Рияд Марез «Лестер» ертегісін «жазғандардың» бірі. Футбол-күнделігінде жақсы деген баға бар. Былтыр «Манчестер Ситиге» ауысты. Гвардиоладан бестік алам деп келген. Алғашқы маусым клуб үшін сәтті болғанымен, жекелей тұрғыда қанағаттанарлық. Биылғы маусымда Бернарду Силва алған бағадан үмітті.
Әке арманы
Рияд Марез Францияның Сарселс қаласында дүниеге келген. Арғы тегі алжирлік болған соң, еліне жиі барып тұратын. Зинедин Зидан да – Сарселстен шыққан футболшы. Риядқа Зидан футбол мотивациясы еді.
Әкесі Ахмед ұлының футболға деген махаббатын оятқан. Марездің футболшы болуын қалаған да өзі. Өйткені кезінде Францияның кішігірім клубтарында доп тепкен. Қым-қуыт тіршілікке қарамастан, баласының әр ойынын тамашалауға келетін. Марез 15-ке толғанда әкесі жүрек талмасынан қаза табады. Жақынының қазасы ауыр тиеді. «Әкемнің қазасынан соң, салмақты бола бастадым. Бұл кезеңді Kickstart деп атадым. Бәрін қайта бастауға тиіс болдым» дейді ойыншы.
Рияд Марез жасөспірім шағында физикалық тұрғыдан әлсіз болған. Бапкері алаңда ілбіп жүріп, кәсіби футболда ойнай алмайсың дейтін. Марез сұхбатында «Маған өте арықсың, техникаң тәуір болғанымен, физикаң әлсіз деді. Жылдамдық жетіспейтін. Бірақ әрқашан барынша жаттығуға тырысатынмын» деп бала кезін еске алған. Бірде Марезге менеджері кеңес береді. Кішкентай әрі арық болсаң, алаң сені билейтінін айтады. Қарсыластың қомында кететінін ескертеді. Күш жетпеген соң ақылды іске қосуды ұсынады. Қарсыластан қашықта сақтана ойнау қажетін үйретеді.
Әкесі қайтқан 4 жылдан кейін Марез Quimper клубымен келісімшартқа отырады. 19 жасар ол Поль Погбаның ағасы Матиас Погбамен доп тебеді. Ескі қала болашақ футбол жұлдызына тарлық ететін. Quimper-дегі ойыны үшін ПСЖ мен Марсель «құда түскен». Алайда футболшы «жоқ, рақмет» деп жауап қайырады. Quimper-де 27 ойын өткізіп, 1 гол соғады. Жалақысы мардымсыз болатын. Жақсы ұсыныс түссе қабылдауға дайын еді. Сөйтіп, «Гаврдың» әуесқойлар құрамына ауысады.
«Гавр» сапында 4 маусым ойнайды. 4 маусымда 4 бапкерден дәріс алады. Бұл Марезге кәсіби түрде өсуге көмектеседі. 57 ойында 24 гол соғады. Негізгі құрамға ауысуға жеткілікті нәтиже.
Лига 2-де Риядтың ойын темпі өзгереді. 2012/13 жылғы маусымда 5 гол соғады. 2013/14 жылы да осы көрсеткішті қайталайды. Дегенмен даму жолын іздейді. Мақсаты – ойын жүйесін шыңдау. Марезге атақты клубтағы қосалқы құрам қажет болмады. Діттегеніне жету үшін түрлі басқыштан өтті. Соңында, 2014 жылы күллі Еуропа Марез есіміне қанық болды.
Лестерге саяхат
Бірде менеджері Вахид оған «Лестер Сити» клубы қатарға қосқысы келетінін жеткізеді. Бастапқыда ол «Лестерді» регби клубы екен деп ойлайды. «Лестер» ол кезде нағыз ағылшын футболынан қашық еді. Чемпионшипте өнер көрсететін. Клубтың барын санаулы адамдар білетін. Рияд келіседі. 2014 жылы қаңтарда «Лестер Ситимен» келісімшартқа қол қояды. Клуб жайында «Лестерге» келгенімде команда аурасының жақсы екенін байқадым. Келісім үшін өкінбеймін. «Лестер» – доп тепкен үздік клубтарымның бірі» дейді.
Клубқа келген алғашқы маусым сәтті өтеді. «Лестер» ағылшын премьер-лигасына жолдама алады. Бұл даңғыл жолдың басталуы еді. Өйткені алдында тосынсый күтіп тұрған. Премьер-лигадағы алғашқы маусымда 4 гол соғады. Мойымайды. Себебі, келер маусым Марез жылы боларына іштей дайындық жасайды. АПЛ алпауыттарына дес бермеген Раньери шәкірттері лига чемпионы болады. 2015-2016 жылғы маусым Марезге сәттілік сыйлайды. Ол ағылшын футболындағы үздік ойыншы аталымын жеңіп алған алғашқы алжирлік әрі африкалық ойыншы атанады.
Маусым соңында «Лестерге» «Арсеналдан» Марезге қатысты ұсыныс түседі. Алайда ол «Лестермен» келісімшартын ұзартады. «Лестерде» барлығы 179 ойын өткізеді. 48 гол соғып, 38 нәтижелі пас береді.
Манчестер биігі
2018 жылы 60 млн фунтқа «Лестерден» «Манчестер Ситиге» ауысады. 2018/19 жылғы маусымда 27 матч өткізеді. 7 гол соғып, 4 ассист жасайды. Клубқа келген бетте «Манчестер Ситимен» Чемпиондар лигасына қол жеткізгісі келетінін айтады. Алайда ЧЛ-де ширек финалдан Манчестерге қайтады. Баспасөз мәслихаттарының бірінде «МанСити» Чемпиондар лигасын биыл алмаса да, келер жылы күресетін болады» дейді.
«Манчестер Сити» бір жылда 4 трофей еншілейді. Бұл – тарихи көрсеткіш. АПЛ, Англия кубогы, Лига кубогы мен Англия суперкубогын жеңіп алады. Соңғысын 4 тамыз күні «Ливерпульмен» ойында олжалайды. Марез бастаған Гвардиола шәкірттерінің ендігі аялдамасы – Чемпиондар лигасы. «Сити» коллекциясына жетпей тұрған да – осы трофей. Марездің де «МанСитиге» келгендегі мақсаты – айқұлақты кубок.
2018/19 жылғы маусымда «Сити» сапында жиі бой көрсеткен жоқ. Осыған қарап ойыншы басқа клубқа ауысады екен деген қауесет шықты. Мұны Марез бен Гвардиола жоққа шығарды. Әрине, Марез үшін Манчестер биігін бағындыру оңай емес. Алайда табанды ойыншы барынша тырысатыны анық.
Алжир
Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойыны 2014 жылы өтеді. Мамырдағы ойын жүйесі бапкерге ұнап, мундиальға баратын құрамға кіреді. Бразилияда тек бір ойынға қатысады. 23 жастағы ойыншы үшін Әлем чемпионаты айрықша тәжірибе болады.
АПЛ-де жеткен жетістігі мен Алжир құрамасындағы орны үшін Марезді «Алжир маржаны» деп атайды. Шынымен де, биылғы Африка кубогінде Марез атына заты сай өнер көрсетеді. Жартылай финалда 95-минутта айып соққысынан гол соғып, Алжирді финалға алып шығады. Алжир финалда «Сенегалды» 1-0 есебімен ұтып, Африка кубогын иеленеді. Осылайша, Марез маусымды үздік аяқтаған футболшылар қатарына кіреді.
Сенім
Марез Quimper-де жүрген кезінен қайырымдылықпен айналысады. Жалақысының белгілі бір бөлігін арнайы қорға аударады. Немесе балалардың еміне жұмсайды. Бірде ол 14 жастағы Мәриям Равелдің бала арманын орындайды. Ол да әкесінен ерте айырылған жеткіншек болатын. Мәрияммен кездесіп, қолтаңбасы бар жейдесін сыйлайды.
Марез достарымен бірге пицца дайындағанды ұнатады. Егер футболшы болмағанда, Рияд міндетті түрде пиццерия ашатын еді. Мінезіндегі шектен тыс сенгіштігін ұнатпайды. Жалғыз қалғанды, музыка тыңдағанды, ұйықтағанды жақсы көреді.
Марез – талантты футболшы. «Ситиде» қосалқы құрамда отыр деп сөгетіндерге мән бермеуге тырысады. Себебі, ол Гвардиоладан тәлім алу үшін Манчестерге келді. Испан маманынан үйренері көп. Пеп те дарынды ойыншыға жол көрсетері анық.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ