Орталық коммуникациялар қызметінде Bolashaq қауымдастығының нетуоркинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жобасы мен Jastar Otanga инновациялық идеялар фестивалінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Кездесуге Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлбану Заманбекова, ғалым-биотехнолог Дәмел Мектепбаева, Bolashaq қауымдастығының жоба менеджері Әлішер Амангелдіұлы қатысып, жобаның мақсаты мен негізгі міндеттері жайында баяндады.
– Нетуоркинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасу жобасының мақсаты – іс-шараларды ұйымдастыруда, мемлекеттік органдармен жұмыс істеуде тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы ҮЕҰ жастарына қолдау көрсету. Жоба республикамыздың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қамтиды, – деп атап өтті Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.
Айтулы жоба Қазақстанда Жастар жылы аясында алғаш рет жүзеге асқалы отыр. Жоба барысында өзара әрекеттесу арналарын кеңейту, жастар ұйымдары мен ҮЕҰ арасындағы білім мен тәжірибе алмасу, жастар ұйымдарының өкілдері үшін тренингтер, семинарлар, диалог алаңдары ұйымдастырылады. Жастарға арналған тренингтер мен семинарларды білікті жаттықтырушылар, жастар ұйымдарының тәжірибелі өкілдері өткізеді. Іс-шара 13-14 тамызда – Павлодар облысы, 19-20 тамызда – Нұр-Сұлтан қаласы, 27-28 тамызда – Батыс Қазақстан облысы, 3-4 қыркүйекте – Алматы облысы, 10-11 қыркүйекте Шымкент қаласында өтеді деп жоспарлануда. Жобаның нәтижелері бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның екі белсенді қазақстандық тәжірибелерінің жинағы шығады.
– Bolashaq қауымдастығының Нетуоркинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасуы жобасы мен Jastar Otanga инновациялық идеялар фестиваліне еліміздің жастар ұйымдары, жастармен қарым-қатынастағы ҮЕҰ-лар, жастар ресурстық орталықтары қатыса алады. Жобаның негізгі міндеті – жастар ұйымдарының озық тәжірибелерін зерделеу, жастар ұйымдарының өкілдері үшін тренинг, шеберлік сағаты, семинарлар өткізіп, диалог алаңдарын құру, Қазақстан мен АҚШ жастары арасында қарым-қатынас орнатып, іс-шаралар өткізу, – деді Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.
Айта кетейік, нетуоркинг және жастар ұйымының тәжірибе алмасу жобасы мен Jastar Otanga инновациялық идеялар фестивалі «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.