Nur Otan партиясының
Саяси кеңесі Бюросының
2019 жылғы 8 тамыздағы
№ 009PQ қаулысымен
БЕКІТІЛДІ
Nur Otan партиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, партия Жарғысына, Доктринасына және Бағдарламасына сәйкес жүзеге асырады. Партия 1999 жылдан бастап қызметін атқарады. 2018 жылғы 31 желтоқсан бойынша партия мүшелерінің саны 1 018 406 адамды құрады.
Партия орталық аппаратының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі, 12/1.
Есепті жасау әдісі. Партияның кірістері және шығыстары туралы есеп кассалық әдіспен, ұлттық валютада – теңгемен, өлшем бірлігі – мың теңгемен жасалды.
2018 жыл бойынша кірістер мен шығыстар туралы есеп Партия орталық аппараты, 17 аймақтық (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, облыстар), 217 аумақтық филиал (оның ішінде 181 аудандық және 36 қалалық филиалдар), ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында құрылған 13 филиал және партия құрған немесе оның қатысуымен құрылған ұйымдар бойынша деректерді қамтиды.
2018 жыл бойынша кірістер мен шығыстар туралы есеп Nur Otan партиясы Саяси кеңесі Бюросының шешімімен (2019 жылғы 8 тамыздағы № 009PQ қаулы) бекітілген.
Партия құрған немесе оның қатысуымен құрылған ұйымдар. Партия құрылымында: Nur Otan партиясының Cтратегиялық бастамалар институты» және Nur Otan партиясының Саяси менеджмент академиясы» коммерциялық емес ұйымдар (жеке мекемелер) өз қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ партия 2 коммерциялық ұйымның 100% иесі болып табылады: Nur Otan шаруашылық басқармасы» ЖШС (бұдан ары – ШАРБ) және «НҰР-Медиа» ЖШС (бұдан ары – Холдинг).
ШАРБ қызметінің негізгі бағыттары – партияны сервистік-қосалқы қамтамасыз ету, ғимараттарға қызмет көрсету, сондай-ақ полиграфиялық қызмет болып табылады.
Холдинг партияның республикалық баспа басылымдарын, теле- және радиоарналарын, сондай-ақ интернет ресурстарын біріктіретін партияның медиалық активі болып табылады.
Nur Otan партиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Nur Otan партиясының бағдарламалық құжаттарына, Jas Otan Жарғысына және Бағдарламасына сәйкес жүзеге асыратын Jas Otan Жастар қанатына демеушілік көмек көрсетеді. 2018 жылғы 31 желтоқсан бойынша Жастар қанаты мүшелерінің саны 164 156 адамды құрады.
І. 2018 жыл бойынша кірістер
Партияның кірістері 9 903 197 мың теңге, оның ішінде коммерциялық емес қызметтен кірістер 9 145 128 мың теңге, коммерциялық қызметтен кірістер 758 069 мың теңге құрады.
Кірістер келесі кіріс көздерінен қалыптасады:
– республикалық бюджет қаражатынан;
– партиялық жарналардан;
– кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерден (активтерді басқару, үй-жайларды жалға беру және т.б.);
– Қазақстан Республикасы азаматтарының, мемлекеттік емес ұйымдарының және т.б. қайырмалдықтарынан құралады.
1. Республикалық бюджеттен саяси партияларды қаржыландырудан кірістер 5 247 042 мың теңгені құрады.
Мемлекеттік қаржыландыру Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2009 жылғы 3 қыркүйектегі № 166/314 қаулысымен бекітілген Саяси партияларды қаржыландыру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бюджет қаражаты сайлау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Мәжілісінде ұсынылған барлық саяси партияларға жыл сайын бөлінеді. Бюджеттік қаражаттың мөлшері сайлаудың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партиялар үшін дауыс берген сайлаушылардың әрбір дауысы үшін ең төменгі жалақы мөлшерінің 3 пайызы есебімен айқындалады.
2. Партиялық жарналардан кірістер 2 346 898 мың теңгені құрады. Ай сайынғы партиялық жарналар 2018 жылы партияның Жарғысымен келесі мөлшерде белгіленген:
еңбекке жарамды жастағы жұмыс істейтін азаматтар – «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша тиісті қаржылық жылға бекітілген айына ең төменгі жалақы мөлшерінің 1%-ы (282,84 теңге) және партия мүшесінің қалауы бойынша одан да жоғары;
студенттер, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тыңдаушылары – «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша тиісті қаржылық жылға бекітілген айына ең төменгі жалақы мөлшерінің 0,1% (28,3 теңге) және партия мүшесінің өз қалауы бойынша одан да жоғары.
Зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар, сондай-ақ бала күтімі бойынша демалыстағы адамдар мүшелік партиялық жарналарды төлеуден босатылған.
3. Демеушілік және қайырымдылық көмектің сомасы 405 226 мың теңгені құрады. Заңнамаға сәйкес партияға қайырымдылық тек Қазақстан Республикасының азаматтарынан және мемлекеттік емес ұйымдарынан қабылданады.
4. Салымдар бойынша сыйақылар сомасы 1 145 962 мың теңгені құрады. Барлық салымдар Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған. Шетелдік банктерде партияның есепшоттары мен салымдары жоқ.
5. Жалға беруден алынған кірістер 757 642 мың теңгені құрады.
6. Өзге кірістер 427 мың теңгені құрады.
II. 2018 жыл бойынша
шығыстар
Партияның шығыстары 8 972 430 мың теңгені құрады, оның ішінде:
1. Еңбек ақысын төлеу және әлеуметтік төлемдер бойынша шығыстар 4 293 752 мың теңгені құрады. Бұл бапта Орталық аппарат пен партия филиалдарының штаттағы қызметкерлеріне, сондай-ақ техникалық персоналға еңбекақысын төлеу шығыстары көрсетілген. 2018 жылғы 31 желтоқсан бойынша партия қызметкерлерінің штаттық саны 1 202 бірлікті (Орталық аппарат және 247 филиал) құрады.
2. Негізгі құралдарды және материалдық емес активтерді ұстау мен қызмет көрсетуге арналған шығыстар 1 299 108 мың теңгені құрады. Аталған бапқа негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді ұстауға арналған шығыстар, коммуналдық шығыстар, ғимараттарды ағымдағы жөндеу, қызмет көрсетуші персоналға ақы төлеу, запастар мен материалдар, банк қызметтері, ғимараттардың қауіпсіздігі бойынша шығыстар, көлік қызметтері және өзге де шығыстар кіреді.
3. Іссапарлық шығыстар 134 739 мың теңгені құрады. Бұл бапта Орталық аппарат пен партия филиалдары қызметкерлерінің жол жүру, тәуліктік және тұру шығыстары көрсетілген.
4. Жалға алу ақысына арналған шығыстар 4 377 мың теңгені құрады, бұл партия филиалдары үшін үй-жайларды және автокөліктерді жалға алумен байланысты.
5. Байланыс қызметтеріне арналған шығыстар 92 357 мың теңгені құрады. Бұл бапқа интернет қызметіне, Орталық аппарат пен партия филиалының жергілікті және қалааралық байланысына жұмсалатын шығындар енгізілген.
6. Сақтандыру және консультациялық қызметтерге арналған шығыстар 10 985 мың теңгені құрады.
7. Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер 598 631 мың теңгені құрады. Бұл бапта салық заңнамасына сәйкес корпоративтік табыс салығын, қосымша құн салығын, көлік, мүлік, әлеуметтік, жер салығын төлеу, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша шығыстар көрсетілген.
8. Іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге арналған шығыстар 501 596 мың теңгені құрады. Бұл бапта Орталық аппарат пен партия филиалдарының партиялық іс-шараларын, оның ішінде бастауыш партия ұйымдарының республикалық және өңірлік форумдарын өткізуге жұмсалатын шығыстар көрсетілген.
9. Ақпараттық сүйемелдеуге арналған шығыстар 560 060 мың теңгені құрады. Бұл тармақта партия қызметін ақпараттық қолдау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында тапсырыстарды орналастыруға жұмсалатын шығыстар көрсетілген.
10. Еншілес ұйымдарды қаржыландыруға арналған шығыстар 565 444 мың теңге сомасын құрады және оған Nur Otan партиясының Cтратегиялық бастамалар институты» мен Nur Otan партиясының Саяси менеджмент академиясы» жеке мекемелерін қамтамасыз ету кіреді.
11. Демеушілік және қайырымдылық көмек шығыстары 461 304 мың теңгені құрады. Бұл қаражат Jas Otan Жастар қанаты қоғамдық бірлестігіне IV съезін, сондай-ақ, English for Jastar, «Сәтті қадам», «Гүлдене бер туған ел», Digital Nation, «Сакральный Казахстан», «Серпін-жастары» жастар партиялық жобаларын іске асыру, республикалық жастар саяси лагерін өткізу, тақырыптық диалог алаңдарын және басқа да шараларды ұйымдастыру үшін бағытталды.
12. Күрделі салымдар 189 638 мың теңгені құрады. Бұл бапта ұйымдастыру техникасын, материалдық емес активтерді сатып алуға, сондай-ақ «Литер» және «Айқын» газеттерінің редакциясын Алматы қаласынан елордаға көшіруге жұмсалған шығыстар көрсетілген.
13. Партияның атрибутикасына арналған шығыстар 69 689 мың теңгені құрады. Бұл бапта партиялық билеттерді, партияның логотиптері бар жалауларды және өзге атрибутиканы шығаруға және жаңартуға арналған шығыстар көрсетілген.
14. Өзге шығыстар 190 750 мың теңгені құрады. Бұл бапта полиграфиялық қызмет және Орталық аппарат пен партия филиалдарының өзге шығыстары көрсетілген.