Талдықорғанда құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Басты мамандығы құрылысшы әрі ұзақ жылдар осы салаға жетекшілік еткен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, үздік құрылысшыларды марапаттады.
«Құрылыс пен сәулет өнері – адамзат пен бірге жасасып келе жатқан ежелгі кәсіптердің бірі әрі бүгінгі заманымыздың маңызды саласы. Осы салада еңбек ететіндер құрметті мамандықтың мәртебесін асырып келеді. Қоғам өзгеріп, дамыған сайын құрылысшы атты құрметті мамандыққа деген қажеттілік пен сұраныс артып келеді. Соған сәйкес құрылыс индустриясы да дамып, жетіле түсуде. Осы орайда құрылыс саласында еңбек етіп жүрген сәулетші, жобалаушы, инженер, тас қалаушы, сылақшы сияқты тағы басқа көптеген кәсіп иелерінің әрқайсысы экономикамыздың дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына зор үлес қосып отырғанын айрықша атап өткен жөн. Соңғы жылдары Алматы облысында құрылыс саласы қарқынды даму үстінде. Басқаны айтпағанда, облыс орталығы Талдықорған қаласының келбеті, сәні мен сәулеті артып, ерекше көз тартады. Облыс аумағындағы сәнді әрі сәулетті ғимараттар, қолайлы жолдар, жаңадан бой көтерген шағынаудандар, жасыл желекті саябақтар – осының бәрі де сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасы. Оның игілігін бүгінде халық көріп отыр. Сол үшін сіздерге барша жетісулықтардың атынан ризашылығымды білдіремін» деді А.Баталов өзінің құттықтауында.
Облыс басшысы өңірдегі құрылыс саласының даму бағыттары, соның ішінде «Нұрлы жер», «7–20–25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы, әлеуметтік нысандар тұрғызу, жол жөндеу мен салу, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту шараларына да егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Биыл құрылыс саласына 101,3 млрд теңге бөлініпті. Осы қаржының ішінде 784,5 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қарастырылған қаражат та бар. Жоспарлы жұмыстар арқасында осы көлемнің 364,8 мың шаршы метрі бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілді. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржылай қолдаудың арқасында 8 білім беру мекемесі, 10 денсаулық сақтау нысаны, 4 денешынықтыру-сауықтыру кешені, ішкі істер органдарының 18 нысаны пайдалануға беріледі. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасында айтылған студент жастарды жатақханамен қамту тапсырмасына сәйкес облыста 1 930 орынды жатақханалар құрылысы жоспарланған.
Халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту барысында да үлкен жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы көрсеткіш 91%-ға жеткізіледі. Сонымен бірге, өңірдегі 20 ауданның 15-інде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жүргізілуде. Соның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласын газдандыру 2020 жылы аяқталып, 55 мың абонент көгілдір отынға қосылады.
Облыс әкімі өңір құрылысшыларының былтыр жаңадан құрылған Райымбек ауданын көркейтуге, биыл апат садарынан қираған Арыс қаласын қалпына келтіруге үлестерін қосып жатқанын да тілге тиек етіп, барша құрылысшыларға мықты денсаулық, толағай табыс, еңбекте жетістіктер тіледі. Құрылыс саласының үздік мамандарын марапаттады. Бірқатар мемлекеттік мекемелердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлеріне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғысхаттары табысталды.
Алматы облысының Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов, «Алматы Prodaction Construction & Invest» ЖШС атқарушы директоры Нұрсұлтан Жұмабек, «НСК Астана Құрылыс» АҚ президенті Қайрат Сандықпаев, «Талдықорған жолдары» ЖШС техникалық өндіріс бөлімінің жас маманы Алмас Ақжалбеков әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, лебіздерін білдірді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы