Бұл туралы Ақмола облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Ысқақова хабарлады.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынған 2017 жылдан бері, облыста барлығы 1227,4 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесімен жалдамалы және несие арқылы берілетін баспаналардың құрылысы жүргізілуде. «Биылғы жылға облыста тұрғын үй құрылысы үшін 12,5 миллиард теңге қаржы бағытталды. Оның 10,1 миллиард теңгесі – республикалық, 2,4 миллиард теңгесі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр», – деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Негізінде биыл Ақмола облысында 501,9 мың шаршы метр баспана немесе 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беру жоспарланса, алты айдың қорытындысы бойынша 323 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 3 мың отбасы баспаналы болып үлгерген. Наурыз айынан бастап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы бастау алды. Көпбалалы отбасылардың жалдамалы баспана алуына және тұрғын үй құрылысы үшін республика бойынша өңірлерге 50 миллиард теңге қаржы бөлу көзделген. Осы бағытта жалпы 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр. Яғни, бұл жыл сайын көпбалалы 6 мың отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Биыл Ақмола облысына республикалық бюджет есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,2 миллиард теңгесі көпбалалы отбасыларға салынатын жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына, 220,4 миллион теңгесі көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үйді сатып алу үшін көзделген. Жалдамалы тұрғын үй құрылысы және жалдамалы тұрғын үй сатып алу бағыттарын жүзеге асыру шеңберінде жыл соңына дейін облыс бойынша барлығы 176 көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», – дейді Елена Ысқақова.