастап, Мекке мен Мәдинаны бетке алып, Жаратушының шақыртуын қабыл алған пенде екі құлаш матаға оранып, Алланың алдында күнәлары үшін жарылқау тілейді, өкінген күйде кешірім сұрайды, іштей есеп беріп, онымен сырласады. Қате-кемшіліктер мен жасаған күнәларың үшін өзіңді жеп қоя жаздайсың, ұялған түрде алақан жайып, дұға етесің. Оны қайталамауға уәде бересің. Ал жасаған жақсылықтарың мен ізгі амалдарың үшін Жаратқаннан жарылқау тілейсің. Қажылық Алла мен адамның арасындағы сырлы сұхбат іспетті. Осылайша, қажылықтан қайтқан адам өмірге қайта келгендей күй кешеді...