Ел аумағында әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен әскери қызметшілердің коронавируспен күреске қатысуы, мерзімді қызметке шақыру бірінші мәселе болып тұр. Осыған байланысты қорғанысқа жауапты ведомство басшылығы бекітілген жоспарларға сәйкес жауынгерлік оқуды толық көлемде жалғастыруға және карантиндік шараларды қатаң сақтауға баса назар аударуда. Қазіргі уақытта Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерімен жасақталып жатыр. Шақыру комиссиялары өз жұмыстарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай орындауда. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев шақырушылардың ауқымды бөлігін коронавирусты анықтайтын зертханалық тексеруден өткізуді және жергілікті басқару органдарымен өзара әрекеттесуде қажетті шығын материалдармен қамтамасыз етуді қолға алуды тапсырды. Сарбаздардың денсаулықтарын сақтау, әскери ортада індеттің таралуына жол бермеу үшін оларды екі рет: шақыру пункттерінде, әскери бөлімге келгеннен кейін тексеруден өткізіп және екі апталық карантинге міндетті оқшаулауға жіберу мақсатқа сәйкес өткізіліп жатыр.
ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДАҒЫ ӨЗГЕРІС
Күрделі эпидемиологиялық жағдайда әскерлерді даярлау форматының өзгеруі мәжбүрлі шара екені сөзсіз. Лагерьлік жиындар полигондарға бармай, тұрақты орналасқан пункттерге жақын жерде далалық сабақтар түрінде өткізілуде. Министр Бас қолбасшылар мен әскерлер қолбасшыларына өткізілетін сабақтарды жан-жақты бақылауды қамтамасыз ету, мақсаттары мен нақты түпкілікті нәтижелерін көрсете отырып, сабақтар бағдарламаларын әзірлеу және жеке өзі бекіту жөнінде нұсқаулар да берді. Айта кету керек, десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері парашютпен 800-ден астам секіруді жүзеге асырды, оның 64-і түнде өткізілді. Әскерлерде арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізіліп, мамандықтар бойынша дайындық жалғасуда. Әуеқорғанысы күштерінде авиациялық техниканы жөндеу мен жаңғыртудан кейін қабылдау жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылады, жас ұшқыштар құрамымен ұшу дағдыларын оқыту және жетілдіру үшін жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары өткізіледі. Барлау бөлімшелерімен, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерімен және артиллериялық бөлімшелермен лагерьлік жиын өткізіледі. Олар әдеттегідей өңірлік принцип бойынша өтеді, онда аймақ әскерлері көп шақырымды жаяу шерулер, әскери техниканың шығуы және берілген полигонға шоғырланады.ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРМИЯЛЫҚ ОЙЫНДАР
Әскерлердің жауынгерлік оқу нысандарының бірі – халықаралық армиялық ойындар. Бұл жай ғана жарыс емес, армияны дайындау мен оның жауынгерлік қабілетін күшейтудің элементі саналады. Жаттығулар мен жарыстар барысында әскери қызметшілер өз шеберліктерін арттырып, түрлі қару-жарақ пен әскери техниканы игеріп, әскердің дайындық деңгейін көрсетіп, басқалардан үйренуге мүмкіндік ала отырып, тәжірибе алмасады. Ауқымды халықаралық әскери жарыстар әскери-саяси байланыстарды нығайтуға өз ықпалын тигізеді. Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, Қорғаныс министрі генерал-лейтенант: – Санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар мен ойындарды ұйымдастырушы елдердің талаптарын ескеру және сақтау маңызды. Қатысушыларға карантин және тестілеу бойынша қатаң медициналық талаптар қолданылады. Барлық сайыс елді мекендерден алшақ, сондай-ақ ашық ауада өткізіледі, – дейді. Жылдағы дәстүрге сәйкес, АрМИ-2020 армиялық ойындарының бірнеше сайысы еліміз аумағындағы Гвардейск гарнизонының полигондарында өтетін болды. Сонымен қатар армиялық ойындарға қатысу туралы түпкілікті шешім эпидемиологиялық жағдайды негізге ала отырып қабылданады.ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ ҚАЙТАДАН БАСТАЛДЫ
Қарулы Күштер жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай органдарына дезинфекциялау бойынша көмек көрсетуді қайтадан бастап кетті. Атап айтқанда, Атырауда қалалық қызметке көмек ретінде әскери қызметшілердің жеке құрамы мен қажетті жабдықтар бөлінді. Дезинфекциялау жұмыстары Ақмола, Тараз, Шымкент және Қызылорда гарнизондарында жоспарланған. Қарағанды әскери лазарет дәрігерлерінің бір тобы азаматтық медицина мамандарымен бірге коронавируспен күресуге қатысуда.ЕЛОРДАДА ҚАЛАЙ?
Нұр-Сұлтан қаласының жиын пунктінде жас сарбаздар Қарулы Күштер қатарына аттанды. Әскери ант қабылдағаннан кейін олар Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерде қызметтерін атқарады. Қазіргі уақытта әскерге баратын жастардың денсаулығы маңызды. Әскери қызметке жөнелтілетін жастардың арасына коронавирустың тарамауы жіті қолға алынған. Қалалық жиын пунктінің бақылау-өткізу бекетінде келушілердің дене температурасы өлшеніп, медициналық бетперде беріледі. Дәрігерлік комиссия тексерістен өту кезінде азаматтар арақашықтықты ұстанып, қолдарын дезинфекциялау ерітінділерімен жуып, гигиенаның барлық талаптарын орындауын қадағалайды. Ерболат ЖҮСІПОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығының орынбасары : – Биылғы жылы Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 30 сәуірдегі №312 Жарлығы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқанының өткізілу уақыты тамыз айына дейін созылды. Наурыз-мамыр аралығында басталған карантин шаралары уақытында мерзімді әскери қызметке шақыру уақытша тоқтатылып, мамыр айының аяғында қайта басталды. Мамыр-маусым айларында Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара әскерлері мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін жас сарбаздармен толықтыру жоспарлы түрде орындалды, – дейді. Осы уақытқа дейін елордалық 530-ден астам жас жігіт әскер сапына алынса, келесі шақырылатын жастар Қапшағай қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлер және Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері әскери бөлімдері секілді элиталық бөлімдерге барады. Сонымен бірге механикаландырылған бригадалар мен әуеқорғанысы күштері бөлімдерін 18 бен 27 жас аралығындағы жастар толықтырмақ. Отан қорғау мақсатында әлі 300-дей жігіт елордадан әскери бөлімдерге жіберіледі.