Қазақстандықтардың 60 пайызы өз өмір деңгейіне қанағаттанады. Бұл жайында Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялаған «2019 жылдағы Қазақстандағы халықтың тұрмыс сапасы» атты зерттеуінде айтылған. Әрине, әлеуметтік желілерде ағындаған арыз-шағымдар, кейбір қоғам өкілдерінің наразылық білдіру үшін көшеге шығып кетуі, тіпті атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждардың көбеюі бұл көрсеткіштің шынайылығына шүбә келтіруге негіз болатындай.
Сонымен бірге, талай ғасырдан бері бастан кешкен қиямет, қиянат, нәубет, ашаршылық, соғыс, этноцид қаймана қазақтың бойына бейбіт күнге, бостан басқа, алдағы асқа қанағат ете білу қасиетін дарытты. «Талаптанып әрнеге, Созады қолын талпынған. Қанағат керек барына, Қолыңда болса жарты нан», – дейді Балқы Базар жырау.
Оның үстіне ислам діні де иманы кәміл мұсылманның бойында болуы керек рухани қасиеттердің бірі ретінде қанағатшылдықты танып, соған тәрбиелейді. Себебі, қанағатсыздық ашкөздік, дүниеқоңыздық, жемқорлық, көреалмаушылық секілді лас қарекеттер мен кесір-кесапаттарға бастайды.
«Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы әдет. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Сондай-ақ ол ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсақ, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады. Хадис шарифте: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» деп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қанағатшыл адамды бақытты адамға теңеп кеткен», – дейді дінтанушы Қайрат Қанапиянов.
Қалай болғанда, Статистика комитетінің «Халық тұрмысының сапасы» сауалнамасы аясында үй шаруашылықтары арасында жүргізген іріктемелі зерттеу қорытындысына жүгінсек, Қазақстан халқының 60 пайызы (респонденттердің жеке, субъективті бағалауы бойынша) жалпы алғанда, өз тұрмысына қанағаттанатынын айтқан.
– Бұл ретте қалалықтарға қарағанда, ауылдық жерлердің тұрғындары арасында қанағаттанғандардың қарасы басым және ондай адамдар үлесі тиісінше 54,4% және 69,3%-ды құрайды. Сонымен бірге, әйелдермен салыстырғанда, ерлердің өз өміріне көбірек қанағаттанатыны анықталды. Бұл көрсеткіш тиісінше 58,5% және 61,8% болды, – дейді отандық статистикашылар.
Атап өту керек, былтырғы зерттеумен салыстырғанда, отбасылардың тұрмысына қанағаттанушылығы елеулі түрде артыпты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 56,6% болған.
Әр нәрсені қанағат тұтуға болады. Мемлекеттік органның ресми зерттеу қорытындысына сәйкес, сұрақтарға жауап берген респонденттердің 48,5 пайызы денсаулығына толығымен көңілі толатынын жеткізсе, тағы 46,5 пайызы тек «ішінара қанағаттанатынын» көрсеткен.
Осы орайда қазақстандықтардың жасы ұлғайған сайын денсаулығына қанағаттану үлесі төмендей беретіні белгілі болды. Мәселен, 15-17 жастағыларға қарағанда зейнеткерлер арасында дені-қары саулар орташа алғанда 2,8 есеге төмен.
Сүйенер ешкімі жоқ, соқа басы жалғыз қалған адамның өз өміріне риза болуы қиын. Психологтардың пайымдауынша, индивидуализм мен ақпараттық технологияларға құрылған заманауи өркениет адамзат арасында жалғыздық сезімін арттырып, осынау эмоционалды ахуалды, әлеуметтік-психологиялық құбылысты эпидемияға айналдыруда.
Дегенмен Қазақстан қоғамын бұл індет әзірге жаппай жайлай қоймағанға ұқсайды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 57,4 пайызы туыстарының, таныстарының моральды қолдауына сенімді екенін білдіріпті. Бұл тұрғыда ерлер мен әйелдердің байламдары бір жерде тоқайласып отыр. Тиісінше олардың 57,6 пайызы және 57,3 пайызы қажет болған кезде жақын-жуықтары мен жора-жолдастарынан лайықты моральды қолдау көреріне сенеді.
Өздерінің қолы бос уақытының көлеміне қазақстандықтардың 44,3 пайызы ғана қанағаттанатынын айтыпты. Қалған 50,9 пайызы – ішінара қанағаттанады, 3,7 пайызы – қанағаттанбайды, ал 1,1 пайызы мұндай сұраққа нақты жауап беруге қиналған көрінеді.
Статорган өкілдері халықтан «негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсетушілердің ұсынылған тізбесінен қайсысының жұмысына қанағаттанатынын» сұрастырыпты.
Бірінші орынға «ақ халатты абзал жандар» шығып отыр: жедел медициналық жәрдем орталықтары көрсететін қызмет сапасына азаматтардың 46 пайызы қанағаттанатынын білдірген. Сонымен бірге, былтырғы зерттеу қорытындысымен салыстырғанда, 2019 жылы полицияның көрсеткен қызметтерінің сапасына қанағаттанған респонденттердің үлесі 1,8 пайыздық тармаққа артып, 38,2%-ға жетті.
Әйтсе де, қанағат сезімі көп жағдайда ырыздық-несібемен байланысып жатады. Сауалнама барысында халық өкілдерінің 59,7 пайызы өздерінің әл-ауқаты соңғы жылы өзгермегенін растаған. Небәрі 36,4 пайызы жақсарғанын мәлім еткен.
Респонденттердің 68,8 пайызы өздерінің материалдық қамсыздандырылу, яғни дәулеті деңгейін «орташа» деп бағалаған. Сұралғандардың бар-жоғы 0,3 пайызы ғана өздерін бай, өте ауқатты санайды. Қалғаны кедей екенін мойындаған. Өзінің қаржылық жағдайына қанағаттанатын қазақстандықтардың қатары 35,9%-ды құрады.
Зерттеу нәтижелері бойынша, респондентердің тек 18,3 пайызы өз күшімен баспана сатып ала алғанына марқайған. Тағы 22,7 пайызы тұрғын үй жағдайын жақсарту саласындағы мемлекеттің қамқорлығына қанағаттанатынын жеткізген.
Респонденттердің 4,4 пайызы баспана жалдауда немесе ипотекалық төлемдерді төлеуде бір рет қаражаттың тапшылығына кездескенін баяндаған. Тағы 1,8%-ында 2 және одан да көп рет осындай қиыншылық туған. Басым бөлігі 55,6 пайызы мұндай проблемадан ада екенін айтқан.
Бір қызығы, қазақстандықтардың небәрі 38,2 пайызы ғана өмірінде бір де бір рет пәтер жалдап тұрмағанын және ипотека алмағанын хабарлапты.
Республикамыздағы отбасылардың 73,9 пайызы барлық мүшелерінің қысқы және жазғы аяқ киімнің екі жұбына ие екенін және болмаса, жаңасын сатып алуға мүмкіндігі барын белгілеген.
19,6 пайызы аяқкиімнен тарыққанын көрсетті. Ал 6,5 пайызы бұл мәселені маңызды деп санамайтын болып шықты. Азаматтардың 44,1%-ының отбасымен, туыстарымен немесе достарымен айына бір рет болса да бірлесіп қыдыруға, бас босуға мүмкіндігі бар. 43,8%-ының мұндай мүмкіндігі жоқ. Тағы 12,1 пайызы мұны қажет деп санамайды.
Қазақстан тұрғындарының 37,4 пайызы болашаққа сеніммен қарайды. 36,4 пайызы болашақта өмірі жақсаратынан үміт қылады. Тек 0,2 пайызы тұрмысы нашарлай түседі деп қамығады.