Мектеп жасындағы бүлдіршіндерге жаңа оқу жылы басталар алдында қуаныш сыйлап, оқушыларды керек-жарағымен қамтып келе жатқан акция биыл да жалғасын тапты. Nur Otan партиясының елордалық филиалы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Балаларды мектепке дайындайық» атты шара өткізді.
Республикалық акция барысында 150 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 1 қыркүйекке орай сыйлық ретінде мектепке қажетті оқу құралдар мен сөмке сыйға тартылды.
Айта кетейік, партия мүшелері елордалық меценаттармен бірге акция аяқталғанға дейін 1 500-ден астам баланы жаңа оқу жылына дайындауды жоспарлап отыр.
– Партия бизнес қауымдастығы өкілдерін «Баланы мектепке дайындайық!» акциясына белсенді қатысуға шақырады. Бұл акция бүгінде «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі іс-шараға айналды. Қайырымдылық шарасы – балаларды оқуға дайындауға мүмкіндіктері келмейтін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмектесуге таптырмас мүмкіндік әрі еліміздегі ең жақсы республикалық акциялардың бірі. Акция аясында аула бойынша жүргізілген рейд барысында анықталған материалдық көмекке мұқтаж жандар да назардан тыс қалмайды, – деп атап өтті Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов.
«Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясының мақсаты – қаржылық қиыншылықтары бар отбасыларға мүмкіндігінше атаулы әлеуметтік қолдау көрсету, балаларды мектепке дайындауға көмектесу. Акция еліміздің барлық аймағында өтіп, осы айдың соңына дейін жалғасады. Мектепке дайындық шарасы бойынша көмек алғысы келетін отбасылар партияның елордалық филиалына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жүгіне алады.