Елордада шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының Х мерейтойлық турнирі мәресіне жетті. Қазақстан хоккей федерациясы мен Nur Otan партиясының қолдауымен өткен спорттық шараға ҚХЛ Шығыс конференциясынан: Қазаннан «Ак барс», Уфадан «Салават Юлаев», Екатеринбургтен «Автомобилист», Нижнекамскіден «Нефтехимик» және Нұр-Сұлтан қаласынан «Барыс» клубтары қатысты.
Төрт ойында да қарсыластарынан басым түскен «Барыс» турнир жеңімпазы атанды. Олар «Ак Барсты» – 6:1, «Нефтехимикті» – 5:3, «Автомобилисті» – 3:2 есебімен жеңді. Ал соңғы ойында «Салават Юлаев» алаң иелеріне буллит сериясы бойынша – 2:1 есебімен жол берді.
Айта кетейік, 10 жыл ішінде елордалық клуб Президент кубогын осымен бесінші рет иеленіп отыр. Екінші орын Екатеринбургтің «Автомобилист» командасына бұйырса, үздік үштікті «Ак Барс» командасы түйіндеді. Соңғы екі орынды «Салават Юлаев» және «Нефтехимик» командалары өзара бөлісті. Елордалық клуб бұдан бұрын бұл турирде төрт (2010, 2011, 2013, 2015) мәрте чемпион атанған. Ал СКА, «Авангард», «Металлург», «Нефтехимик» және «Амур» командалары Президент кубогын бір реттен жеңіп алды.
Бұл турнирде «Барыстың» бабы жарап, бағы жанды. Алғашқы ойында-ақ «Ак барстың» адымын аштырмай, қарсыластар қақпасына алты шайба соқты. Келесі кездесуде де білгенінен жаңылмады. Үшінші матчта әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ұпайдан шашау шығармаған «Барысқа» кубок иегері атану үшін соңғы ойында тек ірі есеппен жеңіліп қалмау керек болды. Сол үшін болар алаң иелері өзге ойындармен салыстырғанда бұл матчта көп күш жұмсамады. Керісінше, «Салават Юлаев» тәп-тәуір ойнады. Шабуылда да белсенді болды, қорғаныста да сақ ойнады. Бір сөзбен айтқанда, Уфа қаласынан келген команда «Барысқа» тегеурінді қарсылық көрсетті. Шешуші ойынға жиналған жергілікті жанкүйерлер «Барыс» қақпасының маңында ұйымдастырылған әр қауіпті шабуыл үшін алаңдап, қарымта шабуыл кезінде барыстықтарға үлкен үміт артып отырды.
Әдеттегідей алғашқы шайбаны алаң иелері соқты. Бірінші кезеңнің 12-минутында «Барыс» хоккейшілері алға шықты. Шайба Никита Михайлистің еншісіне жазылды. Оған 22-минутта уфалық хоккейші Максим Майоров бір шайбамен жауап қайырды. Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Овертаймда қарсыластар қанша тырысса да, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Буллитте «Барыстың» бағы жанды.
Кездесуден соң уфалық «Салават Юлаев» командасының бас бапкері Николай Цулыгин Қазақстан Президентінің кубогы турнирі туралы ойымен бөлісті.
– Барлық ойындар жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылар да жарыстың жақсы өтуіне барын салғаны көрініп тұр. Алаң иелері де жанкүйерлерінің үмітін ақтауға тырысып бақты. Бір сөзбен айтқанда, турнирге қатысқан барлық команда жақсы ойын көрсетті. Олардың жарысқа үлкен дайындықпен келгені ойын кезінде де анық байқалды, – дейді Николай Цулыгин.
Ал «Барыс» лидері Даррен Диц жарыс кезінде командаға қолдау білдірген жанкүйерлерге алғысын білдірді.
– Көңіл күй керемет. Жанкүйерлерге үздік қолдауы үшін көп-көп рақмет. Бес күнде төрт ойын өткіздік. Турнирде қарсыластарымыздан басым болып, Президент кубогын жеңіп алдық. Бұл – маусым алдындағы турнир болғанымен, біздің команда үшін үлкен, керемет жетістік. Бастысы, сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіс тұғырынан көріндік. Алда жолдастық кездесулер, содан соң КХЛ ойындары басталады, – деп атап өтті Даррен Диц.
Турнир қорытындысы бойынша жеке номинациялар бойынша үздік ойыншылар марапатталды. Атап айтар болсақ, Эдуард Паскуале («Барыс») – үздік қақпашы, Даррен Диц («Барыс») – үздік қорғаушы, Родион Амиров («Салават Юлаев») – үздік шабуылшы, Дастин Бойд («Барыс») үздік бомбардир атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарды Премьер-министр, Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тапсырды.
Айта кетейік, 14 тамыз күні «Барыс» Швейцарияға оқу-жаттығу жиынына аттанады. Онда бірнеше командалармен жолдастық матч өткізіп, жаңа маусымға дайындықтарын пысықтайды. Команда Нұр-Сұлтанға 25 тамызда оралады.