Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз келешек қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осыған орай Қостанай облысында қамкөңіл жандарға қамқорлық таныту бағытындағы шаруаларды ширата түсу көзделген. Бұл ретте Nur Otan партиясының белсенділігін айрықша айта кету керек. Облыс бойынша партиялықтардың бастамасымен әлеуметтік әлсіз топтарға жататын жандар үшін біршама іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында Nur Otan партиясының Рудный қалалық филиалы шағын шаһардағы әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты қолайлы екендігіне бақылау жүргізді.
Руслан Байғанин арбаға таңылса да, ешқашан қоғамдық бастамалардан тыс қалған емес. Бұл жолы партиялықтардың мұрындық болуымен өткізген рейд шарасына қатысты. Оның сөзінше, соңғы жылдары нұротандықтардың көмегімен көшелердегі пандустардың саны артқан. Ол алдағы уақытта, әлеуметтік нысандардың мүгедек жандар үшін одан ары қолжетімді болатынына сенім білдірді.
Партия өкілдері жоба аясында нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұру қолайлылығын тексеру мақсатында рейд ұйымдастырды. Өңірде жарымжан азаматтардың еркін өмір сүруіне барынша жағдай жасалып келеді. Дегенмен кейбір кәсіп өкілдері мүгедектігі бар жандарды ұмытып кететін сияқты, – дейді шаһар тұрғыны Руслан Байғанин.
Рейд тобы өкілдері дүкендер, дәріханалар мен супермаркеттерді тексерді. Бірқатар нысандарда есік, баспалдақ, пандус өлшемдері арнайы талаптарға сай келмейді. Партиялықтар нысан басшыларына ескерту жасап, олқылықтардың орнын толтыру керегін баса айтты.
– Арбаға таңылған жандар үшін қоғамдық орындарда қаншалықты жағдай жасалған? «Кедергісіз келешек» жобасы аясында рейдке шыққан партиялықтар осы сауалға жауап іздеп көрді. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүруін жақсарту, олардың әлеуметтік бейімделуіне қоғам назарын аудару, – дейді Рудный қаласы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі Серік Шайкенов.
Нұротандықтар алдағы уақытта да осындай рейд шараларын ұдайы ұйымдастырмақ ниетте. Осы мақсатта олар сын-ескертпелер жасалған нысандарды тағы бір мәрте тексерістен өткізеді.