Атырау облысында 14 отбасы карантинге қарамастан той өткізген

Атырау облысында 14 отбасы карантинге қарамастан той өткізген

Қатаң карантин басталғалы Атырау облысында санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг тобы күнделікті рейд жүргізеді, деп хабарлайды облыстық коммуникациялар қызметі. 11-17 шілде аралығында Атырау қаласы мен жеті ауданда ұйымдастырылған рейд барысында бір аптада 334 карантин режимін бұзу фактісі анықталған. Азық-түлік дүкені, кафелер мен мейрамханалар тексеріліп, тұрғындардың санитарлық талаптарды орындамауына қатысты 46 факті тіркелді. Сондай-ақ, үйлерінде адам жинап, жиын-той өткізген 14 отбасы анықталды. Мониторинг тобы олардың барлығының дерлік Жылыой аудынында белгілі болғанын айтады. Ең көп 187 факті жеке тұлғаның талаптарды сақтамауына байланысты анықталды. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне қатысты да біраз дерек бар. «Атырау облысында дәрі-дәрмек бағасының сақталуын бақылайтын мобильді топ 50-ге жуық дәріхананы тексерді. Нәтижесінде облыс дәріханаларында шекті бағадан асырып дәрі-дәрмек сатқандар анықталды. Оларға тиісті шара қолданылады», - дейді облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов.