– Мейрамхан Сағынқызы, жыл басында болған қайғылы оқиғадан кейін елімізде көпбалалы, аз қамтылған және науқас бала бағып отырған аналар мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйымдар күрт көбейді. Солардың бірі – «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы. Азаматтық қоғамның дамуы үшін мұндай институттар керек-ақ. Олай болса, «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы құрылғалы қандай жұмыс атқарылды?
– Дұрыс айтасыз, «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы осы жылдың ақпан айының басында республикамыздың барлық өңірінде стихиялық түрде құрылды. Алайда елордалық бөлімшенің өзгешеліктері болды. Біріншіден, мұнда республикалық бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларында қызмет атқарып жүрген көпбалалы журналист аналар көмек қолын созды. Екіншіден, көпбалалы аналарға, мүгедек бала бағып отырған, асыраушысынан айырылған, толық емес отбасыларға пайдалы ақпаратпен, ресми ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік.
Ең алғашқы қадам әлеуметтік желі арқылы «Ақжүніс» қоғамы Астана бюросының жұмысы басталғанын хабарладық. Аналар лек-легімен күндіз-түні хабарландыруда көрсетілген ұялы телефонға хабарласып жатты. Бірден WһatsApp мессенджерінде «Ақжүніс-Астана» чаттарын аштық, оларға тіркелген аналардың (арасында әкелер де бар) саны бес мыңнан асып кетті.
Сонымен қатар біз мәліметтер базасын жасақтадық, онда көмек сұрап қайырылған аналардың аты-жөні, мекенжайы, әлеуметтік статусы, сонымен қоса қандай мәселесі бар соны тіркедік. Жекелеген арыздарын қабылдадық. Шамамен бір ғана елорда бойынша алты мыңға жуық ананың көкейінде жүрген мәселені қағазға түсірткізіп, арыз-шағымдарын Президент кеңсесіне апарып тапсырдық. Күн сайын WһatsApp мессенджері арқылы аналарымыздың мұң-зарын тыңдап, жеке сауалдарына жауап бердік, әлі де диалог тоқтаған жоқ. Сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беріледі дегенге дейін АӘК туралы жан жақты хабардар болдық. Яғни, АӘК кімдерге беріледі, қандай құжаттар керек, мерзімдері қандай, құжаттарды қайда барып тапсыруға болады, мекенжайлары қайда деген сұрақтарға жауап іздедік. Өзім бастап қаламыздағы еңбекпен қамту орталықтарына барып АӘК беруге дайындық барысын қадағаладық. Аналарға ұялы телефон арқылы хабарлама жіберіп, мемлекеттік мекемелердің орналасқан жері, телефондары, жауапты адамдар, былайша айтқанда, анықтама бюросының қызметіне білек сыбана кірістім. Аналар арасында АӘК қолжетімділік бойынша сауалнама жүргізілді, екінші деңгейлі банктерге барып аналардың алған несие мөлшері, төлем мерзімдерін ұзарту туралы ақпараттар жинадық. Nur Otan партиясының ғимаратында өткен ресми жиындарға қатысып, әлеуметтік саладағы қордаланған мәселелерді аналардың өз аузынан естідім. Ендігі жерде мәселелерді топтай келе ортақ мәселені анықтау керегін түсіндім. Себебі, қалада тұрып жатқан аналардың негізгі мәселесі баланы балабақшаға орналастыру, тұрғын үйге кезекке тұру, жұмысқа орналасу, денсаулығын ретке келтіру, яғни бұлар – қаланың әкімі шешетін мәселе.
Республикамыздың әр түпкірінде тұрып жатқан «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамының әкімшілерімен ақылдаса келе ортақ мәселені алға шығарсақ, сол мәселені билікке жеткізсек деген ой келді.
Бұл, бірінші кезекте, заңнамаға (Неке және отбасы туралы кодекске, Тұрғын үй қатынастары туралы заңға, АӘК туралы және т.б.заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еді. Біздің тұрғын үй қатынастары туралы заңда үй кезегіне тұру үшін төрт баласы бар, бірақ төрт баласының кәмелетке жасы толмаған болуы керек. Елестетіп көріңізші, баласы кәмелетке тола салысымен баланың үй алуға мүмкіндігі бола ма? Сондықтан біз мұндай пунктті алып тастау керек немесе кәмелеттік жастың мөлшерін ұлғайту керек деген ұсыныс айттық. Нәтижесінде, қазір көпбалалы ана баласының ЖОО оқитыны туралы анықтама алып барып берсе, жасы жиырма үшке дейін балалардың жәрдемақысын алып тұрады (баласы жиырма үш жасқа дейін ЖОО-да күндізге бөлімде оқитын болса).
Сонымен қатар аналардың 2017 жылдан бері тоқтап қалған көк кітапшаларын қайтарттық. Әрине, көк кітапшаны көп аналар «менсінбейді», себебі кітапша берілгенімен (он мың бес жүз теңге) жәрдемақысы жоқ. Дегенмен қалалық жердегі жекеменшік, мемлекеттік құрылымдарды осы кітапшаның пайдасын көрдік деген аналар көп.
АӘК есептеу кезінде спорттық жарыстардан, халықаралық пәндік олимпиадалардан түскен қаражат табыс көзі ретінде саналмауына биліктің көзін жеткіздік. Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы уақыттарда да шешімін табатындары жетерлік.
– Бүгіндері қоғамдық ұйым өкілі ретінде мемлекеттік мекемелермен жұмыс істеп жүрсіз, әкімдер аналар құқын қорғаушы ұйымдармен диалогқа қаншалықты дайын екен?
– Екіжақты байланыс орнатылмаған. Қала, аудан әкімдері аналардың базынасын тыңдамағандықтан, олар амалдың жоқтығынан министрліктерге барады. Ал шындап қарайтын болсақ, аналар айтқан мәселелерді қаланың немесе ауданның әкімі оңай шешіп тастауы керек. Мысалы, балабақшаға орналасу мәселесін министр қарамайды. Тіс емдету үшін министрлікке бармайсыз ғой, сол сияқты.
Қ.Тоқаевтың президенттік қызметке кіріскеннен кейінгі екінші аптасында шығарған Жарлығына аналар дән риза.
Ауылда жұмыс жоқтығы салдарынан қаншама отбасы үй-жайын тастап, күнкөріс қамымен астанаға ағылады. Келген бетте дайын тұрған үй қайда, жалдауға пәтер ақысы қымбат. Амалсыз жертөледе, вагонда немесе саяжайда тұруға қорықпай барады. Енді олар қалалық атанып тіркелейін десе, ешкім тіркеуге алмайды, ақысын төлеп тұрғандар міндетті түрде алаяқтарға тап болады. Ол туралы сіздер – «Айқын» газеті көп жазды. Адамдардың санасын шарасыздық жайлап, осыдан соң ашыну, өмірге түңілу басталады.
– Президент өмірлік қиын жағдайда қалған көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың несие қарызының бір бөлігін кешіру туралы шешім қабылдады. Бұл шара аталған топтағы адамдардың несие мәселесін шеше ала ма?
– Несиені кешіру ел Президентінің халыққа жасаған жақсы қадамы деп білемін. Ежелден «халық қаласа, хан түйесін сояды» деген аталы сөз бар емес пе еді? Қ.Тоқаевтың президенттік қызметке кіріскеннен кейінгі екінші аптасында шығарған Жарлығына аналар дән риза. Несиені кешіру туралы Жарлыққа қол қоймастан бұрын біз зерттеулер жүргізіп, несиесінің үстемақысы өсіп кеткендіктен қиын жағдайға тап болған өңірлерде тұрып жатқан аналарды тізімге алдық, олардың саны аз емес екен. Әрбір алынған несиенің тарихымен таныстық. Жүрек сыздататын оқиғалардың куәсі болдық. Банктен жеке кәсіп ашамын деп үш миллион теңге несие алып келе жатқан сегіз баласы бар ерлі-зайыптылар жол апатына түсіп, ері қаза болып, әйелі аурухананың жансақтау бөлімінде жарты жылдан астам уақыт жатып, емделеді. Алынған несие кәсіп ашуға емес ананың денсаулығы мен тағдырдың сынағына тап болған кәмелетке жасы толмаған балалардың күнкөрісіне жұмсалады. Арада бес жылдан астам уақыт өткенде несие қарызы бес миллионнан асып кетеді. Тағы бір мысалға онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршінін өлімге қимай, қалайда аман алып қаламын деген ананы алсақ болады. Ол несие алып, баласын Кореяға апарады. Сондағы дәрігерлер баланы емдеп, аяққа тұрғызады. Банктен алған несие қарызы (өсімі) өсіп кетеді. Ол ана қарызды әлі де төлеп келеді. Дегенмен мемлекет қандай да бір қолдау білдірсе деп үміттенеді. Шынтуайтына келгенде, бұл ананың баласы үшін жасағаны ерлікпен пара пар. Мұндай мысалдар жетерлік.
– Соңғы кезде көпбалалы немесе баласы сырқат әйелдердің әкімдікке баруы жиіледі. Бұл олардың мәселесі шешілмей жатқанын білдірмей ме?
– Әрбір ананың, отбасының амандығы бәрінен де жоғары тұруы керек. Мен мәселені заң аясында шешуге болатындығына көзім анық жеткендіктен, бір де бір анаға «ақыл» айтқан емеспін, айтпаймын да. Аналардың талаптары орындалып жатыр, рет-ретімен шешімін тауып жатыр.
– Бірер күн бұрын астаналық шенеуніктің «астаналық аналар мәселемізді шешпесеңдер, әлеуметтік желі чатындағы әйелдерді алаңға алып шығамыз деп қоқан-лоқы жасайды» деген мазмұндағы сұхбаты жария болды. Бұл орайда, «Ақжүністің» ұстанымы туралы не айтасыз?
– «Ақжүністің» әлеуметтік желілердегі чаттарында қатаң тәртіп орнаған. Мұнда чаттың әкімшілері ғана жазады. Егер ұсыныс пікірлер болып жатса, аналар жекеге шығады. Жекеге жазылған әрбір хабарлама біздің жіті назарымызда.
– Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мәселесін шешу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі екеніңізді білеміз. Жұмыс тобының халықты қуантар жаңалығы бар ма?
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобында сонау ақпаннан бері қыруар жұмыс атқарылды. Жаңалық көп, таяуда ел халқының тұрмысын жақсарту мақсатында «Бақытты ана, Бақытты бала, Бақытты отбасы, Бақытты ел» атты жүз қырық сегіз пункттен тұратын Жол картасы қабылданады деп күтіп отырмыз. Жол картасында аналар үшін көптеген игілікті нығметтер бар. Онда ана мен баланы қорғауға бағытталған шаралар тізбектелген.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ