Мұның алдында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік мәселемен қала тұрғындарын қабылдаған болатын. Қабылдауға басқарма басшылары, аудан әкімдері мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Елорда әкімі «Мектепке жол» акциясы бойынша кімдердің балаларына оқу жабдықтарын алуға көмек көрсетілетінін, кімдерге «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй кезегіне тұруға болатынын қабылдауда айтқан болатын. Қала әкімі көпбалалы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен, аз қамтылған отбасылармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп тұрады. Бір ай көлемінде өткізілген азаматтарды қабылдау кезінде қала әкімі 200-ден астам адаммен кездесіп, нәтижесінде, 700-ден астам сұрақ бақылауға алынған.
Алдағы уақытта «Ашық әкімдік» астананың барлық аудан тұрғындарымен тиімді кері байланыс орнататын тұрақты алаңға айналатын болады. «Бұл – мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін, сапасын қамтамасыз ететін сұхбат алаңы. Осылайша, қала тұрғындары алдын ала жазылусыз мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерінің түйткілдерін жеткізе алады. Құқықтық және әлеуметтік көмек алу мәселелерін шешеді. Елордалықтар кеңес және өз сауалдарына жауап алу үшін тұрғылықты жері бойынша аудан әкімі аппараттарына жүгіне алады» дейді әкімдіктің баспасөз орталығы.
Ашық есікті 10.00-ден 13.00-ге дейінгі аралықта Алматы ауданы әкімінің аппараты Тәуелсіздік даңғылы, 7 мекенжайында орналасқан аудан әкімдігінің ғимаратында, Байқоңыр ауданының әкімдігі «Жастар» сарайында (Республика даңғылы, 34), Есіл ауданының әкімдігі аудандық әкімдік ғимаратында (Қабанбай батыр көшесі, 33), Сарыарқа ауданының әкімдігі Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайында орналасқан әкімдік ғимаратында өткізеді.