Оған табиғи ресурстардың, қоршаған ортаның ластануы, азаюы, табиғи ресурстардың бүлінуі, жойылуы, кәсіпорын, құрылыс ғимараттарын және басқа да объектілерді жоспарлау, орналастыру, салу, қайта өңдеу және пайдалануға дайындау, пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу жатады. Мұндай істерді соттар, ішкі істер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау органдары қарастырады. Кінәлі жеке және заңды тұлғаларға ескерту беру, айыппұл салу және мүлкін тәркілеуге дейінгі жазалар көзделген. Экология саласындағы қылмыстар ел экономикасына ғана залалын тигізіп қоймай, адам тіршілігінің биологиялық негізін жояды. Соның бірі – жер қойнауын заңсыз пайдалану. Мәселен, Жамбыл облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Серік Нұрабаевтың айтуынша, биылдың өзінде аудандарда жұмыс істеген мобильдік топтармен жер қойнауын заңсыз өңдеп жатқан 35 тұлғаны анықтаған. Заңсыз игерілген кен орындардың электронды картасы түсіріліп, оны пайдаланып келген тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты.
Бұдан бөлек, биыл экологиялық құқықбұзушылыққа барған 7 жеке тұлғаға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 139-бабының 1-бөлігіне сәйкес 1 322 750 теңге, ал кодекстің 140-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 30 заңды тұлғаға 3 174 600 теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. Сондай-ақ 7 ауданда (Сарысу, Талас, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ және Жамбыл аудандарында) жергізілген рейд барысында 6 заңсыз жер қойнауын өндіру фактісі тіркеліп, 6 табиғат пайдаланушы 883 750 теңге айыппұл арқалапты. Қазіргі таңда салынған айыппұл толық өндірілген. Ал Мойынқұм ауданында 13 жеке тұлға, бұдан бөлек 3 кәсіпкерге жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны, мемлекетке келтірілген залалы үшін 966 725 теңге көлемінде айыппұл есептелген.
Заңсыз қазылатын орлар ең көп тіркелген аумақтар қатарына Тараз қаласы, Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм, Байзақ аудандары жатқызылуда. Ондағы Талас, Аса, Меркі, Шу өзендері бойынан және Бұрыл, Аққұм тағы басқа тау қыраттарынан құм мен шағал, шақпақтас өндіру тыйылмай отыр екен.
Екінші, бір алаңдатарлық мәселе – ауызсу тапшылығы. Бүгінде ғалымдар жерасты су көздерінің ластануы проблемасын айтып, дабыл қағуда. Оның барлығы қоршаған ортаға тасталып жатқан күл-қоқыстар мен басқа да улы химиялық қалдықтардың салдарынан болуда. Сонымен бірге, суармалы жерлердің өнімділігі жыл санап төмендеп бара жатқаны да ғалымдарды алаңдатып отырғаны анық. Оған бірден-бір себеп – топырақтың сортаңдануы. Сортаңдалған сілтілі топырақтарды химиялық мелиорациялау арқылы құрылымын жақсартып, құнарлылығын арттыруға болады екен. Бұл туралы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, АШҒА және Аграрлық білім берудің халықаралық академиясының академигі Нұрлан Балғабаевтың айтары бар.
– Жыл санап ғылым саласына тың идеялар мен жаңалықтар енгізілуде. Ғалымдарымыз да ізденістерін күшейткен. Облысымыздың жер көлемі үлкен болғанымен оның көп бөлігі игерілмей жатқаны белгілі. Су тапшылығынан Мойынқұм, Сарысу мен Талас аудандарында бұрынғы суармалы егіс алқаптары сортаңданып бітті. Оның үстіне сексеуілдер мен басқа да ағаштардың тұрғындар тарапынан аяусыз оталуы құм көшкінінің басталуына әкеліп отыр. Қазір мұндағы көптеген елдімекендердің айналасы қу тақырға айналып, құм ауыл ішіне еніп кеткені де жасырын емес. Осы мәселеге қарсы шаралар Мойынқұм ауданында тиімді пайдалануда деп айтуға болады. Бүгінде ондағы тоғандардың табаны тазаланып, бетон каналдардың жөнделуі ондағы егіс көлемін арттырып қана отырған жоқ, жердің сортаңдануы мен тал-дарақтың, сексеуілдің тамыр жаюына септігін тигізері анық. Мұндай үрдісті өзге аудандар да қолға алса, жердің сортандануының ғана емес, жалпы экологиялық мәселенің алдын алған болар едік, – дейді ғалым.
Аталған институт басшысы сортаң жерлерді азайтып, суармалы егіс көлемін арттыру өңір экологиясын жақсартудың бір жолы ретінде қарастырады. Оның ішінде желмен қала маңына бей-берекетсіз көтеріліп, сол маңайдағы аулаларды шаңға көміп отырған «Қазфосфат» ЖШС фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыттарының маңында жинаулы тұрған фосфогипс күлін сортаңдануға қарсы пайдалану керегін айтады. Бір жағы қала маңы артық күл-қоқыстан тазартылса, екінші жағынан сортаңданган жердің құнарландырары арттырып, ол жерден азық-түлік қорын молайтуға жол ашылар еді деген ойда. Сондай-ақ қала шетіндегі су көздеріне құйылып жатқан кәріз суларын да тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалана алмай отырмыз. Ал қытайлық инвесторлар болса кәріз суын пайдалану үшін зауыт салуға ниетті. Біздің ғалымдар да кәріз суы арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болатынын айтып, зерттеу жүргізуде екен.
Жамбыл облысы