Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова, облыстық мәслихаттың аудандық №17 сайлау округінен сайланған депутат Әлімбек Жұмабаев «Бауыржан Момышұлы» бастауыш партия ұйымында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға алғаш болып Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Айсұлу Садықова келді. Ол жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығы бойынша балабақшаға жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді өтініп келіпті. Қабылдауға қатысып отырған Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова Айсұлудың бұған дейін аудандағы «Аягүл» балабақшасында бос орын бар дегенді естіп, оған орналасуға көмектесу үшін партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқанын айтып өтті. Ал Үміт Ибраимова мен Әлімбек Жұмабаев Айсұлу Садықовадан мамандығының сұрап отырған жұмысына сәйкестігін сұрады. Мамандығы – мектепалды даярлық тобының мұғалімі. Яғни, балабақша тәрбиешісі мамандығына сәйкес келмейді. Дегенмен қабылдауға арнайы шақырылған аудандағы «Аягүл» балабақшасының меңгерушісінен мекемеде бос орынның бар-жоғын сұрады. Ол балабақша әдіскерінің уақытша бала күтіміндегі демалыста екенін, орнына уақытша жұмыскер қабылданғанын, мекемеде бос жұмыс орны жоғын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген азаматша баласына «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетуді сұрады. Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жеткіншектің оқуда озат әрі зерек екеніне тоқталды. Абайдың өлеңдерін жатқа оқитынын айтып, жаңа оқу жылында балаға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету керегін айтты. Облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаев мұндай озат оқушыны қолдау қажетін айта келе, өз демеушілігімен озат оқушыға жаңа оқу жылына керек барлық киім-кешек, оқу құралдарымен қамту үшін жәрдем жасады. Қоғамдық қабылдауды Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова қорытып, партия өзінің сайлауалды бағдарламасында азаматтардың арыз-шағымдарына сергек қарауды негізгі жұмыс бағыттарының бірі етіп алғанын, оған қоғам мен мемлекеттік органдардың көңілін аудара отырып, тиімді шешім қабылдауды ары қарай да назарда ұстай беретінін жеткізді.
Жамбыл облысы