Бұл бастама Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Жобаға облыс қазынасынан 54 млн теңге бөлінген.
– Орталық тек қосымша білім берумен ғана емес, оқу үрдісіндегі барлық қатысушыларға психологиялық көмек көрсетеді. Суицид мінез-құлығы бойынша облысымызда соңғы жылдары кәмелет жасына жетпегендердің жағдайы ерекше бақылауды қажет етеді. 2016 жылы 37 оқиға тіркеліп, 8-і суицидпен аяқталды. Одан кейінгі жылы 43 оқиға тіркелсе, соның 10-ы суицидпен аяқталған. 2018 жылы 50 оқиға тіркеліп, оның 12-сі суицидпен аяқталды, – дейді Психологиялық көмек және қосымша білім беру орталығының директоры Елена Петренко.
Орталықтың мамандары әдістемелік кеңес беру, семинар-тренинг, коучингтер өткізеді. Бала мен ата-ананың арасындағы мәселелерді шешу үшін арнайы бөлім де құрылған.
– Мақсатымыз – балалар үшін психологиялық көмектің қолжетімділігін, сапасын арттыру, психолог мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту. Қазір біз жасөскінге психологиялық кеңес беруден бөлек, олармен әскери-патриоттық, көркем-эстетикалық, әлеуметтік бағыттар бойынша да жұмыс істейміз, – деп атап өтті облыстық білім беру басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
Мұндағы мамандар ата-ана мен балалар арасындағы түсінбеушілік, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін алдын алу, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, төтенше жағдайдан кейінгі балалармен жұмыс, суицидтік әрекеттердің алдын алу мен психологиялық диагностика жүргізеді. Арнайы орталық мемлекеттік мекемелер мен бизнес нысандарынан алшақ орналасқан.
– Орталықтың концепциясы мен бағдарламасы – қостанайлық мамандардың еңбегі. Бұған дейін бізге дайын бағдарламаны сатып алу туралы ұсыныс айтылған еді. Алайда біз өзіміздің тәжірибеміз бен менталитетімізге орайластырып, жаңасын құрастырдық, – дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.
Шарада сөз алған Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқықтарының қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева бұл тәжірибені өзге облыстарға да енгізуге болатынын тілге тиек етті.
Айта кетейік, психологиялық қолдау орталығында тәулік бойы 37-08-58 сенім телефоны жұмыс істейді. 10 психолог маманы мен 6 педагог суицидке жақын азаматтарға кеңес береді. Мұнда арнайы мобильді топ құрылған. Сондай-ақ орталық білім мекемелеріндегі психологиялық қызметті көрсететін нысандарды басқарады.