Nur Otan партиясының «Құтты мекен» жобасы аясында Сарысу аудандық партия филиалының белсенділері Жаңатас қаласының кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысына зерделеу жүргізді.
Партия өкілдері қаланың Дегерес аймағындағы, №3 ықшамаудандағы қайта қалпына келтіру және №6 ықшамаудандағы кәріз жүйелерін тарту барысында бұзылған ішкі кварталдық жолдарды жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланған.
Жалпы, Жаңатас қаласының кәріз желілерін және тазалау ғимараттарын қайта жаңғырту жұмыстары 2013 жылы басталған болатын. Нысанның сметалық құны – 1 миллиард 700 миллион теңге. Кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асады. Бүгінгі таңда 58 шақырым бітіп, жұмыстар толығымен аяқталуға жақын. Биылға жоспарланған 248 миллион теңге қаражаттың әзірге игерілгені – 150 миллион теңге. Бұл қаражатқа 6 шақырым кәріз желісі, 450 құдықша, 450 люк және құдықшаларға түсіп-шығатын темір сатылар орнатылады. Жаңатас қаласында 6-ықшамауданда және 2-ықшамауданда асфальт төселеді.
– 50 жылдық тарихы бар өндірісті қала Жаңатастың кәріз жүйесі жаңармағалы бірталай жылдың жүзі болған. Кәріз жүйесін жаңғырту жөніндегі ауқымды жұмыс 2013 жылы басталды, биыл толық аяқталады деп отырмыз. Былтыр қаланың ауызсу жүйесі жаңарып пайдалануға берілсе, биыл кәріз жүйесі іске қосылып, қаланың 50 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды. Мердігер «СК-Ретма» ЖШС-і кәріз жүйесін тарту кезінде бұзылған ішкі квартал жолдары мен ықшамаудандардағы көпқабатты тұрғын үйлер алдындағы жол жиектемелерін жаңалау жұмыстарын қоса жүргізуде. Қазан айының аяғына дейін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы үйлердегі кәріз жүйесі жаңартылып, іске қосылады, – дейді Nur Otan партиясы Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуаныш Құлыбеков.
Жамбыл облысы