Түркістанда республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды. Nur Otan партиясы облыстық филиалы аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке даярлау мақсатында оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтарды табыстады. Партия ұжымы акция кезегін қалалық, аудандық филиалдарға тапсырды.
«Мектепке жол» акциясы 12 жыл бойы 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта 2 млн 600 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 17 млрд 800 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілген. Биыл акция бір ай ерте, яғни 1 шілдеден басталды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын 87 515 отбасы, оның ішінде 508 828 адам бар. Жыл басынан бері Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында көмекке мұқтаж 50 оқушы тіркелген. Сонымен қатар jas otan
Жастар қанаты 5 оқушыны қамқорлығына алған.
Шара кезінде Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева 55 балаға арнаулы сыйлық үлестірді.
– Партия жыл сайын бұл акцияға дәстүрлі түрде атсалысып келеді. Бізден көмек сұрап, қолдау күтетін өңір тұрғындары көп. Біз үнемі бар ресурсты пайдаланып, демеушілер тарту арқылы көмектесіп келеміз. Соның ішінде мектеп оқушыларын мектепке даярлау міндетті көмек деп санаймын. Бүлдіршіндердің білім алуына барынша жағдай жасауымыз керек. Мұны жарияламасақ та болар еді. Дегенмен, қайырымдылық шаралары өзге әріптестеріміз бен кәсіпкерлерге үлгі болса дейміз, – дейді Қ.Жантөреқызы.
Кездесуден соң ата-аналар партия ұжымына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Менің бес балам бар. Жолдасым – екінші топтағы мүгедек. Партиялықтардың бұл игілікті ісі бізге үлкен көмек болып отыр. Өйткені мектепке баратын кез жақындаған сайын балаларымызға қажетті оқу құралдарын сатып алу үшін ерекше дайындалатынбыз. Бұл бір тамаша тарту болды, – дейді көпбалалы ана Айжан Бақтыбаева.
Тізім бойынша партияның беріп жатқан сыйлығын алуға келген жалғызбасты ана Анар Еспенбетова шараға бірінші сыныпқа дайындалып жатқан кіші қызы Кәусар Қалмұратты да ертіп келген екен. Партия өкілдері тосынсый жасап, тізімде болмаса да кіші қызына мектеп сөмкесі мен өзге де құрал-жабдықтарды сыйға тартты.
– Бір балам мүгедек, өзім жалғызбасты анамын. Nur Otan партиясы жылда бізге ұдайы осылай көмектесіп тұрады. Енді міне, екі қызыма мектепке баратын оқу құралдарын сыйға тартып, бізді қуантып отыр. Біз сияқты аналарға жасаған көмегі үшін партиялықтарға алғысымды айтамын, – дейді Жансая Еспенбетова.
Акцияға келген ата-аналар қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндерін жетелеп, үйлеріне тарқасты.