Бес күн ішінде жол жүру ережелерін бұзудың 2 725 дерегі анықталған. Қауіпсіздік белбеуін тақпаудың – 459, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесудің – 383 және жылдамдықты асырудың 298 фактісі тіркелді. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысында өткізілген «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысының нәтижесі.
Бұл бес күнде ғана орын алған құқықбұзушылық және бір ғана облыс аумағында болып отыр. Ал осындай әрекеттер кесірінен қаншама адам өліп, мүгедек болып қалуда. Осыдан барып, «Қауіпсіз жол» рейдтерінің берері мол екеніне көз жеткізе түсеміз. Осындай шаралар еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатыр. Мысалы, Түркістан облысында шара нәтижесінде, жыл басынан мас күйінде көлік айдаған 500-ге тарта жүргізуші анықталған. Шардара ауданында учаскелік полиция инспекторы И.Дәуірбаевқа жергілікті тұрғын белгісіз біреу жол ережесін бұзып, мас халде көлік басқарып жүргені жайлы хабарлаған. Құрықталған жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылғаны, бірақ соған қарамастан, масаң күйде рульге қайта отырғаны анықталып, Қылмыстық кодекстің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркеліп, сотқа жолданған.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Думан Таев: «Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік апаттарының алдын алу, жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау. Бес күнде жолда жүру ережелерін бұзудың 2 725 дерегі анықталды. Қауіпсіздік белбеуін тақпаудың – 459, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесудің – 383 және жылдамдықты асырудың 298 фактісі тіркелді. Бұдан басқа, полицейлер рульге мас күйде отырған 46 жүргізушіні ұстаған. 352 бұзушылық – жүргіншілерге қатысты. Жалпы СҚО-да жыл басынан мас күйде көлік тізгіндеген 750 адам жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 561 тұрғын бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйде қайта рульге отырған. Олардың 133-і соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынды», – дейді.
Ал Ақмола облысының жолдарында жыл басынан бері 281 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның нәтижесінде, 34 адам қаза болып, 390 адам түрлі жарақат алған. Мас жүргізушілердің кінәсінен 24 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тапса, 31-і түрлі жарақат алды. Көкшетауда зияткерлік бейнебақылау жүйесінің көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 6 700-ден астам фактісі анықталды. Бес жылдан бері Көкшетау қаласының 6 қиылысында «ақылды қиылыстар» жұмыс істейді. Осы жылдың алты айында Көкшетау қаласының Уәлиханов көшесі – Н.Назарбаев даңғылы, Н.Назарбаев даңғылы – Әуелбеков көшесі, Н.Назарбаев даңғылы – М.Әуезов көшесі, Ш.Уәлиханов – Кенесары көшелері, Ш.Уәлиханов көшесі – Абылай хан даңғылының зияткерлік қиылысында жылдамдық өлшегіштің арқасында 6 741 жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде тоқтау сызығынан өту – 635, бағдаршамның қызыл сигналына өту – 86, жылдамдық режимін сақтамау бойынша 6 020 факт тіркелген.
«Ақмола облысының жолдарында апатты жағдай орын алып жатыр. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзумен байланысты. Атап айтар болсақ, жылдамдық режимін сақтамау, қарама-қарсы бағытқа шығу, көлікті мас күйде жүргізу және тағы да басқа жол ережелерін өрескел бұзуға жол беруде», – дейді ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ризахмет Жанбеков.
Алматыда Vision Zero Almaty концепциясы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары іске асып жатыр. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша мегаполисте жыл аяғына дейін «Сергек» фото-видеофиксациясының тағы 707 посты қосымша орнатылады. Олардың 400-і – қиылыстарға, ал 307-сі жол жиегіндегі желі учаскелеріне ілінеді. Бұл жүйе жылдамдықтың артуын, қызыл жарықтан өтіп кетуді, тұру-тоқтау желісін ескермеуді және автобус жолағымен жүруді бірден суретке түсіреді. Бұдан өзге, жаңа технологияны пайдалану қылмыстың ізін суытпай, жедел ашуға ықпал етеді.
Айтайын дегенім, осындай «Қауіпсіз жол» сынды рейдтерді күнде өткізіп отырса жолда жүру мәдениеті де жақсарып, жол-көлік оқиғалары едәуір азаяр еді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ