«Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясы 21 тамыздан бастап барлық рейстерге жаңа жол жүгі саясатының қолданылатынын жариялады. Енді бұдан былай жол жүгін тасымалдаудың тегін нормалары таразылық жүйеден даналық жүйеге ауыспақ.
Компанияның Орталық Азия және Қазақстанға сату бойынша директоры Ислам Секербековтің айтуынша, қолға алынып отырған қызмет түрін қазіргі таңда әлемге әйгілі Lufthansa, Asiana, Aeroflot сияқты әуе компаниялары қолданады. Яғни, таңдалған тарифтік топқа байланысты енді жолаушылар өздерімен бірге бір немесе екі сөмке алып кіре алады. Эконом-класс бойынша сөмке салмағы 23 келіден, ал бизнес-класта 32 келіден аспауы тиіс. Қосымша жол жүгіне ұшардан 24 сағат бұрын 30 пайыз жеңілдік қарастырылады екен. Алматыда журналистермен кездескен әуе компания басшылығы осының бәрін егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Бұл арқылы біз клиенттерімізге таңдау мүмкіндіктерін молынан ұсынуды қалаймыз. Енгізілген концепцияның әзірге тек халықаралық рейстерге қолданылатынын айтқым келеді, – дейді компания басшысы Питер Фостер.
Компания өкілдерінің сөзінше, халықаралық бағыттарда қолданылатын жаңа тарифтерді жолаушылар өз бетінше таңдай алады. Мәселен, тек қол жүгімен саяхатқа аттанатын жолаушылар жол жүгі үшін артық ақы төлемейді. Мұндай жағдайда билет те арзанға түспек. Не болмаса салмақ ауырлығын төлемей, жол жүгі үшін қосымша орын сатып алуға құқылы.
Қол жүгіне қатысты жаңа қағидалар қарастырылмаған. Тегін қол жүгінің салмағы бұрынғыдай, яғни 8 келі болып қалады. Ұшақ салонында қол жүгінен бөлек қолшатыр, гүл секілді ұсақ заттарды алып жүруге рұқсат етілген. Бұл ретте енгізіліп отырған жаңа ереженің 2019 жылдың 7 тамызына дейін сатып алынған билеттерге қатысы жоқ екенін ескерте кету қажет.
– Жаңа жол жүгі саясаты және My Choice концепциясы халықаралық рейстермен ұшатын жолаушыларға таңдау еркіндігін сыйлайды. Жаңа тұжырымдама бойынша жолаушы өзіне ыңғайлы тарифті таңдай алады. Жол жүгінсіз, бір жүк орынымен немесе екеу болуы мүмкін. Мұның тағы бір пайдасы – егер салмақ артық болып кетсе онда артық салмақ үшін ақы төлемей-ақ жеке бір орын сатып алуға болады. Жолаушы сапарға шығардан бұрын қанша сөмке алатынын есептеуі тиіс. Егер артық орын алып, бірақ оны пайдаланбаса, онда төлем кері қайтарылмайды. Сондай-ақ сөмке өлшемдері де бұрынғыша қалып отыр, – дейді «Эйр Астана» компаниясының Қазақстан мен Орталық Азияда сату жөніндегі директоры Ислам Секербеков.