«Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» атты жас ғалымдардың ІІІ Халықаралық форумы басталды. Алқалы жиынға Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми де қатысты. Қатысушыларға арналған алғысөзінде ол Қазақстанда жас ғалымдардың халықаралық форумын өткізу жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.
Конституциялық кеңес төрағасы атанған форумның ғылым, білім беру және инновациялар саласындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша беделді пікірталас алаңына айналғанын атап өтті. «Биыл форум ерекше маңызға ие болды. Өйткені Жастар жылы аясында ұйымдастырылды» дей келе, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастама жасаған, қазақстандықтардың жас буынына шетелде жоғары білім алуға бірегей мүмкіндік беретін «Болашақ» стипендиясының маңызын атап өтті.
– Қарқынды даму мен заманауи сын-қатерлер қоғам мен мемлекет алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл процесте саяси-құқықтық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар эволюциясының векторларын айқындайтын Конституция маңызды рөл атқарады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері Конституцияда бекітілген жалпыадамзаттық құндылықтарды жүзеге асыруға қызмет етуі тиіс, – деді Қайрат Мәми.
Сондай-ақ 12 елдің жас ғалымдары алдында сөз сөйлеген Қ.Мәми Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған эстафетаны жалғастырып, Ұлы ақынның 38-ші қара сөзінен үзінді келтіріп, жастардың ізденісіне сәттілік тіледі.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ