«Әулиеата» әуежайы енді жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қабылдай бастайды. Бейсенбі күні аумаққа осы істің алғашқы қарлығашы – Моңғолия мемлекетінің Monholian Airlines ірі әуе компаниясының жүк ұшағы келіп қонды.
Бұл Иран, Түркия, Батыс Қытай мемлекеттерінің Орта Азия нарығына жүк тасымалы арқылы тауар экспортын шығаруының алғашқы қадамы дейді ұйымдастырушылар. Халықаралық «Әулиеата» әуежайының қону алаңында жүк ұшағының қарсы алынуы салтанатынан кейін екі компанияның өкілдері журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
– Әуежайымыз Еуропа, Азия мемлекеттеріне жақын әуе кеңістігін байланыстырып отыр. Ал бүгінгі алғашқы әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалын жүзеге асыру Тараз әуежайының кешенінде ірі жүк ХАБ-ын құруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні халықаралық деңгейде жүк тасымалын ұйымдастыру және логистика – ел экономикасының күретамырына айналуда. Сондықтан Жамбыл өңірінде жүк ХАБ-ының құрылуы ауылшаруашылық өнімдерін, ет, тірі мал, сондай-ақ медициналық препараттар мен құрылғылар, көлік бөлшектері, экзотикалық өнімдер, техника, электроника экспортын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ал осыдан үш жыл бұрын әуежайымыз күрделі жөндеуден өтіп, халықаралық талаптарға сай қайта жаңғыртылғаны өздеріңізге жақсы мәлім. Сондықтан бүгінгі күні ұшақтардың жолаушылар және жүк тасымалы бойынша барлық санатын қабылдауға әлеуетіміз жетеді. Бұл еліміздегі жүк инфроқұрылымының дамуына себепші болады деген сенімдеміз, – дейді халықаралық «Әулиеата» әуежайы басқармасының төрағасы Дәулет Хамзин.
Моңғолиялық әуе компаниясы бұл жолғы ұшу рейсін SCAT әуе компаниясымен бірлесе жүзеге асырып отыр. Ұшақ Тараз – Ұлан-Батор аралығындағы 4 500 шақырымды төрт сағатта жүріп өтеді. Тараз әуежайына 20 тонна жүк тасымалдау әлеуетіне ие. Бүгінгі күні «Әулиеата» әуежайының өкілдері жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жүргізіп, жамбылдық бизнес өкілдерін әуе қатынасы арқылы тауар тасымалын ұйымдастыру ісіне мейлінше көптеп тартып жатыр. Жақын күндері жамбылдық ет өндіруші агроқұрылымдар өкілдері осы әуе қатынасы арқылы ет экспорттауға тас-түйін дайын отыр.
Тараз қаласы